Францияның әйгілі дзюдошысы, Олимпиада ойындарының бес дүркін чемпионы Тедди Ринер 2027 жылы өтетін президент сайлауына қатысатынын мәлімдеді. Әлемге танымал спортшы өзінің саяси мансабын бастау туралы шешімін әлеуметтік желіде жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
37 жастағы Тедди Ринер Франциядағы әлеуметтік және экономикалық жағдайға алаңдайтынын айтып, ел басқаруға ниетті екенін жеткізді.
Спортшы 9 қарашада жариялаған бейнеүндеуінде сайлауға қатысу туралы шешімін ресми түрде мәлімдеді.
"Менің есімім – Тедди Ринер. Бүгін сіздерге тура қарап, президент сайлауына түсетінімді мәлімдеймін", – деді ол.
Олимпиада чемпионы саясат саласында тәжірибесі жоқ екенін жасырмады. Алайда бұл жағдай елдегі өзекті мәселелерді шешуге атсалысуына кедергі болмауы керек деп есептейді.
Ринер Франциядағы мемлекеттік қарыздың өсуі, халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне назар аударды. Оның пікірінше, елдегі әлеуметтік қайшылықтарды азайтып, азаматтардың болашаққа деген сенімін нығайту қажет.
Спортшы өзінің саяси бағытын дәстүрлі оңшыл немесе солшыл партиялармен байланыстырмайтынын айтты. Ол француз қоғамын біріктіруге бағытталған саясат жүргізгісі келетінін жеткізді.
Тедди Ринер сайлауалды науқанына "Біз қалайтын Франция" деген ұран таңдаған. Сонымен қатар спортшы саясатқа келу кәсіби спорттағы мансабын бірден аяқтайтынын білдірмейтінін мәлімдеді. Ол 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.
Тедди Ринер кім?
Тедди Ринер – әлемдік дзюдо тарихындағы ең танымал спортшылардың бірі. Ол Олимпиада ойындарының бес дүркін чемпионы және әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы.
Спортшы 1989 жылы 7 сәуірде Францияның Гваделупа өңіріндегі Пуэнт-а-Питр қаласында дүниеге келген.
2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қола медаль иеленген Ринер араға төрт жыл салып, Лондон Олимпиадасында чемпион атанды.
2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада да жеңімпаз болып, өзінің жоғары деңгейін дәлелдеді.
2021 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарында аралас командалық бәсекеде алтын медаль жеңіп алды.
Ал 2024 жылғы Париж Олимпиадасында жеке және аралас командалық жарыстарда топ жарып, Олимпиададағы алтын медальдарының санын беске жеткізді.