Су инфрақұрылымын жаңарту жобаларына кешенді тексеріс қажет – Аббат Өрісбаев

/
Су инфрақұрылымын жаңарту жобаларына кешенді тексеріс қажет – Аббат Өрісбаев
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Аббат Өрісбаев Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту бойынша депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынының төмендігі, суды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру тәжірибесі, сондай-ақ суды заңсыз пайдалану фактілері сынға алынды. Осыған байланысты Президент су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құруды тапсырды.

Су – стратегиялық маңызы бар ресурс. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі, экономиканың тұрақтылығы және су қауіпсіздігі оны тиімді пайдалануға тікелей байланысты», – деді Аббат Өрісбаев.

Депутатың сөзінше, сонымен қатар су қауіпсіздігі мәселелерін шешу тек цифрлық технологияларды енгізуді ғана емес, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануды, инфрақұрылымды сапалы жаңғыртуды және су үнемдеу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізуді талап етеді. Алайда қазіргі көрсеткіштер бұл бағытта елеулі проблемалардың бар екенін көрсетіп отыр

«Жоғары аудиторлық палатаның 2025 жылдың қорытындысы (бұдан әрі – Қорытынды) бойынша су шаруашылығы жүйесінде 5 681 нысан бар. Оның ішінде 82 су қоймасы, 4 099 канал, 84 гидротехникалық құрылыс және тік дренаждың 1 416 ұңғымасы бар. Бұл ретте жоспарланған 5 пайыздың орнына бар болғаны 208 нысан немесе олардың жалпы санының 3,7 пайызы ғана автоматтандырылған.

Қорытындыда атап өтілгендей, суару каналдарын жаңарту жоспары да орындалмаған. Жоспарланған 728,4 шақырымның орнына небәрі 496,5 шақырым канал жаңғыртылған. Жоспардың орындалмауына мердігермен жасалған шарттың бұзылуы себеп болған. Бұл жобаларды жоспарлау сапасына, мердігер ұйымдарды таңдау тәртібіне және шарттық міндеттемелердің орындалуын бақылауға қатысты сұрақтар туындатады», – деді ол.

Аббат Өрісбаев қаржы қаражатын пайдалану тиімділігі мәселесі де ерекше назар аударуды қажет ететінін айтты. 

«2025 жылы республикалық бюджеттен 728,4 шақырым каналды жаңғыртуға 3,269 млрд теңге қарастырылса, 2026 жылы сыртқы қарыз қаражаты есебінен 383,2 шақырымда жұмыстар жүргізуге 14,9825 млрд теңге жоспарланған.

Әрине, жұмыстардың техникалық сипаттамалары мен көлемі әртүрлі болуы мүмкін. Алайда қаржыландыру көлеміндегі мұндай елеулі айырмашылық, әсіресе мемлекеттің сыртқы қарыздарды қайтару жөніндегі міндеттемелерін ескерсек, ашық әрі экономикалық тұрғыдан негізделген түсіндіруді талап етеді.

Бұдан бөлек 2026 жылы автоматтандырылған нысандар санын 881-ге дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл ретте енгізілген жүйелердің санын ғана емес, олардың іс жүзіндегі тиімділігін де бағалау маңызды.

Біздің пайымдауымызша, су саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижелілігі игерілген қаражат көлемімен және жаңғыртылған нысандар санымен емес, ең алдымен судың нақты шығынын азайтумен, сумен жабдықтау сенімділігін арттырумен және пайдалану шығындарын төмендетумен айқындалуға тиіс. Мұндай бағалау болмаған жағдайда қаржыландыру көлемінің өсуі су шаруашылығы инфрақұрылымының жай-күйі жақсаратынына кепілдік бермейді», – деді ол.

Ол су шаруашылығын жаңарту және цифрландыру жобаларына кешенді тексеру жүргізуді және су ресурстарын есепке алу мен бақылауды күшейтуді ұсынды.

1. Су шаруашылығын жаңғырту және цифрландыру жобаларына кешенді тексеру жүргізіп, жұмыстардың нақты орындалуын, бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігін, мерзімдердің бұзылу себептерін және орындаушылардың жауапкершілігін бағалау. Тексеру қорытындысы бойынша жобаларды аяқтау жөнінде нақты шаралар қабылдау.

2. Су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғыртуға көзделген бюджет шығыстары мен сыртқы қарыз қаражатының ашықтығын және экономикалық негізділігін қамтамасыз ету, жұмыстардың құнын және олардың нақты нәтижелілігін бағалау.

3. Су үнемдеу және су ресурстарын цифрлық есепке алу жөніндегі шараларды іске асыруды күшейту, судың көзінен бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауды қамтамасыз ету, су шығынын азайту және су шаруашылығы нысандарын жаңғырту тиімділігінің өлшенетін көрсеткіштерін енгізу», – деді депутат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар