Қазақтың күйшілік-домбырашылық өнері – ғасырлар бойы халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ұлттық рухтың, тарихи жадының және рухани болмыстың көрінісі. Ұлан-ғайыр қазақ даласында сан ғасырлар бойы өзіндік орындаушылық ерекшеліктерімен дараланған күйшілік-домбырашылық дәстүрлер мен аймақтық мектептер қалыптасты. Солардың ішінде Батыс Қазақстан өңірінде, Бөкей ордасында қалыптасқан күйшілік дәстүрі қазақтың дәстүрлі аспаптық музыка мәдениетіндегі көркемдік деңгейі аса биік, орындаушылық мәдениеті кемелденген ең ірі мектептердің бірі. Осы өлкеде қазақ күй өнерінің бір-бірін толықтыратын екі ұлы арнасы қатар дамыды.
Оның бірі – Құрманғазы қалыптастырған қуатты серпінге, динамикаға, эпикалық кең тыныс пен жігерлі орындаушылыққа негізделген күйшілік дәстүр болса, екіншісі – Дәулеткерей негізін қалаған сыршыл, философиялық тереңдігімен, нәзік эстетикалық талғамымен ерекшеленетін төре күйшілік мектебі. Осы екі орындаушылық мектептің ерекшеліктерін терең меңгеріп, оларды өз шығармашылық болмысында табиғи үйлестіре білген көрнекті күйшілердің бірі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор Шәміл Әбілтай. Оның орындаушылық өнерінің басты ерекшелігі – Құрманғазы мектебіне тән тегеурінді қағыс, жігерлі екпін, кең тынысты драматизм мен қуатты динамиканы Дәулеткерей дәстүріне тән байыпты ой, сыршыл лиризм және философиялық тереңдікпен табиғи ұштастыра білуінде.
Шәміл Бисенғалиұлы Әбілтай 1948 жылы 24 ақпанда Гурьев облысының (қазіргі Атырау облысы) Дендер ауданына қарасты Қарақызыл қыстағында дүниеге келген. Әкесі Бейсенғали Әбілтайұлы Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ауыр жарақаттан кейін 1943 жылы туған жеріне оралған. Ол шежірені жетік білетін, қисса-дастандар мен терме-толғауларды ерекше нақышпен орындайтын өнерпаз болған. Сонымен бірге ер-тұрман жасап, қамшы өріп, сақина соғатын, қолөнердің сан қырын меңгерген сегіз қырлы, бір сырлы шебер ретінде елге танылды. Анасы Әзірханым да өз заманының ісмерлігімен аты шыққан қолөнер шебері болыпты. Оның әсем дауысы ауыл-аймаққа кеңінен танылып, той-думан мен басқосуларда жұбайы Бейсенғалимен бірге халық әндерін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленетін. Осындай өнер мен өнеге қатар өрілген отбасында дүниеге келген Шәміл Әбілтайдың күй өнеріне деген қызығушылығы ерте оянды. Ол небәрі төрт жасынан бастап домбыраны қолына алып, тарта бастайды. Бала Шәміл ауылдағы белгілі күйшілер Көшәлі, Қамеш, Серкебай сияқты дәулескер өнерпаздардың жанынан қалмай, олардың орындауындағы халық күйлерін ынта-ықыласпен тыңдап өседі. Әсіресе, «Ақсақ құлан», «Баламайсаң», «Абыл» секілді көне күйлердің әуені оның жүрегінде өшпестей із қалдырды. Күй тартылып отырған әрбір отырыс, әрбір басқосу жас талапкер үшін үлкен өнер мектебі болатын. Ол күйшілердің домбыра қағысын, дыбыс бояуын, орындаушылық мәнерін зердесіне тоқып, естігенін ұмытпайтын зерек қабілетімен ерекшеленді. Ол ауылдағы бастауыш мектепте төрт сыныптық білім алғаннан кейін, 1959-1960 жылдары Маңғыстау өңіріндегі Форт-Шевченко қаласындағы мектепте оқуын жалғастырды. Осы кезеңде ортаншы ағасы Бақытжан Бейсенғалиевтің тәрбиесінде болып, білім алды.
1962 жылы Шәміл Әбілтай Гурьев (қазіргі Атырау) музыка училищесінің домбыра бөліміне оқуға қабылданды. Училищеде ол белгілі дирижер, композитор әрі білікті педагог Сейілхан Құсайыновтың класында білім алып, кәсіби орындаушылық өнердің қыр-сырын меңгерді. Сол кезеңде Атырауға белгілі композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергенов арнайы сапармен келеді. Училище директоры Сейілхан Құсайынов жас күйші Шәмілді шақырып:
– Шәміл, айналайын, елге сыйлы ағаларың келіп қалыпты. Қастарында болып, күй тартып бер, – деп тапсырма береді. Сол бір сапарда Шәміл Әбілтай Дәулеткерейдің әйгілі «Құдаша» күйін орындаған. Жас күйшінің орындау шеберлігі Төлеген Айбергеновке ерекше әсер етіп, ақын осы күйді қайта-қайта тыңдапты. Бір кеште Шәміл «Құдаша» күйі он жеті рет орындаған екен. 1966 жылы Шәміл Әбілтай Алматы мемлекеттік консерваториясының (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) халық аспаптары факультетіне оқуға түсіп, белгілі домбырашы-педагог Құбыш Мұхитовтың класында білім алды. Абитуриенттермен танысу барысында оқу орнының ректоры, көрнекті композитор Құддыс Қожамияров халық аспаптары бөліміне бас сұғып, талапкерлердің бірі Шәміл Әбілтайдан қай өңірден келгенін сұрайды. Атыраудан келгенін естіген ректор: «Құрманғазының елінен келген екенсің ғой, кәне, бір күй тартып жібер», – дейді. Сонда жас домбырашы Құрманғазының «Төремұрат» күйін орындап береді. Күйді ықыласпен тыңдаған Құддыс Қожамияров: «Молодой человек, вы феномен музыки», – деп жоғары бағасын беріпті. Консерваториядағы оқу жылдарының ең маңызды оқиғаларының бірі – әйгілі күйші, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуовпен кездесуі болды. Сол кездегі консерватория басшылығының бастамасымен Қали Жантілеуов арнайы шақырылып, студенттерге Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрі бойынша дәрістер мен шеберлік сабақтарын өткізеді. Шәміл талантты шәкірт ретінде Қали Жантілеуовтен Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Мәмен, Дина, Соқыр Есжан, Баламайсаң және басқа да Батыс Қазақстан күйшілік мектебі өкілдерінің шығармаларын меңгерді. Әсіресе, Дәулеткерейдің «Жігер», халық күйі «Қарт Науайы», Баламайсаңның «Дүниеғапыл» сияқты күрделі шығармаларын Қали Жантілеуовтің өз орындаушылық нұсқасымен үйренуі оның кәсіби деңгейін жаңа сатыға көтерді. Ұстазы шәкіртінің табиғи дарынына ерекше сенім артып, орындаушылық мектебін аманат етті. Оның орындауындағы Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтек, Дина, Мәмен және басқа да дәулескер күйшілердің шығармалары дәстүрлі орындаушылық үлгінің өміршеңдігін дәлелдейтін көркем мұра болып саналады. Оның орындаушылық қолтаңбасында Құрманғазы мектебіне тән тегеурінді төкпе қағыс пен қуатты серпін Дәулеткерей дәстүріне тән сыршылдық пен бекзаттық сипатпен табиғи үндесіп, өзіндік орындаушылық мәнер қалыптастырды. Шәміл Әбілтайдың орындаушылық шеберлігі 1974 жылы өткен халық аспаптарында орындаушылардың Бүкілодақтық байқауында кеңінен танылды. Ресейдің Воронеж қаласында ұйымдастырылған беделді өнер сайысында ол Құрманғазының күрделі әрі орындаушылық шеберлікті аса жоғары деңгейде талап ететін «Төремұрат» күйін орындады. Оның орындауы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, нәтижесінде Шәміл Әбілтай байқаудың І дәрежелі лауреаты атанды. Шәміл Әбілтайдың күйшілік шеберлігі студенттік жылдарының өзінде-ақ өнер мен әдебиет қайраткерлерінің назарын аударды. Домбырадағы табиғи шеберлігі, күйдің мазмұнын терең сезініп орындауы, зиялы қауымды тамсандырды. Жас күйшінің өнеріне алғашқылардың бірі болып қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқанов ерекше ықылас танытты. Ол Шәміл Әбілтайдың орындауындағы «Абыл» күйін тыңдап, орындаушылық шеберлігін аса жоғары бағалаған. Қазақ әдебиетінің тағы бір алып тұлғасы Ғабит Мүсірепов те Шәміл Әбілтайдың өнеріне ерекше қызығушылық танытқан. Ол жас күйшіні арнайы үйіне шақырып, бірнеше күй тыңдаған. Сол кездесуде Шәміл Әбілтай Дәулеткерейдің әйгілі «Жігер» күйін орындаған. Күйдің философиялық тереңдігіне, орындаушылық шеберлігіне және жас домбырашының шығарманы жеткізу мәдениетіне тәнті болған Ғабит Мүсірепов бұл шығарманы қатарынан үш рет тыңдапты. Бұл оқиға жазушының күй өнеріне деген биік талғамымен қатар, Шәміл Әбілтайдың орындаушылық деңгейінің сол кездің өзінде-ақ классиктердің ықыласына бөленгенін көрсетеді.
1972 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясын тәмамдағаннан кейін Шәміл Әбілтай еңбек жолын республиканың жетекші өнер ордаларының бірі – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бастады. 1972-1985 жылдар аралығында осы ұжымда күйші-лектор қызметін атқарып, күй өнерін кеңінен насихаттауға белсене атсалысты. Бұл кезең оның орындаушылық өнерінің кемелденіп, республика көлемінде кеңінен танылған жылдары болды. Қазақстанның барлық өңірлерін аралап, мыңдаған көрермен алдында өнер көрсетті. Оның концерттері қарапайым орындаушылық кеш қана емес, күйдің тарихын, шығу тегін, көркемдік табиғатын және орындаушылық ерекшеліктерін терең түсіндіретін танымдық дәрістермен ұштасып отырды. Осы жылдары Шәміл Әбілтай республикадағы дәстүрлі күй өнерінің ең белсенді насихатшыларының біріне айналды. Шәміл Әбілтайдың орындаушылық және шығармашылық қызметі халық арасында ғана емес, мемлекет тарапынан да жоғары бағаланды. Қазақтың дәстүрлі күй өнерін дамытуға, оны кәсіби деңгейде насихаттауға және ұлттық музыкалық мұраны сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін 1980 жылы оған Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы берілді. Бұл марапат жас өнерпаздың жеке жетістігінің ғана емес, қазақтың дәстүрлі күйшілік өнерінің қоғамдық маңызын айқындаған айтулы оқиғалардың бірі болды. Ол кезеңде бұл сыйлық ғылым, әдебиет, өнер және мәдениет салаларындағы дарынды жастарға берілетін ең беделді мемлекеттік марапаттардың бірі еді.
1985 жылы Шәміл Әбілтай шығармашылық қызметінің жаңа кезеңіне қадам басып, Қазақ радиосының музыка редакциясына бас редактор болып тағайындалды. 1985-1988 жылдар аралығында атқарған бұл жауапты қызметінде ол ұлттық музыка мұрасын жинақтау, жүйелеу және көпшілікке кеңінен насихаттау бағытында жемісті еңбек етті. Қазақ радиосындағы қызметі барысында Шәміл Әбілтай халық композиторларының күйлері мен дәстүрлі әншілік өнерінің үздік үлгілерін радионың алтын қорына жаздыруға ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен көптеген белгілі күйші мен әншінің орындауындағы шығармалар сапалы түрде таспаға түсіріліп, ұлттық мәдениеттің баға жетпес аудио мұрасы ретінде сақталды. Бұл – жұмыстар кейінгі зерттеушілер мен орындаушылар үшін құнды дереккөз. Бас редактор ретінде ол эфир саясатына ұлттық өнердің мүддесін арқау етіп, дәстүрлі музыкаға арналған хабарлардың мазмұнын байытуға күш салды. Радио арқылы халық композиторларының шығармаларын, сирек орындалатын күйлер мен халық әндерін, сондай-ақ жас таланттардың өнерін кеңінен насихаттады. Сонымен бірге Шәміл Әбілтай көптеген өнерпаздың шығармашылық әлеуетінің кеңінен танылуына ықпал етті. Ол дәстүрлі орындаушылық өнердің көрнекті өкілдерін радиоға тартып, олардың орындауындағы шығармаларды халық игілігіне айналдыруға үлкен еңбек сіңірді.
Шәміл Әбілтай қазақ музыка мәдениетінде күйші, орындаушы және композитор ретінде ғана емес, ән жанрында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған дарынды сазгер. Оның әндері ұлттық әуездің табиғи болмысын сақтай отырып, кең тынысты әуенмен, терең лиризммен және сөз бен саздың табиғи тұтастығымен ерекшеленеді. Әсіресе, оның көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовпен шығармашылық ынтымақтастығы қазақ ән өнеріне бірқатар шоқтығы биік туындылар сыйлады. Ақынның терең мазмұнды поэзиясы мен композитордың сыршыл әуені өзара жарасымды үндесіп, халық жүрегінен орын алған әндердің дүниеге келуіне негіз болды. Олардың шығармашылық одағы нәтижесінде «Бір ауыз сөз», «Өрікгүл», «Аңсау», «Күй ата», «Жер ұраны – Ұлытау», «Пайғамбар берген аманат» сияқты көптеген көркемдік деңгейі жоғары ән дүниеге келді. Бұл шығармаларда туған жерге деген сүйіспеншілік, ұлттық рух, адамгершілік құндылықтар, тарихи жады мен елдік мұраттар терең көрініс тапқан. Әндердің әуездік құрылысы халықтық дәстүрге жақын болғанымен, композитордың өзіндік интонациялық өрнегі мен музыкалық тілі айқын сезіледі. Шәміл Әбілтайдың әндері табиғи әуезділігімен, кең тынысты сазымен және орындауға ыңғайлы құрылымымен ерекшеленеді. Олар кәсіби әншілердің репертуарына еніп, ел арасына кеңінен тарады. Композитор әрбір әнінде сөз бен саздың табиғи тұтастығын сақтап, поэзияның мазмұнын музыка арқылы тереңдете жеткізе білді.
Шәміл Әбілтай шығармашылықта да жемісті еңбек етіп, қазақ күй өнерінің қорын жаңа туындылармен үздіксіз толықтырып келеді. Оның «Ұлытау – Жошы хан», «Пір Бекет», «Айжарық «Матай», «Қубас ат», «Ырғызбай әулие», «Қазақ күресі» және басқа да күйлері тақырыптық ауқымының кеңдігімен, ойының тереңдігімен әрі көркемдік шешімдерінің сонылығымен тартымды. Бұл шығармалар қазақтың дәстүрлі күй қорын жаңа мазмұнмен байытып, қазіргі күй өнерінің көркемдік көкжиегін кеңейткен құнды туындылар ретінде бағаланады.
Шәміл Әбілтай шығармашылығының ең ірі жетістіктерінің бірі – қазақтың дәстүрлі күй өнерінде бұрын-соңды болмаған «Тұран – Алтын Орда – Қазағым» атты күй трилогиясын дүниеге әкелуі. Бұл шығарма ұлттық аспаптық музыка тарихындағы көркемдік құбылыс десек, қателеспейміз. Өйткені қазақ күйшілік дәстүрінде тарихи уақыт пен ұлттық сананы, түркі өркениетінің даму жолын тұтас бір композициялық циклге біріктірген мұндай көлемді туынды бұрын кездеспеген. Трилогия «Тұран», «Алтын Орда», «Қазағым» атты өзара идеялық әрі музыкалық тұрғыдан сабақтас үш күйден тұрады. Бұл шығармалар жеке-жеке орындалғанымен, мазмұны мен көркемдік тұтастығы жағынан бір-бірін толықтырып, түркі әлемінің көне дәуірінен бастап Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі тарихи кезеңдерді күй тілі арқылы баяндайтын біртұтас музыкалық эпопеяны құрайды.
Трилогияның алғашқы бөлімі – «Тұран». Бұл шығарма ежелгі түркі дүниесінің ұлылығын, көшпелі өркениеттің қуатын, азаттық рухын және Ұлы даланың мәңгілік болмысын бейнелейді. Композитор шығарманың идеялық негізіне ұлт руханиятының ұлы тұлғасы Мағжан Жұмабаевтың:
Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе,
Түрікке адамзатта ел жеткен бе.
Кең ақыл, отты қайрат, жүйрік қиял,
Тұранның ерлеріне ер жеткен бе? – деген жалынды жыр жолдарын арқау еткен. Осы поэтикалық идея күйдің музыкалық драматургиясында терең көрініс тауып, тыңдаушыны ежелгі түркі әлемінің рухани кеңістігіне жетелейді. Шығарманың әуендік тілі философиялық толғанысқа құрылып, кең тынысты музыкалық өріспен ерекшеленеді. Домбыра үнінен көшпенділер өркениетінің айбыны, еркіндік рухы мен тарихи жадтың жаңғырығы сезіледі.
Трилогияның екінші бөлімі – «Алтын Орда» күйі. Бұл шығарма Ұлы Даланың ең қуатты мемлекеттерінің бірі болған Алтын Орданың тарихи дәуіріне арналған. Композитор мемлекеттің өрлеуі мен қуатын, тарихи тағдырын, елдік мұратын және оның кейінгі қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына ықпалын күй тілімен көркем бейнелейді. Бұл шығарманы жазуда Шәміл Әбілтайға көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» тарихи трилогиясы ерекше шығармашылық серпін берген. Күйдің әуездік тілінің жігерлі, қаһармандық сипатымен бітімі бөлек. Ондағы кең тынысты тақырыптар мен қуатты ырғақтық қозғалыс тарихи дәуірдің айбатын әсерлі жеткізеді.
Трилогияның қорытынды бөлімі – «Қазағым» күйі. Бұл шығарма қазақ халқының ғасырлар бойғы азаттық арманын жүзеге асырған Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріне арналған. Композитор мұнда халықтың рухани жаңғыруын, ұлттық бірлігін, ел тәуелсіздігінің қуанышын және болашаққа деген нық сенімін музыкалық тілмен бейнелейді. Күйдің әуендік табиғатынан шаттық пен жасампаздық, еркіндік пен үміт айқын сезіледі. Кең тынысты әуез, жарқын интонациялар мен серпінді даму тәуелсіз елдің рухын көркем түрде танытады.
«Тұран – Алтын Орда – Қазағым» трилогиясы тарихи оқиғаларды қарапайым суреттеу емес, қазақ халқының тарихи жадын, ұлттық дүниетанымын және мемлекеттілік идеясының эволюциясын күй тілі арқылы философиялық деңгейде пайымдаған көркем шығармалар желісі.
Бұл туынды арқылы Шәміл Әбілтай қазақ күй өнерінің тақырыптық көкжиегін кеңейтіп қана қойған жоқ, дәстүрлі күйдің тарихи-философиялық ойды жеткізе алатын аса қуатты көркемдік құрал екенін де дәлелдеді. Сондықтан «Тұран – Алтын Орда – Қазағым» трилогиясы қазақтың дәстүрлі күй мәдениетіндегі жаңашыл құбылыс, ұлттық аспаптық музыканың көркемдік мүмкіндіктерін жаңа белеске көтерген айтулы шығарма.
Композитордың бұл еңбегі оның шығармашылық ізденісінің кемел шағын, ұлттық тарих пен руханиятты терең пайымдайтын суреткерлік болмысын айқын танытады. Бүгінде аталған трилогия Шәміл Әбілтай шығармашылығының ғана емес, тәуелсіздік дәуіріндегі қазақ күй өнерінің ең көрнекті жетістіктерінің бірі ретінде ұлттық музыка мәдениетінің алтын қорынан лайықты орын алып отыр.
Мұрат ӘБУҒАЗЫ,
Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, күйші