Әлемдегі ең дәмді ірімшік анықталды

/
Әлемдегі ең дәмді ірімшік анықталды
сурет: istockphoto.com

Францияда өндірілген Comté ірімшігі әлемдегі ең үздік ірімшік атанды. Ол 45 елден ұсынылған 5 330 өнімнің арасынан озып шығып, World Cheese Awards 2026 халықаралық байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Бұл туралы Euronews жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биылғы байқау Испанияның Кордова қаласында өткен. Оған 51 елден келген 270 сарапшы қатысып, ірімшіктерді дәмі, иісі, құрылымы және сыртқы көрінісі бойынша бағалаған.

Жеңімпаз – Францияның Юра тауларында орналасқан Fromageries Arnaud кәсіпорны JuraFlore брендімен өндіретін, 24 ай бойы жетілдірілген Comté ірімшігі.

Бір қызығы, бұл ірімшік бұрын әскери қамал болған Fort des Rousses ғимаратының жертөлелерінде екі жыл бойы сақталған. Дәл осы уақыт ішінде оның ерекше дәмі мен хош иісі қалыптасқан.

Қазылар алқасының мүшесі Рафа Домингес Гонсалес ірімшіктің жаңғаққа ұқсайтын дәмі мен ауызда ұзақ сақталатын хош иісін ерекше атап өткен.

«Маған оның ерекше дәмі ұнады. Ауызда біртіндеп өзгеріп, жаңа қырынан ашылады. Алғаш татып көрген сәтте-ақ осы ірімшікті таңдайтынымды білдім», – дейді сарапшы.

Жеңіс оңай келмеген. Финалда француздың Ossau-Iraty және Швейцарияның Le Gruyère ірімшіктері де 81 ұпай жинаған. Жеңімпаз қосымша бағалау нәтижесінде анықталған.

Екінші орынға Францияның Баск өңірінде қой сүтінен жасалатын Ossau-Iraty ірімшігі, үшінші орынға Швейцарияның Le Gruyère AOP Réserve ірімшігі ие болды.

Comté ірімшігінің тарихы орта ғасырлардан басталады. XIII ғасырда Юра өңірінің шаруалары сүттерін біріктіріп, қыста ұзақ сақтауға болатын үлкен ірімшік дөңгелектерін өндіре бастаған.

Бүгінде Comté тек Францияның белгілі бір өңірінде, қатаң өндірістік талаптарға сәйкес дайындалады. Оның шыққан жері мен өндіріс тәсілі арнайы еуропалық белгімен қорғалған.

Осылайша ғасырлар бойғы дәстүрмен дайындалып, екі жыл әскери қамалдың жертөлесінде жетілдірілген француз ірімшігі биыл әлемнің ең үздік өнімі атанды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары