Оңтүстік-шығыс Кенияда Mombasa Air Safari компаниясына тиесілі шағын туристік ұшақ апатқа ұшырады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ұшақ әйгілі Масаи-Мара қорығына бағыт алған болатын. DW мәліметінше, бортта 11 адам болған: он шетелдік турист және бір кениялық ұшқыш. Олардың ешқайсысы аман қалмаған.
Кенияның Азаматтық авиация басқармасының (KCAA) деректеріне сәйкес, қайғылы оқиға жергілікті уақыт бойынша таңғы 5:30-да (Гринвич бойынша 2:30) Куале округінің таулы аймағында, Үнді мұхиты жағалауына жақын маңда орын алған.
Cessna Caravan типті ұшақ Диани әуежайынан ұшып шығып, бірнеше минуттан кейін әуеге көтерілген соң шамамен 40 шақырым жерде апатқа ұшыраған.
"Ұшақта он шетелдік турист пен бір кениялық ұшқыш болған. Өкінішке қарай, бәрі де көз жұмды", — деп растады KCAA өкілі.
Mombasa Air Safari компаниясы қаза тапқандардың ішінде сегізі — Венгрия, екеуі — Германия азаматтары, ал ұшақты басқарған — кениялық капитан екенін мәлімдеді. Компания төрағасы Джон Клив ресми мәлімдемесінде қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтып, тергеуге толық қолдау көрсететінін айтты.
Куәгерлер қатты жарылыстың дыбысын естігендерін және оттың жалындағанын көргендерін хабарлаған.