АҚШ-тың Иран мұнайының экспортына қойылған шектеулерді уақытша алып тастау туралы шешімінен кейін мұнай бағасы түсіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бағаның төмендеуіне АҚШ Қаржы министрлігінің Иран мұнайын өндіруге, сатуға және тасымалдауға, сондай-ақ оған қатысты мәмілелерді, соның ішінде сақтандыру қызметтерін жүзеге асыруға рұқсат беруі себеп болды. 21 тамызға дейін жарамды лицензия Ираннан АҚШ-қа мұнай жеткізуге және доллармен есеп айырысуға, оның ішінде санкция салынған тұлғалардың қатысуымен жүргізілетін операцияларға да мүмкіндік береді.
Мұнай бағасы қандай деңгейде?
Астана уақыты бойынша сағат 10:13-те Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың тамыз айындағы фьючерстерінің құны 3,74 пайызға төмендеп, бір баррелі 77,55 долларды құрады.
Ал WTI маркалы мұнайдың тамыз айындағы фьючерстері 3,89 пайызға арзандап, бір баррелі 73,58 долларға дейін түсті.
Сарапшылар бұған дейін Иран мұнайына қатысты санкциялардың уақытша алынуы әлемдік нарықтағы мұнай ұсынысын арттыратынын бірнеше рет болжаған болатын. Сонымен қатар Ормуз бұғазының қайта ашылуы да әлемдік мұнай бағасының төмендеуіне ықпал етеді деп күтілген.
28 ақпанда басталған әскери қақтығыстардан кейін мұнай бағасы күрт қымбаттаған еді. Ал соғысқа дейін әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы тасымалданған Ормуз бұғазының Тегеран тарапынан жабылуы ауқымды отын дағдарысына әкеліп, әсіресе осы бұғазға тәуелді араб мұнай өндіруші елдерге ауыр соққы болды.