Көкшетауда иесінің айтқанын екі етпей, түрлі қимыл жасап, секіретін Саргүл есімді қой әлеуметтік желі жұлдызына айналды. Ерекше қабілетімен көпшілікті сүйсіндірген жануардың видеосы аз уақыт ішінде мыңдаған адамның назарын аударды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қойдың иесінің дауысына құлақ асып, айтқанын орындауға тырысатынын көруге болады. Әсіресе оның секіріп, итке ұқсап түрлі қимыл жасауы көпшілікті таңғалдырған.
Саргүлдің видеосын иесінің қызы желіге жариялаған. Көп ұзамай бейнежазба кеңінен тарап, бір аптаға жетпейтін уақыт ішінде 100 мыңға жуық лүпіл жинаған.
Қойды кішкентайынан өзі асырап өсірген
Ерекше қойдың иесі – Көкшетау қаласының 68 жастағы тұрғыны Темірболат Жүсіпов. Оның айтуынша, Саргүлдің адамға ерекше бауыр басуының өзіндік себебі бар.
2024 жылы Саргүлдің енесі егіз қозы туғанымен, олардың бірін бауырына баспай қойған. Сол жылы күн қатты суытып, әлсіз қозыны аман алып қалу үшін ер адам оны өз қамқорлығына алған.
Темірболат Жүсіпов қозыны дәріханадан сатып алған арнайы сүт қоспасымен қоректендіріп, өз қолымен өсірген. Содан бері Саргүл иесіне ерекше үйір болып кеткен.
"2024 жылы енесі қоздап, егіз туған. Бірақ біреуін бауырына баспай, тастап кеткен. Сол жылы аяз да қатты болды. Сондықтан оны өзім асырауға тура келді. Жаз бойы секіріп жүреді. Мұндай қылықтары бар екенін өзім де білмедім. Бір күні балаларға көрсетіп, әзіл болсын деп видеоға түсіріп жіберейін дедім. Содан кейін видео кеңінен таралып кетті", – дейді қойдың иесі.
Мысықтар мен тауықтарды дос көреді
Саргүлдің тағы бір ерекшелігі – ол өзге қойлармен бірге жүрмейді. Иесінің сөзінше, жануар балапандармен бірге тұрып, мысықтар және тауықтармен жақсы тіл табысады.
Темірболат Жүсіпов Саргүлдің өзіндік мінезі бар екенін де жасырмайды. Ол адамға жақын жүріп, иесінің назарын жақсы көреді.
Ал әлеуметтік желі қолданушылары ерекше қойдың қылықтарына сүйсініп, түрлі пікір қалдырған. Көпшілік Саргүлді соғымға соймай, үй жануары ретінде асырауды өтінген.
Осылайша, кезінде енесі қабылдамай қойған кішкентай қозы бүгінде ерекше қылықтарымен қазақстандықтардың сүйіктісіне айналып отыр.