Месси бастаған Аргентина Мысыр құрамасын соңғы минутта тізе бүктірді

/
Месси бастаған Аргентина Мысыр құрамасын соңғы минутта тізе бүктірді
REUTERS/Paul Childs

2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Аргентина мен Мысыр құрамалары жанкүйерлерге нағыз драмалық ойын сыйлады. ФИФА рейтингінде көш бастап тұрған Аргентина бұл кездесуде оңай жеңіске жеткен жоқ. Мысыр құрамасы соңына дейін қарсыласып, фаворитті әбден әбігерге салды. Дегенмен матч соңында аргентиналықтар 3:2 есебімен жеңіске жетіп, ширек финалға жолдама алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ойынның басы Аргентина үшін сәтсіз басталды. 15-минутта Мысыр құрамасының ойыншысы Ибрахим есеп ашып, қарсыластарын күтпеген жағдайға қалдырды. Көп ұзамай Аргентина таразы басын теңестіруге тамаша мүмкіндік алған еді. Алайда 21-минутта команда капитаны Лионель Месси пенальтиден гол соға алмады. Осылайша бірінші тайм Мысырдың 1:0 есебіндегі басымдығымен аяқталды.

Екінші таймда да тартыс күшейе түсті. 67-минутта Мысыр шабуылшысы Зико тағы бір гол соғып, есепті 2:0-ге жеткізді. Осы сәтте Аргентинаның жағдайы тым қиындап кеткендей көрінді. Бірақ Лионель Скалони шәкірттері дәл осындай қысылтаяң сәтте чемпиондарға тән мінез көрсетті.

Матчтың соңғы 15 минутында Аргентина керемет камбэк жасады. 79-минутта Кристиан Ромеро Лионель Мессидің пасынан кейін есеп айырмасын қысқартты. Ал 83-минутта Месси алғашқы таймдағы сәтсіздігін жуып-шайып, Гонсало Монтиельдің пасын голға айналдырды. Есеп 2:2 болды.

Кездесудің негізгі уақыты аяқталуға жақындағанда ойын тағдыры толық өзгерді. 90+2-минутта Энцо Фернандес Лаутаро Мартинестің пасынан кейін жеңіс голын соғып, Аргентина жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

Осылайша, 0:2 есебімен ұтылып жатқан Аргентина қайсарлық танытып, ойынды өз пайдасына бұра алды. Месси бастаған команда қиын кездесуде мінез көрсетіп, әлем чемпионатының ширек финалына шықты. Ал соңына дейін лайықты қарсылық танытқан Мысыр құрамасы турнирмен қош айтысты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар