Әйел адам питонға жем бола жаздаған коаланың баласын құтқарып қалды

/
Әйел адам питонға жем бола жаздаған коаланың баласын құтқарып қалды

Аустралияда әйел адам алып жыланға шырмалып, ажал аузында қалған кішкентай коаланы құтқарып қалды. Ол питонды жануардан ажыратып, коаланың баласын анасына қайтарған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Австралияның Брисбен қаласындағы Кэмп-Хилл ауданында орналасқан табиғи қорықта болған.

Нэлл есімді жергілікті тұрғын итімен серуендеп жүргенде құстардың әдеттен тыс қатты шулағанын байқайды. Не болғанын білмек болып, сол жаққа барған әйел күтпеген жағдайға тап болған.

Белгілі болғандай, ұзындығы шамамен 1,5 метр болатын питон коаланың баласына оралып, оны қысып жатқан. Ал жанында тұрған анасы баласын жыланнан босатуға әрекеттенген.

"Сол кезде коаланың баласы маған қорыққан күйі қарады. Ал анасы баласын босату үшін питонды тырнап, арпалысып жатты. Оның қатты абыржығаны көрініп тұрды", – дейді Нэлл.

Мұны көрген әйел көп ойланбастан көмекке ұмтылған. Ол жыланға шырмалған коаланың баласын көтеріп алып, питонды ажыратуға кіріскен.

Нэллдің айтуынша, оқиғаның бәрі санаулы секунд ішінде болған. Тіпті өзі де қауіпті жағдайға қалай араласып кеткенін байқамай қалған.

"Бәрі әп-сәтте болды. Бір қарасам, бір қолымда жылан, ал коаланың баласы екінші иығыма жармасып, жылап тұр екен", – деп еске алды ол.

Әйел алдымен кішкентай коаланың тыныс алып жатқанын және аяқ-қолының зақымданбағанын тексерген.

Содан кейін оны анасы отырған ағашқа жақындатып жіберген. Қауіптен құтылған коаланың баласы бірден ағашқа өрмелеп, анасына жеткен.

Ал питонды Нэлл табиғи қорықтың басқа бөлігіне апарып, еркіндікке жіберген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары