"Орын алып беремін": Балабақшаға орналасудың машақаты қандай?

/
"Орын алып беремін": Балабақшаға орналасудың машақаты қандай?
istockphoto.com

Елімізде баласын мемлекеттік балабақшаға орналастыру үшін айлап, кейде жылдап кезек күтуге мәжбүр ата-аналар аз емес. Осы мәселені өз пайдасына жаратып, балабақшадан орын алып беруді табыс көзіне айналдырғандар да кездеседі. Олар кезекте тұрған ата-аналарға көмектесеміз деп сендіріп, қызметі үшін ақша талап етеді. Жақында Астанада дәл осындай жолмен азаматтарды алдады деген күдікпен 33 жастағы әйел ұсталды. Бұл оқиға балабақшаға орналасу мәселесін пайдаланып, заңсыз делдалдықпен айналысатындардың бар екенін аңғартады, деп хабарлайды turkystan.kz

 Aikyn.kz сайтының жазуынша, Астанада полиция қызметкерлері 33 жастағы әйелді алаяқтыққа күдікті ретінде ұстаған. Тергеу барысында оның әлеуметтік желілер арқылы азаматтарды іздеп, мемлекеттік балабақшаларға арналған посттардың астында өз қызметін ұсынатын пікірлер қалдырғаны анықталған.

Күдікті ата-аналардың сеніміне кіріп, балаларын мемлекеттік балабақшаға кезектен тыс орналастырып беруге уәде еткен. Кейін азаматтарды өз банк шотына ақша аударуға көндірген. Алынған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны да белгілі болды.

Қазір оның әрекетіне қатысты 10 эпизод анықталған. Полиция келтірілген шығын көлемін анықтап, күдіктінің осыған ұқсас басқа да фактілерге қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. 

Бұл оқиға ата-аналардың балабақшаға орын алу үшін ұзақ уақыт күтуге мәжбүр екенін пайдаланып, ақша табуға тырысатын адамдардың барын аңғартады. Әсіресе баласын мемлекеттік балабақшаға беруге асыққан, бірақ кезегі жылжымай жүрген ата-аналар үшін «мәселеңізді шешіп беремін» деген ұсынысқа сеніп, алаяққа алданып қалу мүмкіндігі жоғары.

Балабақшаға кезек азайғанымен, мәселе шешілді ме?

Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына деген сұраныс әлі де жоғары. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025–2026 оқу жылының басынан бері 11 909 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп тұр. Оның 9 041-і – балабақша, 2 868-і – шағын орталық. Бұл ұйымдарда 987 826 бала тәрбиелені жатыр.

Кейінгі жылдары мектепке дейінгі ұйымдар саны одан әрі артып келеді. Мәселен, 2023 жылы олардың саны 11 346 болса, 2024 жылы 11 681-ге, 2025 жылы 11 909-ға жеткен. Балалар саны да осы кезеңде 984 940-тан 987 826-ға дейін өскен.

Сұраныстың артуын ескере отырып, мемлекет балабақшаға орналастыру тәртібін өзгерткен еді. 2024 жылдан бастап ваучерлік қаржыландыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Оның негізгі қағидасы – «ақша ұйымға емес, балаға беріледі». Яғни ата-ана мемлекеттік немесе жекеменшік балабақшаны өзі таңдай алады.

2025 жылғы ресми мәлімет бойынша, ваучерлік жүйеге 4,7 мыңға жуық мектепке дейінгі ұйым қосылып, 500 мыңнан астам бала орын алған. Республикалық маңызы бар қалаларда кезек екі есе қысқарғаны хабарланды.

Ал Оқу-ағарту министрлігі жаңа жүйе бюджет қаражатын үнемдеуге, сондай-ақ қайталанатын өтінімдер мен «жансыз» жазбаларды анықтауға мүмкіндік бергенін мәлімдеген еді.

Дегенмен кезектің қысқаруы барлық ата-аналар өзі қалаған балабақшадан орын алды дегенді білдірмейді. Себебі ваучердің болуы мен нақты бос орынның болуы – екі бөлек мәселе.

Жүйедегі мәселелер ата-аналарды әбігерге салады

Астана тұрғыны Фарида Сүндетқызының оқиғасы балабақша кезегіне қатысты тағы бір мәселені көрсетеді. Ол немересін елордадағы №99 мемлекеттік балабақшаға кезекке қойған. Алайда бірнеше ай өткеннен кейін баланың жасына сәйкес келмейтін топтың кезегінде тұрғанын білген.

Оның айтуынша, Indigo жүйесінде балабақшаны таңдаған кезде топтардың атауы бір-біріне ұқсас болғандықтан, қай жас санатына арналғанын бірден аңғару қиынға соққан. Нәтижесінде екі жастағы немересі бес жастан бастап қабылдайтын топтың кезегінде тұрған.

«Немерем екі жаста болғанда мен сол балабақшаға кезекке қойдым. Кезекте алдыңғы орындардың бірінде тұрдық. Ол кезде 25 бала қабылданады деген ақпарат болды. Сондықтан кезегіміз келеді деп алты-жеті ай күттік. Бірақ кезегіміз сол күйі келмеді. Сөйтсем, бір балабақшада екі кезек бар екен. Шағын топ пен балабақшаның өзі. Екеуінің де атауы бірдей. Кейін анықтасам, немерем бес жастан бастап қабылдайтын топтың кезегінде тұр екен», – дейді ол.

Фарида Сүндетқызының пікірінше, ақпараттық жүйе баланың туған күні мен жасын автоматты түрде ескеріп, тек сәйкес келетін топтарды ұсынуы керек. Өйткені қарапайым ата-ана кезекке тұру үшін жүйенің барлық ерекшелігін өз бетінше зерттеуге мәжбүр болмауы тиіс.

Осы ретте қала тұрғыны тағы бір өзекті мәселеге тоқталды. Оның сөзіше, үйінің жанында мемлекеттік балабақша болғанымен, жақын маңдағы тұрғын үйлерде тұратын балалардың сол ұйымға орналасуы қиын. Ата-аналар балабақшаға тіркелу кезінде тұрғылықты жерінің жақындығы ескерілмейтініне наразы.

«Мемлекеттік балабақша сол маңдағы адамдар үшін салынады. Бірақ оған Астананың ана шеті мен мына шетіндегі басқа балалар да кіріп жүре береді. Үйіңнің жанында мемлекеттік балабақша бар, бірақ балаңды соған бере алмайсың», – дейді тұрғын.

Оның пікірінше, ата-аналар баланың жасын, қай топқа кезекке тұрғанын, алдында қанша бала барын және қанша орын босайтынын анық көре алуы қажет. Бұл кезекке қатысты түсініспеушілікті азайтып, ата-аналардың жүйеге деген сенімін арттырар еді.

Делдалдардың ұсынысы неге күмән тудырады?

Фарида Сүндетқызы әлеуметтік желілер мен 2GIS платформасындағы балабақшаларға қатысты пікірлерден «орын алып беремін», «кезек мәселесін шешіп беремін» деген мазмұндағы ұсыныстарды да байқағанын айтады.

«Мен олардың рас-өтірігін, кім жазып отырғанын айта алмаймын. Бірақ мемлекеттік балабақшадан орын күтіп, айлап кезекте тұрған ата-ана ретінде мұндай пікірлерді көргенде, әрине, сұрақ туындайды. Егер жүйе толық ашық әрі түсінікті жұмыс істесе, неге адамдар «орын алып беремін» деген қызмет ұсынады? Неге оған сұраныс бар? Мұндай хабарламалардың пайда болуы да жайдан-жай емес деп ойлаймын. Сондықтан балабақшадағы кезек пен орын бөлу процесі ата-анада ешқандай күмән қалмайтындай ашық болуы керек. Кімнің қашан кезекке тұрғаны, кезектің қалай жылжығаны, бос орынның кімге және қандай негізде берілгені анық көрініп тұрса, осындай күмән де азаяр еді», – дейді ол.

Жоғарыда айтылған Астана полициясы анықтаған жағдай бұл алаңдаушылықтың негізсіз емес екенін көрсетеді. Сондықтан мұндай ұсыныстарға барынша сақтықпен қараған жөн. Балабақшадан орын алу үшін белгісіз адамдарға ақша аудару ата-ананы қаржылық шығынға ұшыратып қана қоймай, баланың балабақшаға орналасуын да кейінге қалдыруы мүмкін.

Бұл ретте ең алдымен, балабақшадағы бос орындарды бөлу тәртібі ашық әрі түсінікті болуы керек. Ата-ана баласының кезектегі орнын, қай жас санатына тіркелгенін және бос орынның қандай негізде ұсынылғанын көре алуы қажет. Өйткені мемлекеттік балабақшаға баласын кедергісіз – әр ата-ананың құқығы, ал мұндай заңсыз жағдайларға жол бермеу – жүйенің басты міндеті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары