Бектенов Presight AI басшысымен ЖИ инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастықты талқылады

/
Бектенов Presight AI басшысымен ЖИ инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастықты талқылады
Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Presight AI халықаралық компаниясының бас директоры Томас Прамотедхаммен кездесу өткізді. Онда жасанды интеллект және цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастық, Smart City жобаларын жүзеге асыру, көліктік цифрлық жүйелер мен деректерді сақтау және өңдеу инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Presight AI компаниясы халықаралық G42 тобына кіреді және жасанды интеллект пен үлкен деректерді талдау саласында қолданбалы шешімдер әзірлеуге маманданған. Компанияның қатысуымен Астанада Smart City жобасы жүзеге асырылды, Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерлік инфрақұрылымы құрылды.

Кездесу барысында көлік саласына цифрлық шешімдерді одан әрі енгізу, Астана халықаралық әуежайының интеллектуалдық инфрақұрылымын дамыту бойынша өзара іс-қимыл перспективалары айқындалды. Қалалық басқарудың тиімділігін, сервистердің қауіпсіздігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ отандық технологиялық сараптама мен кадрлық әлеуетті дамыту үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктеріне назар аударылды.

Олжас Бектенов Қазақстан цифрлық трансформацияның жаңа кезеңіне өтіп жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Елімізде ұзақмерзімді және технологиялық инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. Инвесторларға мемлекеттік қолдау шаралары, салықтық және кедендік преференциялар қолжетімді, Altyn Visa арнайы визалық режимі енгізілуде, жобаларды сүйемелдеу «бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады.

Томас Прамотедхам Presight AI компаниясы Қазақстандағы қызметін кеңейте түсуге, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. Компания қолданбалы жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және экономиканың негізгі салаларына технологиялық шешімдерді енгізу салаларында ынтымақтастықты одан ары дамыта бермек.

Кездесу қорытындысы бойынша болашақтағы ынтымақтастықтың басым бағыттары айқындалды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар