Қызылорда футболының тарихында жаңа кезең басталды. «Kaysar Arena» УЕФА-ның төртінші санатына ресми түрде ие болды. Бұл – стадионның халықаралық талаптарға толық сәйкес келетінін білдіретін ең жоғары инфрақұрылымдық мәртебе. Енді Сыр елінің жаңа аренасы Қазақстан құрамасының ресми кездесулерін және еурокубок матчтарын қабылдай алады.
Жаңа стадион салу идеясы қызылордалық жанкүйерлердің көпжылдық сұранысынан туындады. Ғани Мұратбаев атындағы ескі стадион жарты ғасырдан астам уақыт қызмет еткенімен, қазіргі халықаралық талаптарға жауап бере алмайтын. Сондықтан сол жағалаудан заманауи спорт кешенін салу туралы шешім қабылданды.
«Kaysar Arenaның» іргетасы 2024 жылы 1 мамырда қаланды. Құрылыс барысында жобаның сыйымдылығы ұлғайтылып, стадион 11 мың көрерменге лайықталды. Нысанда футбол алаңынан бөлек, бокс, күрес, гимнастика, таэквондо және ауыр атлетика залдары қарастырылды. Алаңға заманауи жасанды көгал төселіп, астына жылыту жүйесі орнатылды. Жарықтандыру, бейнебақылау, қауіпсіздік, телетрансляция және жанкүйерлер ағынын басқару жүйелері де халықаралық стандарттарға сай жабдықталды.
Стадион 2025 жылы 4 қазанда Қазақстан кубогының финалымен ашылды. Алғашқы үлкен ойында «Тобыл» мен «Ордабасы» кездесіп, қостанайлық клуб 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осы матч жаңа аренаның ірі футбол іс-шарасын өткізуге дайын екенін іс жүзінде көрсетті.
Алайда стадионды төртінші санат талаптарына сай салу мен ресми сертификат алу – екі бөлек кезең. 2026 жылдың сәуірінде Қызылордаға УЕФА инспекторы келіп, аренаның барлық инфрақұрылымын тексерді. Сарапшы футбол алаңын, киім ауыстыратын бөлмелерді, төрешілер мен делегаттарға арналған орындарды, медициналық және допинг-бақылау бөлмелерін, эвакуация жолдарын, жарықтандыруды, бейнебақылауды, баспасөз және телетрансляция аймақтарын бағалады. Инспекция қорытындысынан кейін 2026 жылғы 23 шілдеде «Kaysar Arenaға» УЕФА-ның төртінші санаты ресми түрде берілді.
Төртінші санат – УЕФА стадиондары жіктемесіндегі ең жоғары деңгей. Мұндай арена кемінде сегіз мың көрермен қабылдауы, алаңды жоғары сапалы жарықпен қамтамасыз етуі, резервтік электр жүйесіне, қауіпсіздік орталығына, толық бейнебақылауға, халықаралық телетрансляция жүргізуге арналған камера орындарына және кемінде 50 орындық баспасөз мәслихаты залына ие болуы керек. Сонымен қатар қонақ жанкүйерлерге жеке сектор, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға кедергісіз жағдай жасалуы міндетті.
Жаңа мәртебе Қызылордаға Қазақстан құрамасының Еуропа чемпионатының іріктеу матчтарын және Ұлттар лигасының кездесулерін қабылдауға мүмкіндік береді. Клубтық деңгейде мұнда Чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Конференция лигасының іріктеу және негізгі кезең ойындары өтуі мүмкін. Бұл «Қайсар» еурокубокқа жолдама алса, өз матчтарын басқа қалаға көшірмей, туған жерінде өткізе алады деген сөз.
Дегенмен төртінші санат кез келген еурокубок финалын автоматты түрде қабылдауға құқық бермейді. Финал өтетін қаланы УЕФА арнайы конкурс арқылы таңдайды. Мұндай шешім қабылданғанда стадионның техникалық деңгейімен қатар, оның сыйымдылығы, халықаралық әуежайдың мүмкіндігі, қонақүй қоры, көлік қатынасы, қауіпсіздік жүйесі және коммерциялық инфрақұрылым да ескеріледі. Сондықтан «Kaysar Arena» үшін қазіргі мәртебе – үлкен футбол жолындағы маңызды қадам болғанымен, алда атқарылатын жұмыс әлі де көп.
Ең бастысы, Қызылорда енді халықаралық матчтарды өткізуге дайын қалалардың қатарына қосылды. Бұл өңірге тек футбол мерекесін ғана емес, жаңа туристік ағынды, шетелдік жанкүйерлерді, клубтар мен бұқаралық ақпарат құралдарын тартуға мүмкіндік береді. Әрбір ірі кездесу қаланың қонақүй, қоғамдық тамақтану, көлік және қызмет көрсету салаларына да серпін бермек.
«Kaysar Arenaның» жаңа мәртебесі – бір стадионның ғана емес, тұтас өңірдің жетістігі. Бұл – ұзақ жыл бойы жаңа арена күткен жанкүйерлердің үміті ақталғанын, Қызылорданың спорттық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілгенін көрсететін тарихи оқиға. Ендігі міндет – стадионды тек мерекелік матчтар өтетін нысан ретінде қалдырмай, үлкен футболдың тұрақты орталығына айналдыру.
Ол үшін «Қайсардың» ел чемпионатындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еурокубок жолдамасына таласатын қуатты команда қалыптастыру қажет. Сонымен қатар мұнда ұлттық құрамалардың, жастар командаларының, әйелдер футболы мен балалар турнирлерінің кездесулерін жиі өткізу маңызды. Сонда ғана жаңа арена өзінің толық әлеуетін ашады.
Қызылорда жанкүйерлері енді Қазақстан құрамасының ресми матчтарын және «Қайсардың» еурокубоктағы ойындарын өз қаласында тамашалауға толық үміттене алады. Кеше арман болған халықаралық футбол бүгін нақты мүмкіндікке айналды. Енді «Kaysar Arenaның» жасыл алаңында Сыр елінің футбол тарихындағы жаңа жеңістер жазылуға тиіс.
Қуат ӘБІШ