911
Ұлттық дәстүрді дәріптеген
Ұлттық дәстүрді дәріптеген
Өткен аптада ҚР Мемлекеттік орталық музейінде осы музейдің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультеті және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бірігуімен «III Арғынбаев оқулары. Қазіргі заман этнография ғылымы және оның қоғамдық жаңғырудағы рөлі» атты екі күндік Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында өткен ғылыми-тәжірибелік конференция Елбасының мақаласында айтылған қазақ қоғамын жаңғыртудың бірінші шарты өз мәдениетімізді, өз ұлттық кодымызды сақтау, қазіргі Қазақстан этнографиялық ғылымына үлкен жауапкершілік арта отырып, жаңғыртуды табыспен іске асырудың алғышарттары – тарихи тәжірибелеріміз бен үздік ұлттық дәстүрлерімізге сүйену мәселелерін өзіне ғылыми негіз етіп алды. Конференция жұмысының негізгі бағыттары ретінде мына мәселелер алынды:
Отандық этнология ғылымының тарихы;
Қазіргі Қазақстан этнология ғылымының өзекті мәселелері;
Этнология және оған байланысты ғылымдар: тарих, археология, көркемөнер, фольклортану және т.б.
Музей және Қазақстандағы музей үрдісі;
Қазақстандық өлкетану: «Туған жер» бағдарламасы аясындағы жаңа импульс.
Конференция аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор Халел Арғынбаевтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қорында сақталған жеке заттары мен құжаттарының көрмесі ұйымдастырылып, келушілердің назарына ұсынылды. Республикамыздың этнологтарының күштерін біріктіру мақсатында Құрылтай мәжілісі мен Республикалық этнологтар мен антропологтар қауымдастығы құрылды. «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі». 5 томдық энциклопедия (Ғылыми редактор және жоба жетекшісі Нұрсан Әлімбай. – Алматы: «Әлем Даму Интеграция» ЖШС, 2017) ғылыми басылымының тұсаукесері өтті.
Сондай-ақ, конференция аясында этнография ғылымының соңғы 10 жылдықта жеткен жетістіктерін баяндайтын кітаптар көрмесі, бірқатар жаңа шығарылымдардың тұсаукесері, плакаттар көрмесі болып, ғылыми әдебиеттерді тарату және айырбастау орындары жұмыс жасады.
Конференцияға этнологтар, тарихшылар, мәдениеттанушылар, фольклористер, өнертанушылар, археологтар, ғылыми-зерттеу ұйымдары мен музей қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Конференция қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жүргізілді.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияға еңбектері негіз болып отырған Халел Арғынбаев 1924 жылдың 21 қыркүйегінде Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Тарих ғылымдарының докторы (1976), профессор (1982). Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1951 жылы ҚазПИ-ді (қазіргі Абай атындағы ҚазҰПУ) бітіргеннен кейін Талдықорған облысы, Жаркент қаласында педагогикалық училищеде мұғалім, 1957 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясының Тарих, археология және этнология институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, этнологиялық бөлімінің меңгерушісі, институттың бас ғылыми қызметкері болды. Өмірін қазақ халқының тарихи этнографиясын (көшпенділік, мал шаруашылығы, қолөнері, оқу-ағарту, отбасы) зерттеуге арнап, осы саланың дамуына зор үлес қосты. 200-ден астам ғылыми еңбектер, бірнеше ғылыми монографияларды жарыққа шығарды. 1959-1976 жылдар аралығында Қазақстанның көптеген облыстарына арнайы ұйымдастырылған этнографиялық экспедицияларға басшылық жасады. Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиялық атласын жасауға атсалысты. «Қазақ малшаруашылығының этнографиялық очеркі» (1969), «Қазақ халқының семьясы, некесі» (1973), «Қазақ халқының қолөнері» (1987), «Қазақ отбасы» (1996) атты құнды ғылыми-этнографиялық еңбектері басылып шыққан.