Қаратал ауданына қарасты Үштөбе қаласындағы Кемел Тоқаев атындағы орта мектепте Құрылтай депутаттары Дана Медеуова, Гүлназ Атамқұлова, Евгений Больгерт және Әсел Баденова жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Негізгі тақырып Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауының басты міндеттерін түсіндіру болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесуді депутат Дана Медеуова ашып берді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталып, білім беру, денсаулық сақтау және балаларды қорғау мәселелеріне ерекше назар аударды.
«Білім сапасы мен халықтың денсаулығы көбіне әрбір отбасының әл-ауқатын анықтайды, ол өз кезегінде еліміздің болашағын айқындайды», – деп атап өтті Дана Медеуова.

Ол денсаулық сақтау жүйесін жүйелі түрде дамыту мен медицина қызметкерлерін қолдаудың маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік бастамалардың тиімділігі ең алдымен нақты нәтижелермен бағалануы тиіс екенін жеткізді.
Қаратал ауданының инфрақұрылымы, өзекті міндеттері мен оны одан әрі дамыту мәселелері жайлы аудан әкімі Ұлан Досымбеков баяндады. Ол Президент Жолдауының маңызына тоқталып, онда көрсетілген басымдықтардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін де үлкен маңызға ие екенін айтты.

Экономикалық тұрақтылық, салық саясаты және кәсіпкерліктің рөлі туралы депутат Гүлназ Атамқұлова жан-жақты түсіндірді. Ол салық заңнамасының негізгі ережелері мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастыру принциптерін айқындайтынын, ал аталған қаражаттың бір бөлігі әлеуметтік салаға бағытталатынын жеткізді.

Ал Евгений Больгерт болса, көлік логистикасы мен Қазақстанның транзиттік әлеуетінің стратегиялық маңызы туралы айтып берді. Ол көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттардың бірі екеніне тоқталды. Еліміздің тиімді географиялық орналасуы Қазақстанның халықаралық сауда бағыттарындағы рөлін нығайтуға және Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдауды кеңейтуге зор мүмкіндіктер ашады.

Депутат Әсел Баденова жасанды интеллектті дамыту мәселелеріне тоқталды. Ол Мемлекет басшысының жаңа технологиялардың кең мүмкіндіктеріне қарамастан, елімізді дамытудың басты ресурсы адами капитал болып қала беретіні туралы ұстанымын атап өтіп, заманауи технологияларды ең алдымен оқуға, кәсіби өсуге және өзін-өзі дамытуға пайдалану қажеттігіне назар аударды.

Үштөбе тұрғындарымен кездесу ашық диалогқа ұласты. Қатысушылар депутаттарға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ойларын ортаға салып, өзекті мәселелерді де көтерді. Әңгіме мазмұнды әрі жемісті өтті.

Депутаттар тұрғындарға өздерін мазалаған мәселелерін белсенді көтеріп, өтініштерін жазбаша түрде жолдауға шақырды. Әрбір өтініш қаралып, ресми жауап берілетіні де айтылды.

Мұндай ашық диалог, өзара байланыс және бірлескен жұмыс өз кезегінде қоғамның сұраныстарын тереңірек түсінуге және алға қойылған өзгерістердің нақты істер мен нәтижелерге ұласуына мүмкіндік береді.
«Депутат ретінде біз сіздермен тұрақты түрде байланыста бола отырып, аталған өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге қатысып, олардың іс жүзінде орындалуын бақылауымыз қажет», – деп түйіндеді сөзін Дана Медеуова.