Балаларды көлікке отырғызу, түсіру және ата-анасына табыстау тәртібін заң жүзінде бекіту қажет – Айжан Наимбекова

/
Балаларды көлікке отырғызу, түсіру және ата-анасына табыстау тәртібін заң жүзінде бекіту қажет – Айжан Наимбекова

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Наимбекова Премьер-Министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасоваға, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға білім беру ұйымдарына балаларды тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Әділет» партиясы сайлауалды бағдарламасында «Аула, көше және мектепке барар жол қауіпсіз болады» деген міндет қойды. Бұл – балалар мен ата-аналар алдындағы жауапкершілігіміз. Бүгінде балалар күн сайын балабақшаларға, мектептерге және спорт секцияларына тасымалданады. Алайда мұндай тасымал кезіндегі қауіпсіздік талаптары мен мемлекеттік бақылау тетіктері әлі де жетілдіруді қажет етеді. 2025 жылы жол-көлік оқиғаларынан 285 бала қаза тауып,
12 409 бала жарақат алған. Ал биылғы жылдың басынан бері 200-ден астам бала жол апатынан көз жұмған. 285 бала! Бұл – жай ғана сан емес. Әр санның артында баласынан айырылған отбасының қайғысы тұр. 2023 жылғы қазанда Түркістан қаласында жеке балабақшаның тәрбиеленушілерін тасымалдаған жүргізуші бес жастағы баланы үйінің жанында түсіріп, кейін байқамай көлікпен қағып кеткен. Бала көз жұмды. Ата-анасы баласын балабақшаға сеніп тапсырды. Бірақ ол үйіне қайта оралмады. 2024 жылғы тамызда Ақтөбе облысында жарысқа бара жатқан бес бала, ал 2026 жылғы сәуірде Түркістан облысында тағы үш бала жол апатынан көз жұмды. Екі жағдайда да сапар туралы құзырлы органдарға алдын ала хабарланбаған. 2026 жылы полиция тексерген үш мыңнан астам мектеп автобусының шамамен 400-інен техникалық ақаулар анықталған. Сонымен қатар, қараша айының басында әлеуметтік желіде Түркістан облысындағы жекеменшік балабақшаның 12 орындық көлігіне 30-дан астам бала отырғызылғаны туралы ақпарат тарады. Егер бұл ақпарат расталса, балалардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қатер төнгенін білдіреді», – деді ол.

Депутат сол себепті нақты шешімді қажет ететін төрт бағытқа тоқталды.

«Біріншіден. Балаларды көлікке отырғызу, түсіру және ата-анасына табыстау тәртібін заң жүзінде бекіту қажет.

Екіншіден. Балаларды тұрақты тасымалдайтын көлік құралдарының бірыңғай тізілімін құру қажет.

Үшіншіден. Министрліктердің құзыреті мен жауапкершілігін нақтылау қажет.

Төртіншіден. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмыс істейтін жекеменшік ұйымдарға да міндетті қауіпсіздік талаптарын енгізу керек.

Осыған байланысты Оқу-ағарту, Ішкі істер және Көлік министрліктерінен:

1. Балаларды ұйымдасқан және тұрақты тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін автомобиль көлігі саласындағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгізу жөнінде шаралар қабылдауды, бірыңғай көлік тізілімін қалыптастыруды және жол-көлік оқиғаларын жеке есепке алу мен талдау жүйесін енгізуді;

2. Жүргізушілер мен балаларды алып жүруге жауапты тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан нақтылауды;

3. Балаларды тасымалдау қауіпсіздігіне мемлекеттік бақылауды күшейтуді, министрліктердің өзара іс-қимыл тәртібін, ақпарат алмасу тетіктерін және осы шараларды орындау мерзімдерін айқындауды сұраймыз.

Біз бұл мәселені жаңа талаптарды көбейту үшін емес, балалардың өмірін сақтау үшін көтеріп отырмыз. Әрбір баланың өмірі бірдей құнды! Баланың қауіпсіздігі ұйымның мемлекеттік немесе жекеменшік болуына, тасымалдың ақылы не тегін болуына байланысты болмауға тиіс», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар