Қырғызстанда тау жарысына қатысуға барған 14 жастағы Амир Кунакуновтың денесі табылды. Жасөспірім жарысқа жіберілмегеннен кейін тауға жалғыз кетіп, адасып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы оқиға Бішкек маңындағы Ала-Арча табиғи паркінде болған. Із-түзсіз жоғалған жасөспірімнің денесін құтқарушылар 9 қараша күні сағат 16:00 шамасында Электро шыңының маңынан тапқан.
Алдын ала болжам бойынша, баланың өліміне дене температурасының күрт төмендеуі себеп болуы мүмкін. Белгілі болғандай, 7 қараша күні Амир Кунакунов Ала-Арчада ұйымдастырылған тауға жүгіру жарысына қатысу үшін үйінен шыққан. Алайда ұйымдастырушылар жас ерекшелігіне байланысты оны жарысқа қатыстырмаған. Осыдан кейін жасөспірім Адыгене шатқалына қарай өз бетінше жолға шыққан.
Куәгерлер баланы сол күні түстен кейін "Электро" тұрағының маңында көргендерін айтқан.
Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 7 қараша күні сағат 19:02-де жасөспірім 112 нөміріне қоңырау шалған. Ол Адыгене шыңынан түсіп келе жатып жолдан адасып қалғанын хабарлаған. Құтқарушылар баламен байланысып, геолокация арқылы оның Электро шыңының маңында жүргенін анықтаған. Алайда көп ұзамай жасөспіріммен байланыс үзілген.
8 қарашада іздеу жұмыстарына қосымша құтқарушылар мен тәжірибелі альпинистер тартылған. Ал 9 қарашада Қырғызстан Министрлер кабинеті төрағасы Адылбек Қасымалиев іздестіру шараларын күшейтуді тапсырған. Баланы іздеуге тікұшақ та жұмылдырылған. Алайда құтқарушылар жасөспірімді тірі таба алмады. Оның денесі 9 қараша күні тау арасынан анықталды. Қазіргі уақытта баланың нақты неден көз жұмғаны анықталып жатыр.
Айта кетейік, Ала-Арча – Бішкек қаласына жақын орналасқан табиғи парк. Бұл аймаққа туристер тау жорықтарына шығып, альпинизммен айналысу үшін жиі барады.