Жеф Герш: 9 ай бойы Қазақстанды аралап күй өнерін зерттемекпін

Жеф Герш: 9 ай бойы Қазақстанды аралап күй өнерін зерттемекпін

Екі жыл бұрын газетімізде Нью-Йорк тұрғыны Жеф Герш домбыра шертуді үйрену үшін жаз сайын Қазақстанға келіп, сабақ алатынын жазған едік. Үш жыл қатарынан Астанаға 1 айға келіп, домбыраның қыр-сырын зерттеп жүрген Жеф бүгінде 20-дан астам күйді шебер шерте алады. Жуырда ол енді елімізге 
1 айға емес, 9 айға келіп, дәстүрлі музыкамыз туралы ұзақмерзімді зерттеу жүргізетінін қуана хабарлаған болатын. Қазақстанның әр аймағын аралап зерттеу жүргізіп қана қоймай, күйшілердің аудио және бейнежазбаларын жинақтап, оларды әлемге танытатын ағылшын тіліндегі танымдық ресурс дайындамақ. Одан да бөлек көптеген жоспары бар Жефке хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Қазақстанда тоғыз ай бойы зерт­теу жүргізуге мүмкіндік беретін 

Fulbright бағдарламасына қатысуды бұ­рын­нан армандап жүргеніңізді біле­міз. Бұл грантты жеңіп алу қаншалық­ты қиынға соқты? Іріктеуден өткен­іңіз­ді білгенде қандай қандай әсерде болдыңыз?
– Fulbright бағдарламасына құжат тапсыруға көп уақыт пен мұқият дайындық қажет. Мұнда әрбір деталь маңызды. Үміткер бірнеше эссе жазуы керек, онда өзінің тәжірибесі мен уәждемесін жан-жақты көрсетуге тиіс. Сонымен қатар ұсынған зерттеу жобасының мақсатын түсіндіріп, зерттеу жүргізетін елдегі жос­парын, неліктен дәл сол елді таңдағанын және жұмысының маңызын негіздеуі қажет.
Мен Қазақстанға үш жыл қатарынан барып, әр жолы домбыра тартуды үйрендім. Сондықтан бұл эсселерді жазу маған қиын болған жоқ. Қазақстанда көрген-білгенім, жинаған тәжірибем және сол шақта қалыптасқан кәсіби байланыс­ым қандай мақсаттарды жүзеге асыр­ғым келетінін нақты әрі сенімді түрде баяндауға мүм­кіндік берді. Сондай-ақ жос­пар­ларым­ды іске асыруға көмектесетін серіктестерім мен таныстарымның бар екенін де көрсете алдым.
Іріктеуден өткенімді естіген сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Fulbright бағдарламасына қатысуды көптен бері армандадым. Дегенмен шешім шыққанға дейін қатты үміттенбедім. Ал жеңімпаз атанғаным туралы хатты оқығанда ерекше қуандым.

– Зерттеу жобаңызды неліктен домбырамен байланыстырдыңыз?

– Менің домбыра үйреніп жүргеніме төрт жылдан асты. Осы уақыт ішінде бұл аспапқа да, өзім үйренген күйлерге де ерекше сүйіспеншілік пен қызығушылығым қалыптасты. Сондықтан осы грант аясында Қазақстанда бір жылға жуық уақыт өткізіп, күйшілік шеберлігімді жетілдіруге, сондай-ақ қазақ музыкасы мен оның тарихы туралы білімімді тереңдетуге мүмкіндік 
алу – мен үшін үлкен мәртебе.
Сол себепті зерттеу жобамды еш ойлан­б­астан домбыраға арнадым. Негізгі мақ­сатым – домбыраны барынша жақсы мең­геріп, қазақтың күй өнерін Америкада­ғы және әлемнің өзге елдеріндегі тыңдар­мандарға кеңінен таныстыру.

– Қазақстандағы тоғыз айлық зерт­теуіңіз аясында нені жүзеге асырмақ­сыз?

– Қазақстандағы басты мақсатым – орындаушылық шеберлігімді жетілдіру. Жаңа күйлерді үйреніп қана қоймай, олар­дың тарихы мен мазмұнын да зерттегім келеді. Сонымен бірге түрлі өңірлеріндегі домбырашылармен кездесіп, әр аймаққа тән күйшілік дәстүр мен өзіндік ерекше­ліктерді тереңірек танып-білсем деймін.
Бұған қоса, қобыз, жетіген, сыбызғы секілді дәстүрлі аспаптарда ойнайтын музыканттармен танысып, тәжірибе алмас­қым келеді. Жобамның тағы бір маңызды бағыты – Қазақстанның әр өңір­індегі домбырашылардың шығармашы­лығын зерттеп, олар туралы деректер жинау.

– Грант ұтып алғаныңыз туралы жазбаңызда домбырашылардың өнерін жазып алатыныңызды айтып өттіңіз. Мұны қалай жүзеге асырмақ­сыз? Барлық аймақты аралайсыз ба?

– Қазақстанның әр өңірінде тұратын домбырашылардың өнер­ін аудио және бейне фор­матта құжаттауды жоспар­лап отыр­мын. Сол үшін Қазақ­станның әр аймағына барып, жергілікті домбыра­шылар­мен кездесе­мін. Әр орын­даушы өз таң­дауы бойынша бір күй орын­дап береді, ал мен оның орын­дауын жазып аламын.
Сонымен қатар олармен сұхбат жүр­гізіп, орындаған күйі­нің тарихы, мазмұны және өздері үшін қандай мәнге ие екені туралы әңгімелесемін. Бұл жоба арқылы Қазақ­стандағы домбыра дәстүрінің аймақ­тық ерекшеліктерін, орындаушылық мектеп­терін және музы­канттардың жеке тәжіри­бесі мен көзқарас­тарын жинақтап, сақ­тауды мақсат етіп отырмын.
Күй өнері дамыған әрі тарихи маңызы зор өңірлердің барлығына назар аударғым келеді. Осы мақсатта Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Алтай, Түркістан және басқа да өңірлерде болуды жоспарлап отырмын.
Төкпе және шертпе күй дәстүрлерін тереңірек зерттеумен қатар, ән айту және әңгімелеу өнерімен сабақтасып орын­далатын домбыра мәдениетін де жан-жақты танығым келеді.
Сондай-ақ домбыра жасау­дың қыр-сырын зерттеуге ерек­ше қызығамын. Әсіресе, төкпе және шертпе күйлерін орын­дауға арналған домбыра­лардың құры­лымдық айыр­ма­шылықтарын тереңірек білсем деймін.

– Зерттеуіңіздің негізгі бөлігін Құр­манғазы атын­дағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясында өткізбек екен­сіз. Бұл оқу орнымен қалай байланыс жаса­дыңыз?

– Өткен жылы Қазақстанға барған сапарымда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Домбыра кафедрасының профессоры Төлепберген Тоқжановпен танысу бақыты бұйырды. Ол кісіні Instagram арқылы бұрыннан біле­тінмін. Бірде оның бір кітабын сатып алу мәселесі бойынша хабарласқан едім. Сонда ол келесі жолы Алматыға келгенімде міндетті түрде хабарласуымды өтінді.
Кейін Алматыға барған кезде хабар­ласқанымда, мені сабағына шақырды. Сол жерде студенттерімен бірге домбыра шертіп, тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болдым. Алматыда болған уақытымның едәуір бөлігін оның аудиториясында өткізіп, жеке сабақтар да алдым. Ол мен күткеннен де артық қолдау көрсетіп, ерекше ықылас танытты.
Fulbright бағдарламасына құжат тап­сырған кезде серіктес ұйым мен ғылыми жетекшіні таңдау барысында одан аффи­лиациялық хат жазып беруін өтіндім. Бұл ұсынысты қуана қабылдап, барлық қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесті.
Оның қолдауы мен жанашырлығы үшін шексіз ризамын. Қазақстанға барған соң онымен бірге жұмыс істеп, көп нәрсе үйренуді асыға күтіп жүрмін.

– Сіздіңше, дәстүрлі музыкалық мұр­аны сақтау мен құжаттаудың маңы­зы неде?

– Бүгінде әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Компьютерлер, роботтар және жасанды интеллект өміріміздің барлық саласына дендеп енуде. Осындай кезеңде дәстүрлі музыканы ұмытпай, оны сақтап қалудың маңызы бұрынғыдан да арта түсті.
Әр адам өзінің тарихын, мәдениетін және шыққан тегін білуі керек. Сонымен бірге өз мәдениетін ғана емес, өзге халық­тардың да мәдениетін тануға ұмтылғаны маңызды. Өйткені бұл өзара түсіністікке, төзімділікке және бір-біріне деген құрметтің артуына ықпал етеді. Ал мұндай құндылықтар қазіргі заманда ерекше маңызды.

– Жыл сайын Қазақстанға арнайы келіп, домбыра үйреніп жүрсіз. Мә­ден­и­етімізден бөлек, елімізде сізге тағы не ұнайды?

– Қазақстанға барған сайын бұл елге қызығушылығым мен сүйіспеншілігім арта түседі. Сондықтан онда қайта-қайта бара бергім келеді. Әлі көрмеген жерлерім де көп.
Мәдениеттен бөлек, маған Қазақ­станның ұлттық тағамдары, әсем табиғаты және ең бастысы – халқының қонақ­жай­лығы ерекше ұнайды. Жолыққан адам­дарымның бәрі дерлік мейірімді, қол ұшын созуға дайын тұрады. Осы жылдар ішінде көптеген дос таптым. Алдағы сапарымда олардың қатары одан әрі көбейеді деп сенемін.
2023 жылы Қазақстанға алғаш барған­нан бері жұртшылық ерекше мақтап айта­тын өңірлерді аралап көргім келетін. Енді сол жерлерді асықпай танып-білуге мүм­кіндік туғанына қуанып жүрмін.

– Әңгімеңізге рақмет! Қазақтың төл өнерін шетел жұртшылығына таны­­­туға деген шынайы ықыласыңыз үшін алғысымыз шексіз.

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары