Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті

/
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті
istockphoto.com

 Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Бұл шешім болжам раунды нәтижелеріне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер мен инфляция тәуекелдері балансының жаңартылған бағалауына сүйенеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жылдық инфляцияның қарқыны биылғы тамызда 9,8%-ға дейін баяулады. Дезинфляциялық процес 11 ай қатарынан жалғасып келеді.

Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеді. Оған жеміс-жидек пен көкөністің айтарлықтай арзандағаны мен импорттық тауар бағасының төмендегені әсер етті.

Азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқыны теңге бағамының нығаюы аясында 11,4%-ға дейін баяулады.

Сервистік инфляция реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқыны біршама баяулағандықтан 8,9%-ға дейін төмендеді.

Айлық инфляция тамызда 0,6% (шілдеде 0,6%), маусымдық факторлар ескерілмегенде 0,9% (шілдеде 0,7%) болды.

Базалық инфляция 0,7% деңгейінде сақталды.

Халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі шілдеде 12,1% (маусымда 13,4%) болды. Себебі ҚҚС артуына, ТКШ тарифтері мен азық-түлік бағасының өсуіне байланысты алаңдаушылық сейіле бастады. Бұл ретте күтулерде жанар-жағармай бағасының өсу факторының ықпалы күшейді. Нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың соңына күтулері 10% деңгейінде сақталып отыр.

Сыртқы секторда жағдай әлі де тұрақсыз. Таяу Шығыста жалғасып жатқан қақтығыс энергия көздері бағасының жоғары қалыптасуына жағдай жасап, сыртқы инфляциялық қысымды күшейтіп тұр. Мұндай жағдайда жетекші орталық банктердің риторикасы қатаң сипатта сақталады. Азық-түліктің әлемдік бағасы дәнді дақылдар мен өсімдік майы есебінен біршама өсті, бұл ретте еттің бағасы ұзақ уақыт ішінде алғаш рет төмендеді.

Ресейде инфляция орнықты күйде сақталуда. Отын нарығындағы іркілістер аясында проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр. Негізгі мөлшерлеменің төмендеуіне қарамастан, биылғы шілдеде Ресей Банкінің риторикасы қатаңдады. ЕО-да инфляция негізінен энергия көздері бағасының өсуі есебінен біршама қарқын алды. ЕОБ соңғы отырысында мөлшерлемелерді өзгеріссіз қалдырды. АҚШ-та инфляция баяулады, алайда ол әлі де нысаналы деңгейден жоғары. Осыған байланысты ФРЖ мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды.

Инфляцияның 2026 жылға болжамы өзгерген жоқ: ол 9-11% аралығында болады деп күтіледі. Баға өсімінің баяулауына ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары мен теңгенің нық айырбастау бағамы ықпал етеді. Қосымша тежеуші әсерді 2026 жылғы қыркүйекте ең төменгі резервтік талаптарды арттырудың соңғы кезеңі қамтамасыз етеді. 2027 жылға жасалған болжам 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді (бұған дейін 5,5-7,5% болған), бұл сыртқы инфляцияның өсуіне, реттелетін бағалар алғышартының қайта қаралуына, сондай-ақ фискалдық серпіннің ұлғаюына негізделген. Бұл ретте ақша-кредит саясатының ұзаққа созылған қатаңдығы инфляциялық қысымды шектей түсіп, бағаның баяу өсуіне ықпал етеді. 2028 жылы инфляция сыртқы инфляциялық жағдайдың қалыпқа келуіне, фискалдық шоғырлануға, ішкі сұраныстың қалыпқа келуіне және бірқалыпты қатаң ақша-кредит шарттары аясында инфляциялық күтулердің төмендеуіне қарай 5%-дық нысанаға жақын болып тұрақталады.

Инфляция тәуекелдерінің теңгерімі проинфляциялық бағытқа ауысты. Негізгі тәуекелдер фискалдық импульстің күшеюі аясында ішкі сұраныстың кеңеюіне, инфляциялық күтулердің тұрақсыздығына, ЖЖМ бағасының және ТКШ тарифтерінің бұдан кейінгі динамикасына байланысты. Сыртқы тәуекелдер геосаяси шиеленістің күшею ықтималдығына байланысты азық-түлік пен энергия көздеріне әлемдік бағаның өсуімен негізделген.

2026 жылға ЖІӨ өседі деген болжам базалық сценарийде өзгермей, 4,5-5,5% деңгейінде бағаланады. Квазифискалдық ынталандыру бағдарламаларын іске асыруға және тұрақты тұтынушылық сұранысқа байланысты жоғары инвестициялық белсенділік экономикалық белсенділікке ықпал етеді. Ұлттық Банктің өткен болжамды раундының алғышарттарымен және Үкіметтің Әлеуметтік-экономикалық даму болжамының алдыңғы параметрлерімен салыстырғанда 2027 жылы фискалдық ынталандыру көлемі артады деп күтіледі. Бұл инвестициялық және тұтынушылық белсенділікке әсер етеді. Бұл ретте ТШО-ны жөндеу 2026 жылдан 2027 жылға ауыстырылғаны себепті 2027 жылы мұнай өндіруге қатысты мейлінше әлсіз болжам динамикасы ішкі сұраныстың кеңеюін ішінара төмендетеді. 2027 жылы ЖІӨ өсуі 4,5% шегінде қалыптасады. 2028 жылы салалық және жүйелік реформалар іске асырылуына, фискалдық ынталандыруды жоспарлы түрде кеңейтуге және мұнай өндірісі мен экспортының қалпына келуіне байланысты ЖІӨ өсімі 4-5%-ға дейін (бұған дейін 3,5-4,5%) қарқын алады деп күтіледі.

Ағымдағы инфляция мен инфляциялық күтулердің оң динамикасы қазіргі шешім аясында базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл ретте 2027 жылға жасалған болжамды бағалауды қайта қарауға әсер еткен проинфляциялық факторлар мен тәуекелдердің күшею жағдайында одан әрі төмендетуге мүмкіндік шектелген.

Бұдан кейінгі шешімдер инфляция бойынша түсетін деректерге, оның болжамды траекторияға сәйкес келуіне, ішкі сұраныстың, инфляциялық күтулер мен реттелетін бағалардың динамикасына, сондай-ақ фискалдық және квазифискалдық ынталандырудың ауқымы мен әсеріне қарай қабылданады. Ақша-кредит саясаты 2028 жылы инфляцияны 5%-дық орта мерзімді нысанаға төмендетуге бағытталады.

Қабылданған шешімге түрткі болған факторлар мен болжамдар туралы толық ақпарат 2026 жылғы 9 қыркүйекте Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсында[1] орналастырылатын Ақша-кредит саясаты туралы баяндамада беріледі. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 23 қазанда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары