РУХ ПЕН ТIЛДIҢ МЕРЕКЕСI

РУХ ПЕН ТIЛДIҢ МЕРЕКЕСI

РУХ ПЕН ТIЛДIҢ МЕРЕКЕСI
ашық дереккөзі
267

Көктем — жаңару мен жасарудың ғана кезеңi емес, көктем — ән мен жырдың кезеңi. Көгiлдiр көктем басталған сәтте өзге облыстарды қайдам, әсем Алматы әнге, жырға бөленедi. Алматының төрiндегi Республика сарайында күн сайын мереке, күн сайын ән мен жырдың кешi өтедi. "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" демекшi, өткен аптаның сенбiсiнде кең сарайға бiр қауым елдi жинаған кеш әннiң ғана мерекесi емес, поэзия патшалығының да мерекесiне ұласты.

Белгiлi ақын, қоғам қайраткерi Мұхтар Шахановтың жырларын көпшiлiк қауым сағынып қалыпты. Үш мың адамға арналған мәдениет сарайында ине шаншар жер қалмаған. Ақын жырларын сүйетiн оқырманның бәрi сонда. Тiптi, республиканың түкпiр-түкпiрiнен поэзия кешiне арнайы ат арытып келгендер де бар. Мұның бәрi ақын жырына деген сүйiспеншiлiк қана емес, қайраткер ақынның азаматтығын мойындау деп те қабылдағанымыз абзал шығар.

"Көшбасшы болу бақыты iлуде бiр адамның ғана маңдайына жазылады. Ал қолына қалам алғандардың барлығы бiрдей жазушы емес. Қазiр бүкiл әлемде адамды қиратудың, оны iстен шығарудың толып жатқан механизмдерi алға шыққан. Адамзат құз басында тұр. Өйткенi адамды адам ететiн қасиеттердiң барлығы кейiнгi қатарға ысырылып, бiрiншi қатарға қарын мүддесi шықты. Қайсарлық, азаматтық және күрескерлiк рух барлық жазушының бойынан табыла бермейдi. Мiне, сондықтан iлуде бiр жазушы ғана өз ұстанымын сақтап қалуда", — дедi ақын кеш барысында. Рух пен тiл жанашырлары жиналған шығармашылық кештi ұйымдастырған Мәдениет және ақпарат министрлiгi және Шәмшi Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалiнiң дирекциясының бас директоры, композитор Қалдыбек Құрманәлi мырза.

Төрт жарым сағаттан астам уақытқа созылған кеште ән де айтылды, жыр да оқылды. Ақын өлеңдерiн оқу үшiн оқырмандардың бiрi — Астанадан келсе, ендi бiрi — Сыр өңiрiнен арнайы келiптi. Рухы биiк өлеңдердi бiрiнен кейiн бiрi оқыған оқырманның арасында екi жарым жасар бүлдiршiн де бар. Үш бiрдей немересiн ақын кешiне арнайы жiберген қызылордалық оқырманның Шаханов жырларын сүйiп оқитыны көрiнiп тұр. Жетi-сегiз жастағы бүлдiршiндер ақынның өлеңдерiн оқып қана қоймай, тiл жанашырларының әнұранына айналған "Рух пен тiл" атты әнiн шырқап, кештiң шымылдығын жапты. Ақын кешiне бiрқатар қазақ өнер шеберлерi қатысып, әннен шашу шашты. Сахнада орындалған әндердiң көбiнiң авторы — Мұхтар Шахановтың өзi.

Ақын жырларын сүйiп оқитын оқырмандар үшiн тағы бiр ақжолтай хабар Мұхтар Шахановтың ресми сайтының ашылуы болды. Қоғам қайраткерiнiң ресми сайтының ашылуына Мәдениет және ақпарат министрлiгi, Тiл комитетi себепкер болса, оның шығынын белгiлi бiр кәсiпкер азаматтар көтерiптi. Ақынның ресми сайты бiрнеше бөлiмдерден тұрады. Ол сайттан көзiқарақты оқырман ақынның өлеңдерiн, ән-жырларын таба алады. Сондай-ақ, ресми сайтта Шахановтың әртүрлi баспасөздерде жазылған мақалалары, сұхбаттары қоса берiлiп отырады. Ресми сайттың тағы бiр ерекшелiгi, кез келген оқырман көңiлiнде жүрген ойларымен, кез келген мәселелерiмен де бөлiсе алады.

Ақынның пайымдауы бойынша, мұндай сайт барлық ақын-жазушыға қажет-ақ. Ел мен билiктiң арасында дәнекер саналатын зиялы қауым онда ұлт мүддесi туралы айтылған ойларының барлығы дерлiк жұрттың көз алдында тұрар едi.

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары