«Зорлады деп арыз жазамын»: Ақтөбелік азаматтан ақша бопсалаған әйел ұсталды

/
«Зорлады деп арыз жазамын»: Ақтөбелік азаматтан ақша бопсалаған әйел ұсталды
polisia.kz

Ақтөбе облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бопсалау жасады деген күдікпен Ақтөбе қаласының 33 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті 100 мың теңгені алу кезінде қылмыс үстінде қолға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияға арызданған ер адамның айтуынша, ол әйелмен TikTok әлеуметтік желісі арқылы танысқан. Кездесуден кейін олардың арасында жақын қарым-қатынас орнаған.

Біраз уақыт өткен соң әйел одан ақша талап етіп, құқық қорғау органдарына өзін зорлады деген жалған арыз жазатынын айтып қорқытқан.

Жәбірленушінің мәліметінше, қорқытудың салдарынан ол күдіктіге 300 мың теңге берген. Кейін әйел тағы 100 мың теңге талап еткен. Ақшаны алу кезінде ол полиция қызметкерлерінің қолына түсті.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің бопсалау бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жалғасуда.

Полиция азаматтарға бопсалаудың ауыр қылмыс екенін еске салады. Егер сізге қатысты қорқыту, бопсалау немесе ақша не өзге де мүлікті заңсыз талап ету фактілері орын алса, уақыт оздырмай полицияға жүгініңіз.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары