Сыр еліндегі әйгілі Шалқия кентінде Liaoning Hongda Group компаниясы «Бурабай-Жалғызағаш» тау-кен байыту комбинатының құрылысын ресми түрде бастады. Бұл, шын мәнінде, облыс үшін айтулы оқиға. Өңірдің индустриялық дамуына тың серпін әкеліп, экономиканы әртараптандыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мол мүмкіндік беретін ірі инвестициялық жоба үлкен әлеуетке ие.
Комбинат құрылысының басталу рәсімінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев осындай ауқымды әрі заманауи жобаны аймақта жүзеге асыруға ықылас білдірген Liaoning Hongda Group компаниясына зор ризашылығын білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізді жаңа инвестициялық циклге көшіру, заманауи өндірістерді іске қосу және өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалануды тапсырған болатын.
Бүгінгі тау-кен байыту комбинаты – осы ауқымды жұмыстардың аса маңызды бөлігі. Құрылысына 138 млрд теңге қаралған жоба толық іске қосылғанда жылына 210 мың тонна қорғасын-мырыш шикізатын және 20 тонна күміс өндіреді. Ең бастысы, 550-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Бүгін басталып жатқан құрылыс сәтті аяқталып, мерзімінде іске қосылады деп сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Тау-кен байыту комбинатын алдағы екі жыл ішінде салып, толық аяқтау жоспарланған.
Қазір кен орнының минералдық-шикізат базасын кеңейту мақсатында бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ өндірістік жолдар салу қолға алынып, құрылыс алаңдары анықталған. Нысанды электр қуатымен қамтамасыз ету қарекеті де жүріп жатыр.
Кейінгі жылдары Сыр өңірінде жаңа өндіріс орындарының негізі қаланып, ірі жобалар жүзеге асуда. Айталық, Жаңақорған ауданының өзінде үш жылда 6,7 млрд теңгеден астам қаржыға 9 инвестициялық жоба іске қосылды. Биыл 3 жоба көзделсе, оның екеуі ел игілігіне айналды. Алдағы үш жылда облыстың өнеркәсіп саласында 1,9 триллион теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Мұның нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады.
Қуат ӘБІШ