Павлодар облысында 11 млн теңгенің жылқысын ұрлағандар ұсталды

/
Павлодар облысында 11 млн теңгенің жылқысын ұрлағандар ұсталды
istockphoto

Павлодар облысында жайылымнан 11 миллион теңгенің жылқысын ұрлағандар ұсталды. Жедел уәкілдер жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде Аққулы ауданында 15 жылқыны (жалпы құны 11 миллион теңге) ұрлады деген күдікке ілінген бір топ ер адамды анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында өңірдің бес тұрғыны ұсталды. Олар түнде жүк көлігін пайдаланып, жайылымнан малды қолды қылған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Павлодар облысы полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Жаслан Тәнжановтың айтуынша, иелерінің қарауынсыз жайылып жүрген жылқылар жайылымнан ұрланған.

"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ұсталғандардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", – деді ол.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың 10 айында өңірде мал ұрлығының 41 дерегі тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21 пайызға аз.

Сондай-ақ бұл қылмыс түрін ашу көрсеткішінде де оң динамика байқалады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мал ұрлығына қатысы бар 33 адам ұсталып, тоғыз қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылған. Ұрланған 287 бас малдың 148-і иелеріне қайтарылды.

Полиция ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді. Атап айтқанда:

малды қараусыз қалдырмау;

жайылымдарды тұрақты бақылау;

жануарларды сәйкестендіру құралдарын пайдалану;

мүмкіндігінше мал ұсталатын жерлерге бейнебақылау камераларын орнату.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары