Оқиға 26 қазан күні Құлсарыда «Үшінші» шағын ауданындағы көшеде болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жол жиегінде байлаулы тұрған түйе кенеттен шошып кетіп, қасынан өтіп бара жатқан жасөспірімге шабуыл жасаған. Бейнежазбадан көрініп тұрғандай, түйе бірнеше рет оны жерге басып жаншыған. Тек көлік жүргізушісі дыбыс белгісін берген кезде ғана түйе кейін шегінген.
Жәбірленуші аудандық ауруханаға жеткізіліп, оған медициналық көмек көрсетілді. Түйе кейінірек ұсталды, алайда иесін табу мүмкін болмады.
Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Әдиновтің айтуынша, түйенің сырғасына қарап, оның Маңғыстау облысында тіркелгені анықталған, бірақ иесі әлі күнге дейін табылмаған.