Түркияда металлургия зауытында жарылыс болып, 6 адам қаза тапты

/
Түркияда металлургия зауытында жарылыс болып, 6 адам қаза тапты
Аna Haber

Түркияның Измир провинциясындағы металлургия зауытында қуатты жарылыс болып, соңы өртке ұласты. Қайғылы оқиға салдарынан алты адам көз жұмып, бірнеше жұмысшы жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 9 қараша күні жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00 шамасында Измир провинциясының Алиаға қаласында орналасқан HABAS металлургия кәсіпорнында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, зауытта сұйық болат құю жұмыстары жүргізіліп жатқан кезде көпірлі кран пештің үстіне құлаған. Осыдан кейін кәсіпорында қатты жарылыс болып, өрт шыққан.

Алғашында жергілікті билік үш адамның қаза тауып, 14 жұмысшының жарақат алғанын хабарлады. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр деп бағаланған.

Кейін құтқарушылар үйінділерді тексеру барысында тағы екі адамның денесін тапқан. Сондай-ақ ауруханаға ауыр жарақатпен жеткізілген жұмысшылардың бірі дәрігерлердің көмегіне қарамастан көз жұмған. Осылайша, қайғылы оқиғадан қаза тапқандар саны алты адамға жетті.

Жарылыстан кейін оқиға орнына өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері жұмылдырылған. Мамандар зауыт аумағындағы өртті сөндіріп, үйінді астында қалып қоюы мүмкін адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Түркияның Ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи әлеуметтік желідегі парақшасында төтенше жағдай алғашқы минуттардан бастап мемлекеттік органдардың бақылауында екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, құтқару қызметтері мен өрт сөндірушілер оқиғаның салдарын жою үшін бірлесіп жұмыс істеп жатыр.

Жарақат алған азаматтар жергілікті ауруханаларға жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары