ЖИ бәсекесі: Қазақстан ТОП-30-дың ішінде

/
ЖИ бәсекесі: Қазақстан ТОП-30-дың ішінде

Әлемдік экономикада жасанды интеллекттің рөлі күн санап артып келеді. Сарапшылардың болжамынша, 2030 жылға қарай бұл нарық 2 триллион долларға жетіп, жаһандық экономикаға қосатын жиынтық тиімділігі 22 триллион доллардан асуы мүмкін. Технологиялық бәйгеде тек сырттай бақылаушы немесе дайын өнімді тұтынушы болып қалмай, Орталық Азиядағы цифрлық хабқа айналуды межелеген Қазақстан бұл бағытта батыл әрі жүйелі қадамдар жасап жатыр.

Жуырда ғана Шанхайда өт­кен Дүниежүзілік жасанды ин­теллект конференциясында Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық ЖИ реттеу жүйесіндегі орнықты ұстаны­мын айқындап берді.
Президент өз сөзінде жасанды ин­теллект инфрақұрылымына са­лы­натын инвестиция жылына орта есеп­пен 47 пайызға өсіп отыр­ғанын, ал 2033 жылға қарай бұл нарықтың кө­лемі 5 триллион долларға жете­ті­нін атап өтті. Осыған орай, ЖИ-ді бас­қару жүйесі кешенді сипат­қа ие болу­ға тиіс. Ол жартылай өткізгіш­тер мен деректерді өңдеу орта­лық­та­­рынан бастап, этика, білім беру жә­не адамның қадір-қа­сиетін қор­ғау­ға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қа­жет.

Президенттің пайымдауынша, жасанды интеллект, ең бастысы, әділ әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күші бола алады.
– Бірде-бір ел жасанды интел­лек­тіні тұтынумен шектелмеуге тиіс. Адам капиталы мен цифрлық ин-фра­құрылымын дамытып, инсти­ту­цио­­налдық әлеуетін көтеруге кез кел­­ген мемлекеттің мүмкіндігі болуы керек. Бұл жерде әңгіме тағы да әділдік пен адалдыққа барып ті­ре­леді. Жасанды интеллектіні эко­но­мика мен қоғам игілігіне пай­да­лану, сөйте тұра оны адамның са­на­лы әрі қабілетті басқаруында қал­дыру – баршамызға ортақ міндет. Сон­­дықтан Қазақстан Дүниежүзілік жа­санды интеллект саласындағы ын­тымақтастық ұйымының құры­луын тарихи шешім деп санайды. Атал­ған ұйым ЖИ-ді басқаратын әм­бебап құрылымның негізін қалай­ты­нына сенімдіміз. Ол күллі адам­зат­тың өсіп-өркендеуі мен қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ететін өзара тиімді серіктестік тетігі болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 
Президент жұртшылықтың ЖИ-ді түсініп, бағалау және реттеу ба­ғы­тындағы ұжымдық қабілеті қалып­та­сып үлгергенше, оның мүмкін­дік­тері әлдеқайда озып кетуде деп са­най­ды. Бұл орайда жасанды интел­лек­тіні дамыту ісі өзара текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына не­гіз­делуі қажет.

IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты

Иә, еліміздің IT-қызметтер экс­пор­ты 1 миллиард доллардан асты. Үкімет осы қарқынды сақтап қалу үшін бар күш-жігерін салмақ. Себебі әлемдік экономикада IT-саласының маңызы арта түседі. Ал елде жасанды интеллект жаппай енгізеледі. Ми­нистрлер бұл бағыттағы жұмыста­рын баяндап, алдағы жоспарларын да жеткізді. Белгілі болғандай, отан­дық IT-шешімдерге қолдау көр­се­тіліп, жаңа суперкомпьютерлер іске қосылады. 
Елімізде Digital Qazaqstan жал­пыұлттық стратегиясы әзірленген. Құжат жаппай цифрландыру мен жа­санды интеллект технология­ла­рын енгізуді көздейді. 
Бұл туралы жуырда  Премьер-Министрінің орынбасары – Жасан­ды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеген еді. 
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша біз IT-қызметтер экспор­тын 1 миллиард доллардан астам деңгейге жеткіздік. Осы қарқынды сақтап қалу үшін бар күш-жігерді жұмылдыру қажет. IT-саласы ерекше қарқынмен дамып келеді, сондықтан жаһандық ауқымдағы цифрлық бә­се­кеге қабілетті болу үшін жұмыла жұ­мыс істеу керек. Еліміздің кә­сіп­орындарында цифрлық тех­но­ло­гия­ларды енгізу өнімнің сапасын, ең­бек қауіпсіздігі мен өнімділігін арт­тыру­ға мүмкіндік береді. Бүгінде 72 сала мен қызмет бағытын қамтитын 20 кар­та бекітілді. Атап айтқанда, өнер­кәсіп, энергетика, ауыл шар­уа­шы­лы­ғы, көлік және логистика, білім беру, денсаулық сақтау және басқа да ба­ғыт­тар. Әр карта: негізгі цифрлық сын-қатерлерді, AI-шешімдерді ен­гізу жоспарын, 2027 жылға дейінгі KPI және күтілетін әлеуметтік-эко­номикалық әсерлерді қамтиды, – деді министр.
Жасанды интеллект элемент­те­рін күнделікті өмірде де көріп жүр­міз. Банк, кәсіпкерлік, білім сала­ла­ры­нан өзге, өндіріс пен ауыл шаруа­шы­лығына да жетті. Мәселен, ме­ди­ци­на­да инсульт дертін ерте анық­тау­ға арналған Cerebra AI жасанды ин­теллекті тиімділігін көрсетті. Ол компьютерлік томография нәти­же­сін 30 минуттың орнына 5-10 минут ішін­де талдай алады. Мұндай қон­дырғы елорданың 17 емханасынан өзге, 4 облыста бар. Жасанды интел­лект құрылыста да белсенді енгізіліп жатыр.
Ал ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, жоспарлау және құрылыс кезеңінде цифрлық бас жоспарлар мен нақты жоспарлау жобаларының орындалуын бақылау үшін machine vision технологиясы мен жасанды интеллектіні біріктірген пилоттық жоба іске қосылған. Жүйе нысан­дар­дың нақты жағдайын бекітілген жо­балық құжаттамамен салыс­ты­ра­ды. Бұл жобаның сәйкестігін анық­тау уақытын 3 күннен 4 сағатқа қыс­қартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар IT өнеркәсіп, гео­логия, жол, теміржол құрылысы, тіпті, отын-энергетика кешенінде де кө­рініс табады. Тағы бір жақсы жаңа­лық, елімізде деректерді өңдей­тін жаңа орталықтардың құрылысы басталған. Оның аясында биыл қа­ра­ша айында Қосшы қаласында жаңа суперкомпьютерді іске қосу жос­парлануда. Қуаты былтыр Алма­ты­да пайдалануға берілген, өнімді­лі­гі 1,5 петафлопс болатын қондыр­ға­дан үш есе жоғары болмақ. Сон­дай-ақ бұл бағыттағы аса маңызды жобаларды Екібастұз қаласында да іске асыру көзделген.
Қазір елде Alem.Cloud және AL Farabium атты өңірдегі ең ірі супер­ком­пьютер кластерлері бар. Оның қызметіне мемлекеттік органдар мен бизнес ортаның сұранысы жо­ғары. Сондықтан Үкімет басшысы оның есептеу қуатын кеңейту және бұл салаға инвесторлар тарту қажет­тігін атап өтті. Үкімет бұл салада қол жеткен жетістіктерді сақтауға мүд­делі. Себебі 2030 жылға қарай жа­сан­ды интеллектінің жаһандық эко­номикаға қосатын үлесі 22 трил­лион доллардан асады деген болжам бар. Салаға қажетті мамандар да өзі­мізде дайындалатын болады.

Цифрлық кодекстің қандай игілігі бар?

Биыл 12 шілдеде елімізде Цифрлық кодекс ресми түрде кү­шіне енді. Бұл құжат елдегі жеке­ле­ген цифрлық шешімдерден ке­шен­ді мемлекеттік трансфор-мацияға көшудің құқықтық негізін қалады. Бұған қоса, 2026 жылдың «Цифрлан­дыру және жасанды интеллект жы­лы» болып жарияла-нуы мен «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық страте­гия­сы­ның қабылда-нуы нормативтік ре­формаларға серпін берді.
Цифрлық кодекс заңнамалық дең­гейде алғаш рет адамның цифр­лық құқықтарын бекітіп отыр. Енді аза­маттар өздерінің дербес дерек­те­рін басқаруға, соның ішінде оларды жою­ды, жасырын түрлендіруді (ано­ни­мизация) немесе өңдеуді шектеуді талап етуге толық құқылы. Ең басты жаңалықтың бірі – автоматтан­ды­рылған жүйелер мен ЖИ алго­ритм­де­рі қабылдаған шешімдерді аза­мат­тардың қайта қарауды талап ету құ­­­қығының бекітілуі. Бұл цифрлық тех­нологиялардың ашықтығы мен есеп­тілігін қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, биометриялық мә­ліметтерді пайдалану қатаң регла­мент­теліп, дата-платфор­маларға ки­бер­қауіпсіздік пен деректердің сырт­қа кетуіне жол бермеу бойынша қатаң міндеттемелер жүктелді. Ал мем­лекеттік және квазимемлекеттік сек­тор басшылары үшін жыл сайын­ғы цифрлық трансформация көр­сет­кіштері негізгі тиімділік бағасына (KPI) айналды.
Маңызды жаңалықтың бірі – цифрлық деректер өнімдерін алмасу мен айналымы платформасын ен­гізу. Бұл платформа – цифрлық өнім­­дерді пайдалану шарттары нақ­­ты белгіленген, ашық қолжетім­ділік­ті қамтамасыз ететін цифрлық алаң. Бұл ретте мұндай платформа­лар­дың меншік иелеріне киберқауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету бойынша қа­таң міндеттемелер жүктеледі: олар рұқсатсыз кіру, деректерді сырт­қа тасымалдау және егер ҚР заңна­ма­сы­мен шектелген болса, транс­ше­каралық дерек алмасуды болдыр­мау­ға міндетті. Осылайша, мұндай платформаларды құру елдегі цифр­лық деректердің заңды, қауіпсіз және ашық айналымын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа нормаларға сәйкес, цифр­лық трансформация мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор үшін міндетті процеске ай­на­лады. Жыл сайынғы трансфор­ма­ция бағдарламалары енді басшылар үшін негізгі тиімділік көрсеткішіне (KPI) айналады. Кодекс, сондай-ақ киберқауіпсіздіктің күшейтілген стандарттарын белгілейді және мү­ге­дектігі бар адамдар үшін цифрлық сервистердің қолжетімділігіне ке­піл­дік береді.

eGov-тан AI-native nation деңгейіне көшу

Елімізде көрсетілетін мемле­кет­тік қызметтердің 90 пайыз­дан астамы цифрлық формат­қа көшіріліп, eGov Mobile және екін­ші деңгейлі банктердің сервистеріне біріктірілген. Иә, азаматтарға қыз­мет көрсетуге арналған eGov порта­лының игілігін барша жұрт көріп отыр. Мұның бір дәлелі Біріккен Ұлт­тар Ұйымының Электрондық үкі­метті дамыту индексінде (EGDI) Қа­зақстан бұрынғы көрсеткіштерін жақ­сартып, әлемдегі ең озық 25 ел­дің қатарына (24-орын) енді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің 92 пайыз­дан астамы цифрлық формат­қа көшірілген.
Жуырда Женевада өткен «Цифр­лық апталық» аясында Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақ­стан­­ның бұрынғы электрондық үкі­мет моделінен ЖИ технология­лары­мен терең интеграцияланған AI-native nation (жасанды интеллек­тіні ұлттық діңгек еткен ел) мәр­те­бе­сіне көшіп жатқанын жеткізген еді.
Бұрын азаматтар мемлекеттік қыз­­мет алу үшін өзі өтініш беріп, бю­­рократиялық кезеңдерден өтуге мәж­­бүр болса, жаңа ЖИ моделі проак­­­­­­тивті, толық автоматтанды­рыл­­ған форматта жұмыс істейді. Ма­шиналық оқыту (Machine Learning) мен Отбасының цифрлық кар­та­сы арқылы жүйе мұқтаж азамат­тар­ды өздігінен анықтап, анықта­ма­сыз-ақ тиісті әлеуметтік көмекті бір­неше минутта тағайындайды.
Бұл бағыттағы нақты жобалар­дың бірі ретінде Астанада Apple Store қағидатымен ашылған Smart Point жаңа буындағы цифрлық кең­сесін айтуға болады. Мұнда тұр­ғын­дарға диалог форматында жұмыс іс­тейтін eGovGPT көпагентті ЖИ плат­формасы мемлекеттік қызмет­тер­ді тауып, оны онлайн рәсімдеуге кө­мектеседі. Сондай-ақ құжаттан­дыру терминалы арқылы жеке куә­лік немесе паспорт алуға өтініш беру­ге мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, жаңа цифрлық кеңседе цифрлық сер­вистерді пайдалануды үйретуге арналған оқу сыныбы мен жайлы күту аймағы қарастырылған. Smart Point-тің басты ерекшеліктерінің бірі – тәулік бойы жұмыс істейтін құ­жат­тарды беру аймағы.
Бұл туралы Мемлекеттік кор­по­рацияның Басқарма Төра­ғасы Арман Кенжеғалиев: «Smart Point – халыққа қызмет көрсетудің за­­манауи форматтарын дамытуға ба­ғытталған жүйелі жұмысымыздың бір бөлігі. Біздің мақсатымыз – цифр­­­лық технологияларды мем­ле­кет­тік қызметтерді алудың табиғи әрі қолайлы тетігіне айналдыру. Сон­дықтан біз азаматтардың жай­лы­лығы, қолжетімділік және олар­дың қажеттіліктері басты назарда бо­­латын осындай кеңістіктерді да­мы­­туды жалғастырамыз», – деп ақ­парат беріп өтті.

ЖИ-ға арналған ірі жоба

Елімізде жасанды интеллектке арналған ірі жоба іске аспақ. Деректерді өңдеу орталығы жоба­сы­на 10 млрд доллар инвестиция тар­ты­лып, соңғы буындағы 100 мың GPU чип негізінде ауқымды есептеу клас­тері құрылады. Firebird ком­па­ния­сының бас директоры Размик Ова­кимян бұл бастама Қазақстанды әлемдегі жетекші он цифрлық мем­лекеттің қатарына қосатынын айт­ты. Ал NVIDIA компаниясының ви­це-президенті Рев Лебаредянның пікірінше, елімізде ақылды зейінді да­мыту үшін энергия қоры жет­кілік­ті. Сондықтан мүмкіндік көп. Пре­мьер-Министрдің орынбасары, Жа­санды интеллект және цифрлық даму министрлігі Жаслан Мәдиев жоба жүзеге асқан жағдайда экс­порт­тан 3 миллиард доллар пайда түседі деп отыр. Әрі жаңа жұмыс орын­дарын ашуға және Қазақ­стан­ның Еуразиядағы маңызды цифр­лық хаб ретіндегі орнын нығайтуға мүм­кіндік беретінін айтады.
– Бірлескен жобаларды іске асы­ру еліміздің есептеу әлеуетін ны­ғай­туға, экономиканың түрлі сала­ла­рына ЖИ енгізуді жеделдетуге, сон­дай-ақ отандық әзірлеушілер үшін ғы­лыми зерттеулер мен техноло­гия­лық стартаптар жасауына жаңа мүм­кіндік береді, – дейді министр.
Басты мақсат – Қазақстанда Еу­ра­зиядағы ең ірі цифрлық клас­тер­лердің бірін қалыптастыру. Инвес­ти­ция тартуға, инженер мамандарды даяр­лауға, стартаптарды қолдауға және жаңа цифрлық сервистерді да­­мытуға да жол ашады. Сонымен жал­­пы құны 10 млрд доллар бола­тын ынтымақтастық келісімдеріне қол қойылды. Құжаттар жасанды ин­теллект экожүйесін дамытуға жә­не «Деректерді өңдеу орталық­тары алқабы» жобасын жүзеге асы­ру­ға бағытталған.

Түйін:

Қазақстан жасанды интеллектті қолдану деңгейі бойынша әлемнің ТОП-30 елі қатарына енді. Бұл туралы OpenAI делегациясының елімізге сапары барысында белгілі болды. Сарапшылардың мәліметінше, қазақстандықтар жасанды интеллект құралдарын көбіне кеңес алу, мәтін жазу және ақпарат іздеу үшін қолданады. Пайдаланушылардың басым бөлігі 18 бен 34 жас аралығындағы жастар. 
Иә, еліміз цифрлық дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жасанды интеллектті мемлекеттік басқаруға, медицинаға, өнеркәсіп пен білімге кеңінен енгізу – елдің ұлттық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты фактор. 

Наурызбек САРША

Тэгтер:
ЖИ
Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары