Әлемдегі ең ұлы мамандық ана болу десек, ең қасиетті міндет – сол ана мен сәбиінің өмірін сақтау. Қазақстанның ана мен баланы қорғау саласындағы қазіргі жетістіктері – заманауи медицина мен ақ халатты абзал жандардың жанкешті еңбегінің жемісі.
Жыл басынан бері тіркелген медициналық-демографиялық көрсеткіштер денсаулық сақтау саласының сапалық тұрғыдан жаңа белеске көтерілгенін аңғартады. Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтеріне сүйенсек, биылғы алғашқы айында ана өлімі 100 мың тірі туған балаға шаққанда 16,2-ден 8,2-ге дейін, яғни екі есеге жуық азайған. Ал бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш тіпті 6,8 деңгейіне дейін төмендеп, кейінгі жылдардағы ең төменгі меже ретінде тіркелді. Осы оң үрдіс нәрестелер өлімінің азаюынан да анық көрінеді. Тек қаңтар айының өзінде бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,5 пайызға азайып, халықаралық ұйымдардың да жоғары бағасына ие болды. ЮНИСЕФ-тің Қазақстанды жаңа туған нәрестелер өлімін төмендету бойынша Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы ел ретінде тануы – осы жүйелі еңбектің халықаралық деңгейдегі мойындалуы. Осы орайда елдегі өмір сүру ұзақтығы 75,9 жасқа жетіп, тарихи максимумды бағындыруы да ана мен бала саулығына жасалған кешенді қамқорлықтың тікелей жемісі десек болады.
Бала медицинасына бөлінетін бюджет 2 есе өсті
Әрине, мұндай ауқымды жетістіктер қаржылық және инфрақұрылымдық қолдаусыз жүзеге асуы мүмкін емес еді. Кейінгі жылдары мемлекет балалар медицинасына бөлінетін бюджет көлемін 264 миллиард теңгеден 585 миллиард теңгеге дейін ұлғайтты. Бүгінде бүкіл денсаулық сақтау шығыстарының ширек бөлігі тек қана ана мен бала денсаулығын сақтауға бағытталып отыр. Бұл қаражат жаңа емханалардың, заманауи көпбейінді балалар ауруханалары мен перзентханалардың құрылысына, оларды ең озық жабдықтармен қамтамасыз етуге жұмсалуда.
Осы мақсатта бекітілген «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы мен «Бастау-2030» жоспары аясында медициналық инфрақұрылымның тозу деңгейін 42 пайыздан 30 пайызға дейін төмендету көзделген. Ел көлемінде 10 көпбейінді балалар стационарын салу және 11 өңірде заманауи оңалту орталықтарын іске қосу жоспары отандық медицинаның материалдық базасын түбегейлі жаңартуға жол ашады. Инфрақұрылымды жаңартумен қатар, клиникалық стандарттарды заман талабына сай өзгерту, балалар бейіні бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (МӘМС) тарифтерін кеңейту және кадрлық әлеуетті жүйелі дамыту мәселесі қатар қолға алынды. Бұл қадамдар ақ халаттылардың күрделі оталарды ел ішінде-ақ жасауына орай туғызып отыр.
Ерте диагностика мүгедектіктің алдын алады
Заманауи медицинаның басты бағыты – аурумен күресу емес, оның алдын алу. Бұл тұрғыда елімізде жаңа туған нәрестелерді скринингтік тексерумен қамту деңгейі кейінгі екі жылда 25 пайызға артып, 93 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш туа біткен даму кемістігінің салдарынан мүгедек болып туған балалардың санын бірден 7 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Қазір денсаулық сақтау жүйесінде скринингтің 6 түрі тұрақты жүргізіліп келеді. Оның ішінде ең маңызды үшеуі – пренаталдық, неонаталдық және аудиологиялық тексерулер тікелей перзентханаларда жүзеге асырылады.
Жүйелі скринингтің нақты жемісін мына сандардан да көруге болады. Мысалы, аудиологиялық бақылаудың нәтижесінде есту қабілетінен толық айырылу қаупі төнген 523 сәби ерте анықталып, оларға мемлекет есебінен құны шамамен 6,5 миллион теңге тұратын жоғары технологиялық есту импланттары орнатылды. Бұрын мұндай операциялардың 80 пайызға жуығы бала 3 жасқа таяғанда ғана жасалса, бүгінде көмектің өте ерте көрсетілуі балалардың тілі шығып, қатарға қосылуына тікелей әсер етті. Сондай-ақ офтальмологиялық скрининг арқылы 721 шала туған нәрестенің көру патологиялары дер кезінде анықталып, уақытылы жасалған оталардың арқасында олар зағиптықтан аман қалды. Бұл – мемлекеттік бағдарламалардың жүздеген сәбиге жарық дүние дидарын көруге мүмкіндік сыйлағаны.
Болашақ аналарды қолдау
Ана мен бала саулығы жүктілік кезеңінен әлдеқайда ерте басталатыны белгілі. Елімізде жүкті әйелдерді бақылаумен қамту деңгейі 77,6 пайызға, ал жүктілікке дейінгі арнайы дайындық жұмыстары 54,5 пайызға дейін артқан. Мұнымен қоса, 2025 жылдың тамыз айынан бастап базалық медициналық зерттеулердің толықтай тегін жүргізілуі және әйелдер консультациялары мен перинаталдық орталықтар жанындағы арнайы пансионаттар жұмысының қайта жандануы ауылдық жерлердегі аналардың қалаға келіп, жатып тексерілуіне орай жаратты.
Жүкті әйелдердің 90 пайыздан астамының 12 аптаға дейін ерте есепке алынуы қауіпті кеселдердің алдын алуға жол ашты. Осы орайда, құрсақтағы нәрестенің туа біткен патологиялары мен хромосомалық ауруларын уақытылы бақылау мақсатында қолға алынған «Бір күндік клиника» жобасы жақсы нәтиже беріп отыр. Бұл жоба болашақ аналардың ұзын-сонар кезекте тұрмай, қажет тексерулер мен маңызды консультациялардан өте қысқа уақытта, кешенді түрде өтуіне жағдай жасады. Бұл болашақ аналарға көрсетілетін медициналық көмектің жеделдігі мен сапасын жаңа деңгейге көтерді.
Балалық шақты қолдаудың бірыңғай моделі
Еліміздің ана мен бала өмірін қорғаудың басты бағыты – баланы құрсақта пайда болған сәттен бастап, 17 жасқа толғанға дейінгі өсу кезеңдерінде үздіксіз қолдайтын бірыңғай модельді қалыптастыру. Дәл осы мақсатта өмірге келген «Алғашқы 1001 күн» жобасы бала дамуын ерте жастан жүйелі қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл ретте патронаждық бақылау күшейтіліп, табиғи емізуді насихаттау және сәбилердің ұлттық тізілімін құру жұмыстары қолға алынған.
Сонымен қатар балалардың даму мониторингі бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық GMCD нұсқаулығының енгізілуі де үлкен жетістік. Бұл әдіс баланың дамуындағы ауытқуларды клиникаға дейінгі, яғни кеселдің алғашқы белгілері сыртқа білінбей тұрған жасырын кезеңде-ақ дөп басып анықтауға мүмкіндік береді. Осы бағытта соңғы бір жылдың ішінде ерекшеліктері бар балаларды ерте диагностикалауға арналған 386-дан астам арнайы орталық құрылды. Ал ел бойынша 81 мамандандырылған оңалту орталығы жұмыс істеп, мыңдаған кішкентай пациентке көмек көрсетуде. Мектеп медицинасы да назардан тыс қалмай, ДДСҰ-ның «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» бастамасымен 1 677 білім ошағы қамтылды. Ондағы медициналық кабинеттер заманауи жабдықтармен қайта жасақталып жатыр.
Жоғары технологиялық көмек
Отандық медицинаның ең мақтанарлық тұсы – жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігі. Жыл сайын елімізде дамуында туа біткен кемістігі бар шамамен 1,5 мың нәрестеге күрделі ота жасалса, 2 мыңға жуық бала жүрекке жасалатын ең ауыр оталардан сәтті өтеді. Бұл – бұрын тек шетелде ғана жасалатын, миллиондаған қаржыны талап ететін ем түрлерінің бүгінде өз елімізде тегін әрі жоғары деңгейде жасалып жатқанының дәлелі. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында бұл жұмыстар одан әрі кеңейіп, өңіраралық кардиохирургиялық орталықтар желісі құрылмақ.
Аймақтардағы ақиқат
Алайда республикалық деңгейдегі оң серпіліс пен жоғары көрсеткіштер аймақтардағы қордаланған өзекті мәселелерді көлеңкеде қалдырмауға тиіс. Өйткені ана мен бала өлімін азайту жолындағы күрес – бір сәт те босаңсуды көтермейтін үздіксіз үдеріс. Ауқымды жетістіктерге қарамастан, жекелеген өңірлердегі ведомствоаралық байланыстың әлсіздігі мен патронаждық бақылаудың үстірт жүргізілуі әлі де алаңдаушылық туғызып отыр. Мәселен, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың Жамбыл облысында өткізген шұғыл кеңесінде белгілі болғандай, жыл басынан бергі төрт айдың ішінде тек осы аймақтың өзінде 3 ана қайтыс болған.
Босандыру қызметін көрсететін барлық ұйымдар тексерулермен қамтылғанына қарамастан, халықтан медициналық көмектің сапасына қатысты келіп түсетін өтініштер мен шағымдардың саны әлі де жоғары. Бұл денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейіндегі қызметтің нәтижелілігіне түбегейлі баға беруді талап етеді. Министр атап өткендей, ана өлімінің әрбір жағдайы жан-жақты талдауды және жүйелі шешімдер қабылдауды қажет етеді. Жүкті әйелдерді жүйелі тексеруге бағыттау, кадрлық қамтамасыз ету және бақылау мәселелеріне формальды түрде қарамай, пациенттерді барлық кезеңдерде толыққанды сүйемелдеу жүйесін қалыптастыру қажет. Медициналық ұйымдар басшыларының жұмыстың түпкілікті нәтижелері үшін жеке жауапкершілігін күшейту – бүгінгі күннің басты талабы.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда ана мен баланы қорғау шаралары жүйелі сипат алып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың заманауи профилактикалық моделі қалыптасып келеді. Тәуелсіздік жылдарындағы көрсеткіштердің еселеп төмендеуі мен ағымдағы жылдың басындағы жағымды демографиялық серпіліс ел медицинасының әлеуетін айқын көрсетеді. Дәрігерлердің жанкешті еңбегі мен заманауи технологиялардың бірігуі отандық медицинаның көңілге қонымды деңгейде дамып жатқанын айғақтайды. Егер Жамбыл облысы секілді аймақтардағы қателіктер мен кемшіліктер дер кезінде түзетіліп, бақылау күшейтілсе, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы ұлт болашағының ең сенімді кепілі болып қала бермек. Түпкі мақсат – әрбір перзентханадан тек сәби үнінің қуанышын естуді қамтамасыз ету.
Балалар медицинасын қаржыландырудың 585 миллиард теңгелік жаңа межеге көтерілуі – мемлекеттің әлеуметтік саясаттағы басымдықтары түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Бұл ретте, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында ана өлімінің екі есеге жуық күрт төмендеуі – жүргізіліп жатқан медициналық реформалардың тиімділігін айғақтайтын басты әлеуметтік нәтиже. Перзентханалар мен емханалар деңгейінде енгізілген инновациялық скринингтер мен жүйелі бағдарламалар бүгінде құрғақ есептің құралы емес, ұлт саулығының, демек, мемлекет қауіпсіздігінің берік қорғанына айналып отыр.
Меруерт ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ,
әлеуметтік ғылымдар магистрі:
ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ТЕТІКТЕРІН ҚАЙТА ҚАРАУ КЕРЕК
– Ана мен баланы әлеуметтік қорғауда мемлекет тарапынан бірнеше деңгейлі көмек пен жәрдемақы қарастырылғаны белгілі. Ең бірінші кезекте мемлекеттік демографияны ынталандыру мақсатында бала күтіміне байланысты жәрдемақы мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды, бұл – өте оң үрдіс. Сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арнайы мәртебе беріліп, олар үшін төмен пайызбен баспана алуға, үй кезегіне тұруына және арнайы жәрдемақы алуына жағдай жасалды. Тұрмысы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек пен тегін медициналық қызмет көрсету секілді біршама қолдау шаралары да бар. Дегенмен біз мемлекеттің рөлін көп жағдайда тек жәрдемақы тағайындаушы мен төлеуші ретінде ғана көріп отырмыз. Ал қазіргі нарық талабы, инфляция мен шынайы өмір ахуалы мүлдем басқаша. Мысалы, жұмыс істемейтін аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері өте төмен. Бір балаға шаққанда айына шамамен 25 мың теңге төленетінін есептесек, бүгінгі қымбатшылық заманында ананың бұл қаржымен бала күтімі бойынша 3 жыл үйде отыруы мүмкін емес. Айлық есептік көрсеткішке байланысты жәрдемақы көбейді деп айтқанымызбен, нарықтағы бағаның үздіксіз өсуі бұл қолдауды «жұтып қойып жатыр». Қымбатшылықтың кесірінен жәрдемақы күн сайын тұтынатын ең негізгі қажеттіліктерді өтеуге мүмкіндік бермей отыр. Ал ана баласын балабақшаға берейін десе, мемлекеттік мекемелерде орын тапшы.
Қазір Қазақстанда 143 мың бала мемлекеттік балабақша кезегінде тұр, ал жекеменшік балабақшалардың бағасы өте қымбат. Жаңадан енгізілген ваучерлік жүйе де өзін-өзі толық ақтады деп айта алмаймын. Бұл жүйе балабақша кезегін қағаз жүзінде азайтқанымен, ата-аналардың қаржылық жүктемесін жеңілдеткен жоқ және мәселені түпкілікті шешпеді. Оның үстіне, декрет демалысындағы аналар жұмыссыз ретінде де тіркеле алмайды, сондықтан оларды әлеуметтік жағынан толық қорғалмаған деп айтуға негіз бар. Қазақстандық қоғамдық даму институтының жақында Мәжілісте таныстырған зерттеуіне сүйенсек, жұмысты бала күтімімен ұштастыру мүмкін болмағандықтан, әйелдердің 27 пайызы, ал ер адамдардың 11 пайызы жұмысынан кетуге мәжбүр болған екен. Бұдан шығатын қорытынды – мемлекет аналарымызға икемді жұмыспен қамту мәселесін және оларды еңбек нарығына бейімдеу тетіктерін шұғыл қарастыруы қажет.
Келесі бір маңызды мәселе – Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін 237 мың бала бар, бірақ олардың барлығы арнайы білім беру мекемелеріне бармайды. Балаға және оның күтіміне тағайындайтын жәрдемақы тек 18 жасқа дейін ғана беріледі. Оның көлемі анасы үшін де, баласы үшін де 81 мың теңге деп бекітілген. Алайда мұндай ерекше күтімді қажет ететін бала дамуы үшін дефектолог, логопед, психолог сияқты сандаған мамандарға бару, арнайы жаттығулар жасау керек. Мұндай аз жәрдемақымен ата-ана баланы қоғамға бейімдеп, қатарға қоса алмайды. Сондықтан мемлекет бұл санаттағы балаларды қолдаудың арнайы тетіктерін қайта қарауға міндетті.
Тағы бір өткір мәселе – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеуінде сауалнамаға жауап бергендердің 69 пайызы бұл түйткілді қоғам үшін ең маңызды әлеуметтік мәселе деп атаған. Ресми статистика бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан жылына 80 әйел көз жұмса, бейресми деректер бойынша бұл көрсеткіш 400-ге жуықтайды. 2024 жылы заң қатаңдатылды деп айтқанымызбен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, 2025 жылы «Ұрып-соғу» бабы бойынша 906 адам кінәлі деп танылса, соның тек 87-сі ғана нақты жазаға тартылған. Демек, бізде тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның тек 10,1 пайызы ғана іс жүзінде орындалып отыр. Бұл отбасында ана мен баланың әлі де қорғалмағанын және бұл бағытта әлеуметтік, заңдық тұрғыда шешілмеген мәселелердің бар екенін көрсетеді.
Зерттеу нәтижесі бойынша мемлекеттің ана мен баланы қолдаудағы шараларына респонденттердің 57,5 пайызы ананы қорғау саласындағы мемлекеттік саясатқа оң баға берген. Дегенмен тұрмыстық инфляция, баспана мәселесінің шешілмеуі, отбасындағы қауіпсіздік пен әлеуметтік қорғаудың аздығы секілді факторларды ескерсек, елімізде заңнамалық негізгі база қалыптасқанымен, оны бүгінгі қоғам мен нарыққа бейімдеп, одан әрі жетілдіру мәселесін әлі де тереңірек саралау керек.