Малайзияда жолдастық кездесу кезінде қайғылы оқиға болды. 28 жастағы футболшы Р. Танеш матч барысында найзағай түсіп, көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға "Rembau Indian Veteran" және "Tanjung Minyak" командалары арасындағы ойын кезінде болған. Матч басталғанына шамамен он минут өткенде ауа райы күрт бұзылып, нөсер жауын жауып, күн күркіреген. Осы сәтте алаңдағы үш адам құлап қалған. Олардың арасында Р. Танеш те болған.
Зардап шеккен футболшыны бірден жеңіл көлікпен Алор-Гаджа ауруханасына жеткізген. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, спортшы жансақтау бөлімінде көз жұмды.
Матчтың төрешісі де зардап шегіп, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Ал тағы бір адам медициналық көмектен бас тартқан. Дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, осы оқиғадан кейін Малайзия футбол қауымдастығы спорттық шаралар кезінде қауіпсіздік талаптарын күшейту қажеттігін алға тартқан.
Айта кетейік, мұндай жағдайлар сирек кездескенімен, әлем футболында бұған дейін де тіркелген. Мәселен, 2024 жылдың күзінде Перуде футболшы Уго де ла Крус Месуға найзағай түскені хабарланған еді. Сол кезде тағы бірнеше ойыншы зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген.