5 минут кофе иіскеу мазасыздық пен шаршауды басуы мүмкін

/
5 минут кофе иіскеу мазасыздық пен шаршауды басуы мүмкін
сурет: istockphoto.com

Кофені ішпей-ақ, оның хош иісін бес минут иіскеу мазасыздық, шаршауды басып, көңілді көтеруі мүмкін. Жапониялық ғалымдар жүргізген шағын зерттеуде қатысушылардың ми белсенділігіндегі босаңсуға тән көрсеткіш те артқан, деп хабарлайды turkystan.kz mdpi.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеуге 20-29 жас аралығындағы 20 адам қатысты. Олардың сегізі ер, 12-сі әйел болған. Ғалымдар қатысушылардың көңіл күйін, миының электрлік белсенділігін, жүрек соғу жиілігі мен жүрек ырғағының өзгергіштігін кофе иісін сезгенге дейін және одан кейін салыстырған.  Эксперимент үшін 20 грамм ұнтақталған кофе 85°C температурадағы 400 мл сумен дайындалған. Жаңа демделген кофе қатысушыдан шамамен 50 сантиметр қашықтыққа қойылып, адам бес минут бойы қалыпты тыныстаған. Кофені ішу талап етілмеген. Бес минуттан кейін қатысушылардың жалпы жағымсыз көңіл күй көрсеткіші төмендеген. Статистикалық түзетуден кейін де шаршау, мазасыздық, абыржу және көңілсіздік деңгейінің азаюы мәнді болып қалған. Ал сергектік көрсеткішінде айтарлықтай өзгеріс байқалмаған.

Ғалымдар электроэнцефалография арқылы ми белсенділігін де бағалаған. Кофе иісінен кейін EEG негізінде есептелген «босаңсу индексі» шамамен 0,74-тен 0,78-ге дейін өскен. Дегенмен зерттеу авторлары бұл көрсеткішті адамның нақты физиологиялық тұрғыда толық босаңсығанының дәлелі ретінде қарастыруға болмайтынын ескертеді.
Сонымен қатар жүрек соғу жиілігі мен жүрек ырғағының өзгергіштігінде статистикалық тұрғыдан маңызды өзгеріс анықталмаған. Яғни кофе хош иісіне реакция ең алдымен субъективті көңіл күй мен ми белсенділігінің кейбір көрсеткіштерінен байқалған.

Алайда зерттеудің бірнеше маңызды шектеуі бар. Экспериментте кофе иісін сезбейтін бақылау тобы болмаған. Сондықтан көңіл күйдің жақсаруына тыныш отыру, уақыттың өтуі, зерттеу жағдайына бейімделу немесе қатысушылардың күту әсері ықпал етуі мүмкін. Бұған қоса, зерттеуге небәрі 20 жас адам қатысқан.

Сондықтан ғалымдар кофе иісі мазасыздық пен шаршауды міндетті түрде азайтады деген қорытынды жасауға әлі ерте екенін айтады. Нәтижені нақтылау үшін қатысушылар саны көбірек, бақылау тобы бар рандомизацияланған зерттеулер қажет.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар