Қостанайда екі зейнеткер алаяқтарға 23,5 млн теңге беріп жіберген

/
Қостанайда екі зейнеткер алаяқтарға 23,5 млн теңге беріп жіберген
istockphoto.com

Қостанай қаласының жасы үлкен екі тұрғыны бірдей алаяқтық схемасын қолданған телефон алаяқтарының құрбаны болды. Әйелдерге жақын туыстары жол апатына түсіп, енді қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін хабарлаған. Қорыққан зейнеткерлер туыстарын ықтимал жазадан құтқару үшін ақша беруге келіскен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс материалдарына сәйкес, әйелдердің біріне телефон соғып, немересінің жол апатына түскені айтылған. Ал екінші зейнеткерге қызы жол-көлік оқиғасын жасады деген хабар жеткізілген. Қоңырау шалғандар ақшаны беру арқылы туыстарын қылмыстық жауапкершіліктен құтқаруға болатынына сендірген.

Ақшаны алу үшін Б. есімді ер адам келген. Жәбірленушілердің біріне ол өзін Рустам деген жалған есіммен таныстырған. Екінші жағдайда ер адам зейнеткердің үйіне екі рет барып, әр жолы бұған дейін берілген ақшаның жеткіліксіз екенін айтқан.

Алаяқтық әрекеттер салдарынан келтірілген жалпы шығын 23,5 млн теңгені құрады.

«Сотталған азамат кассациялық шағымында алдын ала сөз байласу болғанын және келтірілген шығын көлемін жоққа шығарып, өзінің тек курьер қызметін атқарғанын мәлімдеген. Алайда кассациялық сот Б.-ның алаяқтық туралы білмегені жөніндегі уәжін қабылдамады. Екі жағдайда да ол жәбірленушілерді ақша беруге көндіргеннен кейін қолма-қол ақшаны алып, санап, әртүрлі шоттарға аударған. Сондай-ақ аударымдар туралы сыбайласына есеп беріп, ұрланған ақшаның бір бөлігін алған. Осы мән-жайлардың жиынтығы Б.-ның алдын ала бөлінген рөл бойынша әрекет еткенін растады», – деп хабарлады Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық соттың баспасөз қызметі.

Бұдан бөлек, сот екінші эпизод бойынша келтірілген шығын көлемін де тексерді. Жәбірленуші мен куәнің айғақтары, ұсынылған құжаттар және залалды өндіру туралы шешім негізінде шығын көлемі 22 млн теңге екені анықталды. Бұл заңда белгіленген аса ірі мөлшер шегінен асып түскен.

Нәтижесінде Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот бұған дейін шығарылған сот актілерін өзгеріссіз қалдырды. Ер адамға қатысты үкім заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары