Ұлттық статистика бюросының (ҰСБ) мәліметінше, өткен жылдың қорытындысы бойынша бақыланбайтын экономиканың ЖІӨ-дегі үлесі 15,7%-ды құраған. 2025 жылы өндіріс әдісімен есептелген жалпы ішкі өнім көлемі 159,6 трлн теңгеден асқанын ескерсек, көлеңкелі экономиканың болжамды көлемі 25 трлн теңгеге жетуі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ranking.kz басылымының мәліметінше, өңірлер бойынша жағдай әркелкі. Бұл аймақтар экономикасының құрылымындағы елеулі айырмашылықтарға байланысты. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша бақыланбайтын экономиканың жалпы өңірлік өнімдегі (ЖӨӨ) ең жоғары үлесі Түркістан (27,8%), Жетісу (26,1%) және Жамбыл (25,7%) облыстарында тіркелген. Жалпы, көлеңкелі экономиканың үлесі елдің оңтүстік өңірлерінде жоғары болып отыр. Ал өткен жылы бақыланбайтын экономиканың үлесі ең төмен аймақтар Атырау (4,5%) және Ұлытау (5%) облыстары болды.
Соңғы он жылда бақыланбайтын сектордың үлесі 27,5%-дан 15,7%-ға дейін, яғни 12 пайыздық тармаққа жуық қысқарды. Осылайша, 2025 жылы тарихи ең төменгі деңгейге жетті. Көпжылдық деректер елдегі бақыланбайтын экономика үлесінің бірден емес, біртіндеп азайып келе жатқанын көрсетеді. Бұл мемлекеттің жүйелі саясатының нәтижесін аңғартады. Алдағы екі жылда билік экономиканы одан әрі «көлеңкеден шығаруды» жалғастырмақ. 2026-2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың сақтық болжамдарына сәйкес, биылғы жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 14,5%-ға, ал 2028 жылы 13,8%-ға дейін төмендеуі тиіс.
Қазақстанда бақыланбайтын экономиканың қысқаруы жүйелі сипат алғанымен, бұл үдеріс салалар бойынша біркелкі жүріп жатқан жоқ. 2020-2025 жылдар аралығында көлеңкелі сектордың жалпы үлесі 4,5 пайыздық тармаққа азайса, жекелеген салаларда оң және теріс үрдістер байқалады.
Ең елеулі жетістіктер тауар өндіру саласында тіркелген. Соңғы бес жылда оның барлық дерлік кіші салаларында көлеңкелі қызметтің үлесі қысқарған. Ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 2,6%-дан 1,8%-ға дейін төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінде 1,3%-дан 1%-ға азайды. Бұған индустриялық парктердің дамуы және шағын өндіріс орындарын тіркеу рәсімдерінің жеңілдетілуі ықпал еткен. Ал құрылыс саласы – көлеңкелі экономиканың үлесі екі есеге жуық өскен жалғыз кіші санат. Мұнда көрсеткіш 1,1%-дан 1,9%-ға дейін артқан. Бұған еңбек ақы төлеудің бұрыннан келе жатқан заңсыз схемалары сақталған жағдайда құрылыс көлемінің ұлғаюы себеп болуы мүмкін.
Көлеңкелі экономиканың негізгі бөлігін дәстүрлі түрде қызмет көрсету саласы құрайды. 2020-2025 жылдары қызмет көрсету секторындағы бақыланбайтын экономиканың жалпы үлесі шамамен 4 пайыздық тармаққа, яғни 15%-дан 11,1%-ға дейін төмендеді. Сауда саласы бұрыннан көлеңкелі қызметтің ірі көздерінің бірі саналады. Алайда соңғы бес жылда бұл салада бірқатар реттеуші жаңашылдықтар (онлайн-кассалар, тауарларды таңбалау және т.б.) енгізілді. Электронды коммерцияның белсенді дамуымен қатар бұл шаралар саудадағы бақыланбайтын сектордың үлесін екі есеге жуық қысқартуға мүмкіндік берді: 5,6%-дан 3,1%-ға дейін. Логистика саласында да айтарлықтай өзгеріс байқалды. Мұнда көрсеткіш жүк қозғалысын қадағалауға арналған цифрлық сервистерді енгізу нәтижесінде 2,9%-дан 1,1%-ға дейін төмендеген.
Сонымен қатар экономиканың кейбір салаларында қызмет көрсетуден түсетін табыстың көлеңкелі үлесі артқан. Мәселен, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар саласында бақыланбайтын экономиканың үлесі 0,6%-дан 1%-ға дейін өсті. Бұған, соның ішінде, тұрғын үйді жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелмей жалға беру әсер еткен. Өсім HoReCa (қонақүй және мейрамхана бизнесі) секторында да (0,1%-дан 0,5%-ға дейін), ақпараттандыру және байланыс саласында (0,4%-дан 0,6%-ға дейін), кәсіби және сараптамалық қызмет көрсету бағытында (0,6%-дан 0,7%-ға дейін) тіркелді.
Бақыланбайтын экономикаға тек көлеңкелі сектор ғана жатпайды. Оған тыйым салынбаған тауарлар мен қызметтерді есепке алмай сату немесе жалақыны конвертпен беру сияқты әрекеттермен қатар, «қара экономика» деп аталатын заңсыз экономикалық қызмет, заңсыз қаржылық схемаларды пайдалану, контрабанда және басқа да әрекеттер кіреді. Ұлттық статистика бюросы сарапшыларының есебіне сәйкес, 2020-2025 жылдары заңсыз экономиканың үлесі 1,7%-дан 1,1%-ға дейін қысқарған. Бұған өңдеу өнеркәсібіндегі жұмыс тәртібіне қойылатын талаптардың қатаңдатылуы ықпал еткен.
Биылғы жылдың ортасында Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жаңа кешенді жоспарды бекітті. Құжатта экономиканың бақыланбайтын бөлігін қысқартуға бағытталған алдағы шаралар айқындалған. Олардың ішінен бірнеше негізгі бағытты атап өтуге болады.
Алдағы жылдары елде табысты жасыру тәуекелі жоғары салаларды цифрландыру жұмыстары жалғасады. Бұл бағыттағы негізгі құрал жеткізу тізбегінің барлық кезеңін цифрлық форматқа көшіру болмақ.
Өсімдік шаруашылығында өнімнің қозғалысын қадағалайтын цифрлық жүйе енгізу жоспарланып отыр. Бұл өнімнің егістіктен дүкен сөресіне дейінгі жолын бақылауға мүмкіндік береді. Осындай тәсіл мұнай-газ саласында да қолданылмақ. Атап айтқанда, мұнай өңдеу зауыттарында материалдық-шикізат балансын жүргізудің автоматтандырылған жүйесі енгізіледі. Бұл шикізат пен дайын өнімді сатудағы бейресми схемаларға жол бермейді.