Түркістан тұрғыны отбасылық жандалдан кейін әйелін пышақтаған

/
Түркістан тұрғыны отбасылық жандалдан кейін әйелін пышақтаған

Түркістанда 54 жастағы әйел пышақ жарақатынан кейін қайтыс болды. Оны өлтірді деген күдікпен күйеуі ұсталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға Түркістанда отбасылық жанжалдан кейін болған. Көршілердің айтуынша, ауыр жарақат алған әйелді алғаш болып оның кіші ұлы байқаған. Анасының дауысын естіген ол бөлмеден шығып, анасын қанға боялып жатқан күйде көрген. Жас жігіт жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер әйелдің өмірін сақтап қала алмады.

Ерлі-зайыптылардың бірге шамамен 25 жыл тұрғаны және төрт бала тәрбиелеп өсіргені белгілі. Жанжалға нақты не себеп болғаны әзірге хабарланбады.

Түркістан облысының полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын растады.

«Күдікті ұсталып, қамауға алынды. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама аясында тиісті шешім қабылданады», – деп хабарлады Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оқиғадан кейін ер адам өзіне қол жұмсамақ болған. Ол ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта ер адам қамауда отыр.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары