2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында республикалық бюджеттің кірісі жоспарлағаннан жоғары орындалды. Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, трансферттерді есептемегенде, бюджетке 8,5 трлн теңге түсті. Бұл жоспардың 100,6 пайызға орындалғанын көрсетеді.
Үкімет отырысында алты айдағы бюджеттің атқарылу қорытындысын баяндаған Қаржы министрінің міндетін атқарушы Ержан Біржановтың айтуынша, кіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 трлн теңгеге немесе 24,6 пайызға өскен.
Салық түсімдері 8,3 трлн теңгені құрап, жоспар 100,3 пайызға орындалды. Былтырғы алғашқы жартыжылдықпен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1,9 трлн теңгеге немесе 29 пайызға артқан. Кірістің көбеюіне сыртқы сауданың жандануы, салық базасының кеңеюі, сондай-ақ салық және кедендік басқару сапасының жақсаруы әсер еткен.
Экономиканың ашықтығын арттыру бағытында да бірқатар іс-шара жүзеге асырылды. «Халық бухгалтері» акциясы аясында 61 мыңнан астам салық төлеушіге кеңес берілді. «Таза парақтан» бастамасы бойынша 19 мың шағын және микробизнес субъектісінің 9,3 млрд теңге көлеміндегі өсімпұлы мен айыппұлы есептен шығарылды.
Алты айда 546 мыңға жуық жеке тұлға тіркеліп, қызметін заңдастырған. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса алғанда, кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл басынан бері 499 мыңға өсіп, 2,9 миллионға жетті. Қосылған құн салығын төлеушілер қатары 22,3 мыңға артып, 158,2 мың болды.
Кедендік инфрақұрылымды жаңарту да оң нәтиже көрсетті. Жаңғыртылған өткізу пункттерінен өткен автокөлік саны 18 пайызға көбейіп, шамамен 900 мыңға жеткен. Кеден төлемдерінің көлемі 2,4 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 400 млрд теңгеге артық.
Алдағы уақытта кедендік рәсімдерді цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары жалғасады. Бұл шекарадан өту уақытын қысқартып, заңсыз тауар айналымын азайтуға және адал кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджет шығыстары 98,2 пайызға, ал республикалық бюджет шығыстары 99,6 пайызға орындалды. Зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларға 3,6 трлн теңге, өңірлерді қолдауға 3 трлн теңге, экономиканың нақты секторына шамамен 1,3 трлн теңге бағытталды.
Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылау мақсатында 541 аудиторлық іс-шара өткізілді. Тексеру 1,8 трлн теңге көлеміндегі қаражатты қамтыды. Нәтижесінде, 456 млрд теңгеге қаржылық кемшілік анықталып, оның 318 млрд теңгеге жуығы бойынша бұзушылықтар жойылды.
Сонымен қатар мемлекеттік аудитті жетілдіру үшін SMART AUDIT QAZAQSTAN бірыңғай талдамалық платформасы әзірленіп жатыр. Әлеуметтік саланы цифрландыру жұмыстары да жалғасуда. Қазір мемлекеттік және жекеменшік мектептердің 78 пайызы цифрландырылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылатын медициналық ұйымдардың барлығы Qalqan бірыңғай порталына қосылған.
Алты айдың қорытындысы бюджет кірісінің тұрақты өскенін көрсетті. Ендігі міндет жиналған қаражатты тиімді пайдаланып, әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын, өңірлердің дамуын және экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету болмақ.