Бүгін Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы мен Дүниежүзілік тазалық күні аясында жалпықалалық сенбілік өттті. Сенбілікке «Әділет партиясы» Орталық аппаратының қызметкерлері де қатысып, елорданы абаттандыру мен көгалдандыру жұмысына атсалысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құрылтай төрағасы, «Әділет» партиясының жетекшісі Айбек Дәдебай бастаған топ экоакция аясында «Мыңжылдық» аллеясы маңында орналасқан Сағадат Нұрмағамбетов көшесінің бойына неміс жөке ағашының 69 көшетін отырғызды.
«Таза Қазақстан» – қоршаған ортаны абаттандырумен қатар, қоғамның мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бастама. «Әділет» партиясы Астана қалалық филиалының басшысы Мағжан Қыстаубаевтың пікірінше, тазалықты сақтау – айналаға ғана емес, қоғам санасына да әсер ететін маңызды құндылық.
«Бүгін Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясы жалғасын тауып жатыр.
«Тұрмыс сананы қалыптастырады» деп бекер айтылмаса керек. Жан-жағымызды таза ұстау арқылы санамызды да таза қалыпта ұстап, тиісінше қоғамды өзгертудің маңызы зор. Әлбетте, жақсарудың шегі жоқ. Мінсіз болу оңай емес. Алайда соған бастап барар жол әрқашан түзу болуға тиіс.
Сондықтан қазақстандықтарға «Таза Қазақстан» акциясына қосылыңыздар дегім келеді. Ой-санамызды, сонымен қатар, қоршаған ортамызды да таза ұстайық», – дейді ол.

Мемлекет басшысы жыл басында Еріктілер форумында сөйлеген сөзінде «Таза Қазақстан» акциясының азаматтардың экологиялық мәдениетін арттырудағы маңызын баса айтқан болатын.
«Азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру – өркениетті қоғамға тән өте маңызды құндылық. Экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Ал Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет, бұл – біздің ұлттық стратегиямыздың аса маңызды бөлігі», – дейді Президент.

Экологиялық мәдениет – тек табиғатты қорғауға қатысты түсінік емес, адамның күнделікті өміріндегі жауапкершілігінен көрінетін құндылық. «Әділет» партиясы шаруашылық басқармасының маманы Жұлдыз Айтбаеваның айтуынша, мұндай жауапкершілік балаға жастайынан үйретілсе, өсе келе ол мұның күнделікті дағдысына айналып, қоршаған ортаға ұқыпты қарауына негіз болады. Маман өскелең ұрпаққа табиғатты аялауды сөзбен ғана емес, күнделікті іс-әрекет арқылы көрсетудің маңызы үлкен рөл ойнайтынын баса айтады.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, экологиялық мәдениетті балаға жастайынан үйрету қажет. Баланың ой-санасы қалыптасып, тұлға ретінде дамып келе жатқан кезеңінен бастап табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастырған жөн. Себебі қоғам алдындағы жауапкершілік пен экологиялық мәдениет әр отбасындағы қарапайым тәлім-тәрбиеден басталады.
Балаға табиғатты аялауды мектептердегі арнайы пәндер арқылы тек теория жүзінде үйретіп қана қоймай, күнделікті іс-әрекет арқылы дағдыландыруымыз қажет. Мысалы, суды үнемдеу, қоқысты сұрыптау, табиғатты ластамау, ағаш бұталарын сындырмау, жасыл желектерді суару секілді әрекеттердің экологиялық мәдениетті қалыптастыруға тигізер септігі зор.
Өскелең ұрпақ – біздің болашағымыз, сондықтан жауапты тұлға тәрбиелеу маңызды. Әр балаға жастайынан дұрыс бағдар беріп, бойына маңызды құндылықтарды сіңірсек, бұл экологиялық мәдениетке жасалған инвестиция болмақ. Ал экологиялық мәдениетке инвестиция жасау – жарқын болашағымызға жасалған маңызды қадам.
Әр азамат өз ауласы мен көшесінің тазалығына үлес қосып, жауапкершілікпен қараса, қоғамдағы тазалық мәдениетін дамытуға септігін тигізеді. Сондықтан мұндай сенбіліктерге қатысу – аумақты қоқыстан тазарту ғана емес, Отан алдындағы үлкен ортақ іске үлес қосу», – дейді ол.

Еске сала кетейік, биыл «Таза Қазақстан» бастамасы аясында еліміз бойынша 500 экологиялық іс-шара өткізіліп, оған шамамен 6,1 млн адам қатысты. Олардың қатарында 741 мың ерікті бар.
Жалпы, акция барысында 117 мың гектарға жуық аумақ тазартылып, 813 мың тоннадан астам қалдық жиналды. Елді мекендерді көгалдандыру жұмыстары аясында 1,2 млн-ға жуық ағаш отырғызылды.
Қалдықтарды заңсыз төгетін орындарды анықтау үшін заманауи технологиялар, оның ішінде ғарыштық мониторинг қолданылады. 2026 жылы осы тәсіл арқылы 2 642 заңсыз қоқыс полигоны анықталды. Бүгінге дейін олардың 2 035-і, яғни 77 пайызы жойылды.