Түркияның Измир провинциясы Алиага ауданындағы HABAŞ металлургия зауытында болған жарылыс салдарынан 16 адам қаза тауып, тағы 13 адам жарақат алды. Қазіргі уақытта кәсіпорын аумағында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жарылыс 9 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11:46 шамасында пешті ауыстыруға байланысты жөндеу жұмыстары кезінде болған. Измир провинциясының губернаторы Сүлейман Эльбанның айтуынша, көпірлі кран құлап, оның салдарынан опырылған конструкциялар электр доғалы пешке соғылған. Соның нәтижесінде жарылыс болып, табиғи газ құбыры да зақымданған.
Губернатор қайғылы оқиға өндіріс кезінде емес, жөндеу жұмыстары барысында болғанын нақтылады. Сондықтан кәсіпорында әдеттегі 300 адамның орнына шамамен 200 жұмысшы болған. Оқиға кезінде болат балқыту жұмыстары жүргізілмеген.
Зауытқа барғаннан кейін Эльбан жариялаған алғашқы мәліметтер бойынша, 10 жұмысшы қаза тауып, тағы 15 адам жарақат алған. Кейін зардап шеккендердің екеуі ауруханада көз жұмды. Қалғандары құлаған конструкциялардың соққысынан оқиға орнында қаза тапқан немесе үйінді астында қалған. Жараланған төрт адамның жағдайы ауыр деп бағаланса, тағы 11 адам жеңілдеу жарақат алған.
Кейін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған қаза тапқандар саны 16-ға жеткенін, ал зардап шеккендер саны 13 адамды құрағанын хабарлады.
Губернатордың айтуынша, үйінді астында тағы төрт адам болуы мүмкін. Ол құтқарушылар хабар-ошарсыз кеткен әр адамның тағдыры анықталғанға дейін аумақты тексеруді жалғастыратынын атап өтті. Іздестіру жұмыстарына кәсіпорын аумағының үлкендігі, сондай-ақ жабдықтар мен материалдардың көптігі кедергі келтіріп отыр.
Эльбан оқиғаға байланысты әкімшілік және сот тергеуі басталғанын да мәлімдеді. Тергеу жұмыстарын бас прокуратура, тиісті министрліктер мен жергілікті билік органдары жүргізіп жатыр. Губернатордың мәлімдемесі кезінде ешкім ұсталмаған. Алайда ол алдағы уақытта күдіктілердің ұсталуын жоққа шығармады.
Жарылыстан кейін Измирге Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрі Ведат Ышыкхан мен Энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактар жолға шықты. Денсаулық сақтау министрі Кемаль Мемишоғлу да қалаға баруды жоспарлаған.
Губернатор қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, зауыт аумағы толық тексерілгенге дейін іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасатынын жеткізді.