КАҺАРМАН ҚАСЫМНЫҢ ЕКI АРМАНЫ

КАҺАРМАН ҚАСЫМНЫҢ ЕКI АРМАНЫ

КАҺАРМАН ҚАСЫМНЫҢ ЕКI АРМАНЫ
ашық дереккөзі
821

Қасым ақсақал, халқымыздың хас батыры Қасым Қайсенев менi көрсе:

– Әй, Ауған! – деушi едi күндей күркiреп. Неге екенi белгiсiз, Қасым ақсақалдың осы “Әй, Ауған” дегенi маған “қарағым, шырағымнан” әлдеқайда жақын әрi жылы естiлетiн. Мұның сырын да Қасым ақсақалдың өзi түсiндiрiп берiп едi маған: – “Балықшы балықшыны алыстан таниды” деген орыстың мәтелiн бiлетiн шығарсың. Сол сияқты, майдангер де майдангердi алыстан таниды. Бiз иiскеген оқ-дәрiнi сендер де иiскедiңдер. Уақыты бөлек болғанымен, соғыстың табиғаты бiр ғой. Бiз көрген қанды қасаптың шет-жағасын сендер де көрдiңдер. Ойбу, шет-жағасын деймiн-ау, қазiр Ауғанстандағы соғыстың қалай болғаны ашық жазылып жүр емес пе, сендер де қанды қасаптың қақ ортасында жүрiпсiңдер ғой. Бiрақ мен мынаны түсiнбей жүрмiн. Сендердi “Ауған соғысының ардагерi” дейдi. Ал мына бiздi “Ұлы Отан соғысының ардагерi” дейдi. “Ауған соғысы ардагерiнiң мәртебесiн неге Ұлы Отан соғысының ардагерi мәртебесiне теңестiрмеске?!” деп, бiр топ Ауған соғысының ардагерi газетке мәселе көтерiптi. Мен бұған толық қосыламын. Ауған соғысы ардагерiнiң мәртебесiн Ұлы Отан соғысы ардагерiнiң мәртебесiмен теңестiрген жөн. Ауған соғысы ардагерлерiнiң зейнетақысы бар болғаны 2-ақ мың теңге екен. Бұл – ұят. Олар да Отан үшiн, Отанымыз үшiн соғысты ғой. Бұлай етуге болмайды. Мұны жасап отырғандар да – оқ-дәрiнiң иiсi мұрнына бармаған бозөкпелер ғой. Оқтың өтiнен, оттың ортасынан келген майдангерлердi бұлай қорлауға болмайды. Егер Парламентке хат жазам десеңдер, мен қол қоюға әзiрмiн… Қайран, Қасекең! Қайран, аяулы ақсақал! Дәл қазiргi күнi Қасым ақсақалдың “Әй, Ауған!” деген дауысын қатты сағынып жүрмiн. А.С.Пушкин қаза болғанда Гоголь “Пушкин өлдi, күллi Ресей жетiм қалды!” демеп пе едi?! Аса iрi тұлғалар қайтыс болғанда елдiң де, ердiң де жетiмсiреп қалатыны да рас қой. Қасым ақсақал арамыздан кеткенде бiздер де, күллi Ауған соғысының ардагерлерi кәдiмгiдей жетiмсiреп қалдық…
* * *
 

Екi адамның бiрi: “Қасым Қайсенов – қаһарман!”, “Қасым Қайсенов – батыр!”, “Қасым Қайсенов – ержүрек!” деп жатады. Бiрақ осы анықтауыштардың мәнiне үңiлдiк пе? Шынында да, “батыр” деген кiм? “Батырлық” деген не?

Менiң өз ойымша, өз бағалауымша, батырлық дегенiмiз – ұлтқа айрықша қызмет ету. Батыр дегенiмiз – ұлтқа айрықша қызмет етудiң айрықша үлгiсiн көрсете бiлген адам. Қасым Қайсенов – ұлтқа айрықша қызмет етудiң үлгiсiн көрсеткен, көрсете алған, көрсете бiлген адам. “Қасым Қайсеновтың қадiрiн бiлгiң келсе, Украинаға бар!” деген сөз жазушылардың арасында мәтелге айналып кеткен. Неге? Қазақтың бiр топ атақты жазушылары (1960-шы жылдары) Украинаға бармай ма шығармашылық сапармен. Сонда көредi ғой қазақтың жазушылары Қасым Қайсеновтың аты Украинада қалай аңызға айналып кеткенiн. Ал Қасым Қайсенов Украинада қалай аңызға айналып жүр? Өйткенi, Қ.Қайсенов Украинадағы партизан отрядында соғысты. Соғыс Украина жерiнде жүргендiктен, партизандардың денi украиндықтар болғаны да белгiлi. Мiне, осы украиндықтарды Қасым Қайсенов өзiнiң өршiл мiнезiмен, ерен ерлiгiмен, асқан батылдығымен, қазақы қасиетiмен әбден мойындатады. Ақиқат қай кезде айтылады? Мойындалғанда ғана. Содан Қасым Қайсеновпен бiрге соғысқан украиндықтар Қасекеңнiң ерлiгi мен өрлiгiн өзгелерге, яғни үлкенi кiшiсiне, еркегi әйелiне, әйелi бүкiл деревняға, деревня күллi ауданға жайып, атақ-даңқын аспандатып жiбередi. Қасым Қайсеновтың Украинада жасаған ерлiгi айтылып та, жазылып та жүр. Мен ендi Қасекеңнiң, Қасым ақсақалдың өз аузынан өз құлағыммен естiген және осыған дейiн еш жерде жарияланбаған бiр оқиғасын баяндай кетейiн. Қасым Қайсеновтың отряды бiр топ полицейдi қолға түсiрiп, өздерiнiң ормандағы штабына алып келедi. Фашистерге қызмет етiп жүрген украиндық полицейлердi жергiлiктi украиндық партизандардың көпшiлiгi танитын болып шығады. Сол жерде сот құрылып, әлгi полицейлардың iстерi тексерiлiп, олардың қылмыстары айтыла бастайды. Қылмысы ауыр, өз ұлтын сатқан екi полицейдi партизандар бiрден атып тастайды. Үшiншi полицейдi ату-атпау туралы партизандар арасында бiраз дау-талас өрбидi. “Бұл мәжбүрлiктен полицей болып жүр… Мұны атпауға да болады…” дейдi әлгi полицейдi ертеден бiлетiн бiраз партизан. Ал ендi бiразы “Жоқ, ату керек!” дейдi. Үшiншi бiреулерi “Өткенде бұл бiздiң деревняға жасырынып барғанымызды көрдi. Бiрақ, көрсе де көрмегенсiп, бiз жөнiнде немiстiң штабына хабарламады. Сол үшiн де мұны тiрi қалдыруға болатын сияқты…” дейдi. Не керек, партизандар осы үшiншi полицейдiң не iстеп, не қойғанын түгел термешелеп, тегiс тәптiштейдi ғой әлгi жерде. Бiрақ, бiр мәмiлеге келе алмайды. Сол кезде Қасекең орнынан тұрады да: – Бауырлар! – дейдi гүж етiп, – Мен бүкiл әңгiменi бастан-аяқ мұқият тыңдадым. Ендi менi тыңдаңдар. Мен мұны “Тiрi қалдырмау керек!” деп шештiм. Бұл немiс офицерiнiң қойнына украин қызын салып берiптi және ол қызды офицер тұратын үйге алдап алып барған. Солай ғой? Сол-а-ай! Украин қызының абыройын аяққа таптаған адам украин ұлтына да ешуақытта жақсылық жасамайды. Менiң қазақ екенiмдi өздерiң де жақсы бiлесiңдер. Бiздер, қазақтар, қыздың абыройын ешуақытта ешкiмге таптатпаймыз. Қыздың намысы тапталғанын ұлттың намысы тапталды деп түсiнемiз! Өзгелерiң жүрексiнiп тұрсаңдар, бұл сатқынды мен-ақ атайын! Сөйтедi де, қайран Қасекем ешкiмнен, өзiнен шенi де, дәрежесi де жоғары командирлерден рұхсат сұрамастан, әлгi полицейдi тапаншамен басып салады. – Оғым қақ шекеден тиiптi. Полицей бүктетiле құлады. Тапаншамды қабына салып, жан-жағыма қараймын. Өлi тыныштық. Жым-жырт. Сiлтiдей тынып қалған партизандар… Сол партизандардың бiрде-бiреуi сол кезде де, әлi күнге дейiн маған “Вася, сенiң соның артықтау болды…” деп айтқан емес, – дедi Қасекең. Мiне, қайран Қасекем өзгелерге өзiн осылай танытқан. Осылай мойындатқан. Әдiлдiгiмен. Турашылдығымен. “Елдiң атын ер шығарады” дейдi халқымыз. Қасекең Украинада жүрiп, қазақтың имиджiн осылай көтерген. Украиндықтардың санасына “Қазақ – батыр халық, намысқой халық” деген түсiнiктi осылайша сiңiрген. Қазiргi күнi де украиндықтардың қазаққа деген ықыласы жаман емес. Өзгелерге жиырыла қалатын талай кiрпияз украиндықтардың қазаққа келгенде жайылып сала бергенiн өз басым әскерде жүргенде де, Ауғанстандағы қан майданның қақ ортасында жүргенде де талай көрдiм. Байқадым. Егер бүгiнгi күнi украиндықтардың қазаққа деген ықыласы мен iлтипаты ерекше болып жатса, сөз жоқ, бұған Қасым Қайсеновтың қосқан үлесi де қыруар.
* * *
 

Алматы қаласындағы Саин көшесiнiң бойындағы жезөкшелердiң ұясын таратуға және оларды ұйымдастырып жүрген қылмысты топтың iсiн әшкерелеуге Ауған соғысы ардагерлерi көп еңбек сiңiрдi. Әрине, Әуезов ауданының әкiмшiлiгiмен бiрлесе отырып. Бұл жөнiнде мен кезiнде арнайы жаздым да. “Жас Алаш” газетiне.

“Саин көшесi бiз үшiн уайым көшесi болды-ау…”, “Қазақтың маңдайына басылған қарғыс таңбасындай болған бұл қара дақты қалай жоямыз? Мұның iнiне қайтiп су құямыз?” деп, әрiптестерiммен, әкiмшiлiктегiлермен ақылдасып-кеңесiп жүрген кезiмде де Қасым Қайсеновтың “Бiздер, қазақтар, қыздарымыздың абыройын ешуақытта ешкiмге таптатпаған елмiз!” дегенi көкейiмнен де, көңiлiмнен де бiр сәтке кеткен емес…
* * *
 

“Ер – туған жерiне, ит – тойған жерiне” дейдi қазақ. Соғыс бiткеннен соң, Қасым Қайсеновпен бiрге соғысқан партизандар бейбiт тiрлiкке араласа бастайды. Мәселен, Қасым Қайсеновтың тiкелей командирi болған украиндық Е.Семченко Чернигов облысының басшысы (сол кездегi тiлмен айтқанда, Чернигов облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы) болып тағайындалады. Облыстық атқару комитетiнiң төрағасы, қалалық атқару комитетiнiң төрағасы болған партизандар да аз болмайды. Мiне, партизандық өмiрдi бiрге өткiзiп, жарты құртты бөлiп жеген Қасым Қайсеновтың осы украиндық үзеңгiлес жолдастары оған: “Украинада қал! Қызмет те тауып беремiз! Өзiмiз үйлендiремiз! Атақ-абыройдан да кенде болмайсың!” деп жата жабысады.

Егер үзеңгi жолдастарының сөзiн тыңдап, Қасым Қайсенов Украинада қалар болса, оның жеке басының жағдайы да, тұрмысы да ойдағыдай болатыны күмәнсiз едi. Бiрақ, Қ.Қайсенов елге қайтады. Қарап отырсаңыз, бұл да – үлкен өнеге. Әсiресе, кейiнгi жастарға.
* * *
 

1994-95 жылдары лоторея билетiн ойнататын ұйымдар көбейiп кеттi ғой. Сондай ойынның бiрiнде қарапайым ғана қазақ жiгiтi “Волга” автокөлiгiн ұтып алады. Ендi автокөлiгiн алатын жерге барса, “Сен “Волганы” қайтесiң?! Одан да сол “Волганың” ақшасын ал!” дейдi ондағылар. Бұған қатты қапаланған жiгiт жылап Қасым Қайсеновке келедi. Болған оқиғаны бастан-аяқ тәптiштеп сұрап алады да, бiр уақытта Қасекең орнынан тұрады. Әскери формасын киедi. Белiне қанжарын тағынады. “Алып бар менi сол жерге!” дейдi әлгi жiгiтке.

Қасекең барғаннан кейiн белгiлi ғой, екеуi “Волганы” мiнiп қайтады. Бұл – Қасым ақсақалдың әдiлдiктi қалпына келтiруге сiңiрген еңбегiнiң бiр ғана көрiнiсi. Қасекең талай адамға қол ұшын берiп, талай адамның алғысын алды ғой.
* * *
 

Бiрде Бақытжан аға (генерал-лейтенант, Ауған соғысы ардагерлерi ұйымдарының “Қазақстан ардагерлерi” қауымдастығының құрметтi төрағасы Бақытжан Ертаев) екеумiз әйгiлi партизан Қасым Қайсеновтың үйiнде болдық. Сонда Қасым ақсақал:

– Бақытжан, Кеңес өкiметi саған өзге ұлттың өкiлi болғандығыңнан Кеңес Одағының Батыры атағын бермедi. Бiрақ, мен өзiм сенi Батыр деп бағалап, Батыр санаймын, – дедi. Сонда Бақытжан Ертаев: – Сiздiң “Батыр” деген бiр ауыз сөзiңiз маған Кеңес Одағы Батыры атағынан әлдеқайда жоғары, – дедi. Тауып айтты. Өте орынды айтты.
* * *
 

Мен ақын емеспiн. Бiрақ, ақынға жақынмын. Қасым Қайсенов ақсақалға арнаған бiр өлеңiм бар едi. Ендi “Халық қаһарманы” деп аталатын осы өлеңдi тұтас келтiре кеткендi жөн көрiп отырмын. Өлеңiмдi көрсету үшiн емес, Қасым ақсақалға деген ниетiмдi көрсету үшiн:

Бауыржан да, Қасым да туар, Бiрақ басқа бiр ғасырда туар. Аш-жалаңаш орманда, Тас жастандың басыңа. Отаныңды қорғауға, Жауға тидiң ашына. Жердi қазып паналап, Ыза менен мұң басты. Қар шайнадың, мұз жалап, Жолбарыстай түн қаттың. Украина, Белорусь, Бәрi бiлер Вася атын. Қалтырайтын фашистер, Жоламайтын, қашатын. Отан-ана кегi үшiн, Ыза кернеп қан қызған. Қасым аға хас батыр, Қасым аға партизан. Бес қаруды асындың, Жаудың құтын қашырдың. Арқасында аманбыз, Батыр аға Қасымның. Сынығысың асылдың, Қайталанбас ғасырдың. Ерлiгiң ел есiнде, Өр тұлғаңа бас ұрдым.
* * *
 

…Қасым Қайсенов ақсақалды Тәуелсiздiгiмiздiң 15 жылдығымен құттықтау үшiн бас сұққан едiм. Төсегiнен тұра алмады. Дастарқан басына да келе алмады.

Дастарқан басында Асыл әжей (Қасым Қайсеновтың зайыбы), ұлы Болат, келiнi Меңсұлу, әскери ғылымның бiлгiрi, профессор Ким Серiкбаев және мен отырдық. Тоқсанға таяп, ауру-сырқауға бой алдыра бастаған ақсақалды келiнi Меңсұлу балаша күтедi екен. Қасым Қайсенов ақсақалдың бөлмесiнде екi адамның, Абылай хан мен Сталиннiң үлкен портреттерi iлулi тұр. Бұл екi портреттi де өзi жасатыпты. Өз қалауы бойынша…
* * *
 

Қайсенов шаңырағына бұдан бiраз бұрын жолым түскен кез еске түсiп тұр…

Дастарқан үстi. Бақытжан Ертаев Асыл әжей туралы айта келе: – Қасым аға, мен бұл жолы Сiз емес, Асыл әжейге мадақ айтқалы отырмын, – дедi. Сол кезде Қасым ақсақал: – Мен мақта деп отырған жоқпын, осы отырғанда менi мақтағаннан гөрi боқтағаның тәуiр ме деп отырмын. Соғыстың басынан аяғына дейiн сыр бермей басып, Карпат тауын он айналған аяқ осы отырғанда таяқтасаң да жүрмей тұр (аяғын қара саннан төмен бiр нұқып қойды) “Тоқсанда топ бастамас” деген осы да. Мен де мынау Ауған Бақытбек сияқты жоян болдым. Ендi мiне, қалжырай келе қоян болдым. Қуыршақ болдым да қалдым, қалай ойнатқың келедi, солай ойнап тұрмын… Айналайын, келiнiм Меңсұлуға мың да бiр рахмет! – деп едi сонда.
* * *
 

Тағы бiрде Қасекең әңгiме барысында:

– Әй, Ауған – дедi басымнан аяғыма дейiн көзбен бiр шолып шығып, – Менiң екi арманым орындалмай барады. Бiрiншiсi, Ким Серiкбаевқа генерал атағын алып бере алмадым. Екiншiсi, Бауыржан Момышұлына, Баукеңе “Қазақстан Халық Қаһарманының” №001-iншiсiн алып бере алмадым… Маған “Қаһармандық” бердi. Мен сол кезде iшiм қан жылап, бүк түсiп жатып қалдым. Баукеңе тиесiлi “Қаһармандықты” өзiм тартып алып кеткендей… Әй, Ауған! Мен мұны саған ғана айтып отырмын. Неге екенiн өзiң де түсiнесiң ғой…
* * *
 

2008 жылдың сәуiрiнде ҚР Президентi Н.Ә.Назарбаевтың көмекшiсi телефон соғып, менi 7 мамыр күнi Нұрсұлтан Әбiшұлының қабылдайтынын хабарлады. Ким Серiкбаевқа бардым. Кезiнде Қасым Қайсенов, Талғат Бигелдинов және өзге де беделдi азаматтар Елбасыға арнайы хат жазып, Ким Серiкбаевқа генерал атағын берудi өтiнген екен. Осы құжаттармен таныстым. Мұның бәрiн көзбен көрiп, қолмен ұстап, бәрiнiң заңды әрi орынды екенiн көргеннен кейiн “Осы құжаттарды алып кетiп, Президентке өз қолыммен тапсырайын” дедiм. Бiрақ, батыр Баукеңнiң iзбасары, әскери ғылымның бiлгiрi Ким Скрiкбаев менiң ұсынысыма қарсылық бiлдiрдi.

– Бiздiң тiлейтiнiмiз Сенiң еңбегiң ескерiлсе екен. Бiздi бұл жерге араластырып қайтесiң? Президентке онсыз да қалың ардагерлер қауымының мұң-мұқтажын арқалап бара жатырсың ғой. Менi не қыласың мойныңа жүк қылып. Жолың болсын, Батыр! – дедi Ким Серiкбаев ағам. Ким Серiкбаевтың полковник шенiмен жүргенiне 32 жыл болды. Есiме Қасым ақсақалдың сөзi түстi тағы да. – Әй, Ауған! – деп едi Қасекең, – Маған генерал атағын берерде, “оның жоғарғы бiлiмi жоқ, оған полковник те жетедi” дептi осындағы лауазымды бiр ағамыз. Мейлi ғой, бiрақ менiң қарамағымда қызмет еткен 13 адам “Кеңес Одағының Батыры” атағын алды. Бұлардың 13-i де – генералдар. Айтпақшы, осының бiреуi оппозициялық көзқараста болыпты. Содан оған генерал атағын бермей жүр екен, Украина президентi Леонид Кучмаға өз атымнан хат жаздым. Ұзамай ол да генерал атағын алды… Қасым ақсақалдың осы бiр сөзi есiме жиi оралады. Елiмiздегi жар дегенде жалғыз әскери ғалым, әскери ғылым мен әскери өнердiң дамуына өлшеусiз еңбек сiңiрген профессор Ким Серiкбаев, 32 жыл болды, полковник шенiмен жүр. Осы да құдайшылық па? Қасым ақсақалдың өкiнетiнiндей-ақ бар ғой…  
Бақытбек СМАҒҰЛ
 

Серіктес жаңалықтары