Ақтөбенің бес ауылына газ тартылды

/
Ақтөбенің бес ауылына газ тартылды

«Газ қашан келер екен?» Бұл – Ақтөбе облысындағы шалғай ауылдардың тұрғындары атқарушы билікке жылдар бойы қойып келе жатқан сауал. Ауыл тұрғындары әкімдер есеп беретін жиындарда көбіне газдың жайын сұрайды. Қыс түсе көмір қамдап, ағаш жарып, отын әзірлеуге мәжбүр болатын ауыл халқы үшін табиғи газ – коммуналдық қызметтің бір түрі ғана емес, күн сайынғы ауыр бейнетін жеңілдететін игілік.

Ақтөбеден 400 шақырым жердегі Ақ­тасты ауылы Әйтеке би ауданына қарайды. Ақтастыға биыл 26 маусым күні газ барды. Алты баланың әкесі Қуат Салов газ құ­бы­рын тартып, көгілдір отынның игілігін ел­ден бұрын көрген тұрғын. 
– Газ келеді деген хабарды ести сала ер­те қамдандым. Өйткені жасы 80-ге кел­ген кәрі шешем, ара-тұра ауылға қыдырып ке­летін кішкентай жиендерім бар. Газ жоқ кез­де солар тоңады-ау деп уайым­дай­тын­мын. Көмір жағудың қандай бейнет екенін бі­летін боларсыздар. Ала жаздай малдың те­зегін жинаймыз, жыл сайын кемінде бес тон­на көмір түсіреміз. Оған 200 мыңдай қар­жы жұмсаймыз. Аязды күні үйге ше­лектеп көмір таситынымыз өз алдына бұр­қыратып күл шығарамыз. Пешке отын салу­мен бәрі бітсе, қане? Түнде от сөніп қа­лып, таңға дейін үй салқындап кететін. Қа­зір соның бәрі көрген түстей, –  дейді Қуат Салов. 
Ақтасты тұрғындары газ құбырын то­лық тартып болмағандықтан ресми шара­дан соң газ құбыры уақытша бекітілген. Қуат Салов осы аралықта отбасымен бірге газға екі рет шай қайнатып ішкенін айтып, қуанып отыр.
Сырт көзге тым қарапайым көрінетін осындай нәрселер өңірді газдан­дыру жұмысының әлеуметтік маңызы зор екенін аңғартады.
Ақтөбе облысында алдағы үш жылда тұрғындарды табиғи газбен қамту деңгейі 99,6 пайызға жетуге тиіс. Бұл жоспар Ақ­тө­бе әкімдігінде Асхат Шахаровтың төра­ғалығымен өткен аппарат мәжілісінде ай­тылды. Жиында газдандыру жоба­лары­ның жүзеге асырылу барысы, инфрақұры­лым­ның техникалық жай-күйі, тұрғын­дарға көрсетілетін қызмет сапасы және жалпы жұмыс жоспары қаралған.
Ақтөбе облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасы басшысы Арысұлан Айтбаев­тың мәліметінше, бүгінде өңірдегі 319 елді мекеннің 208-іне газ құбыры тартылған. Бұл ауылдарда шамамен 903 отбасы тұра­ды.
Өткен 2025 жылы жалпы құны 12,2 миллиард теңгені құрайтын 23 жо­ба іске асырылып, 31 ауылға газ құбыры тар­тылған. Ал биыл Ақтөбе облысының Әйтеке би, Мәртөк және Ойыл аудан­да­рын­да тағы сегіз ауылға газ тарту жос­пар­ланып отыр. Оның бесеуінде газдандыру жұмысы

толық аяқталып, тағы екі мыңнан астам тұрғын табиғи газдың игілігін көре бастады.


–  Әйтеке би ауданындағы үш ауылға биыл газ тарту жоспарланған еді. Үшеуі де аудан орталығы Темірбек Жүргенов село­сы­нан шалғай жатқан ауыл. Ел аралап шық­­қанымызда бұл елді мекендердің тұр­ғындары  үнемі «газ қашан келеді?» деп сұрайтын. Ақтасты ауылына көгілдір отын биыл 26 маусым күні берілді. Жабасақ пен Тұмабұлаққа қыркүйек айына дейін бері­леді. Құбыр тарту жұмысы қарқынды жү­ріп жатыр. Бұл ауылдарда халық саны са­лыстырмалы түрде аз әрі шалғай ор­на­лас­қандықтан жоба қымбатқа шығып тұр. Мысалы, Жабасаққа газ тарту құны – 758 млн теңге, Тұмабұлаққа газ тарту құны – 715 млн теңге. Екі ауылды қоса есептегенде тұр­ғын саны мың адамнан сәл ғана асады, –  дейді Әйтеке би ауданының әкімі Дәуле­тияр Тоғызбаев.
Газдандыру – тек құбыр тартумен шектелетін жұмыс емес. Көгілдір отын ауыл тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп, көмір мен отын дайындауға жұм­салатын шығынын азайтады. Соны­мен бірге елді мекендердің экологиясына да әсер етіп, шағын кәсіпкерліктің дамуы­на да мүмкіндік береді. Наубайхана, жы­лы­жай, өзге де халыққа қызмет көрсететін бизнес нысандары  үшін табиғи газ – тұ­рақ­ты әрі қолжетімді энергия көзі. 
Ақтөбе облысында бұл бағыттағы жұ­мыс алдағы жылдары да жалғасады. Қазір бес ауылға тартылатын құбырдың жо­балық-сметалық құжаттамасы дайын. Тағы екі жоба әзірленіп жатыр. Ал 2027-2029 жылдар аралығында Ақтөбе облы­сын­да 40 ауылды қамтитын 15 жобаны жү­зеге асыру көзделіп отыр.  
Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттік комис­сия­ға 5,5 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу жөнінде өтінім жолданған. Қолдау көр­сетілген жағдайда газдандырылған елді мекен саны 225-ке жетіп, облыс хал­қы­ның 98 пайызы табиғи газға қол жет­кізеді.
Дегенмен өңірде газсыз отырған ауыл­дар әлі де бар. Сондықтан жаңа құбыр тар­тумен қатар, қолданыстағы газ желі­лері­нің тозуын азайту, тұрғындарды желі­ге қосу мерзімін қысқарту және қызмет сапасын арттыру мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.
Аппарат мәжілісінде Ақтөбе облысы­ның әкімі Асхат Шахаров газдандыру жо­баларының сапалы әрі уақытында аяқ­талуын, инфрақұрылымды кезең-кезеңі­мен жаңғыртуды және қауіпсіздік талабын қатаң сақтауды тапсырды.
Егер жоспарланған жобалардың бар­лығы  жүзеге асса, 2029 жылға қарай Ақ­төбе облысында табиғи газ тартылған елді мекен саны 274-ке жетеді. Бұл – облыс аума­ғындағы ауылдардың 85,9 пайызы. Ал табиғи газды тұтынатын халық саны 929,9 мың адамға немесе жалпы тұрғындардың 99,6 пайызына дейін өседі.
Ұлттық статистика бюросының дере­гін­­­ше, Ақтөбе облысында  957, 4 мың адам тұрады. Оның ішінде облыс орталығы Ақ­төбе қаласы тұрғындарының саны – 600 мыңнан астам. Статистикаға көз жүгірт­сеңіз, ауылдарда халықтың тығыз қо­ныстанбағанын аңғарасыз.


Маусым айының соңына көгілдір отын барған Әйтеке би ауданын­дағы Ақтасты ауылында 50 шақты түтін бар. Небәрі 246 тұрғыны бар Ақтасты жұр­ты бұл жерді малға жайлы, құтты қо­ныс санайды. Сол себепті шалғай ауылдан кет­кісі жоқ.
– Біз осы күнге дейін ешкімнен ештеңе сұ­рап көргеніміз жоқ. Болашақта да сұрай қоймаспыз. Ең бастысы, ауылға газ келді. Шалғай ауыл ғой деп ұмыт қалдырмаған билік басындағы азаматтарға мың алғыс! Ауылдастарымның қуанышын сөзбен сипаттап бере алмаймын. Газ келгенде қуанбаған адам қалмады. Қуанғаным сондай былтырдан қалған көмір мен малдың жинаулы тұрған қиын қыстақтағы малшыларға өзім жеткізіп бердім, – дейді Ақтасты ауылының тұрғыны Қуат Салов.
Табиғи газ мегаполистер мен ірілі-уақты қала тұрғындарына жай ғана инфрақұрылым жобасы болып көрінуі де мүмкін. Ал ауыл тұрғындары үшін ол – әр қыс сайын көмір тасып, күл шығарудан, отын жарудан құтқаратын, онсыз да бейнеті бес батпан ауыл адамдарының тұрмысына жайлылық әкелетін нақты өзгеріс. 

Жанна Көпжанова,
Ақтөбе

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары