Өз-өзіне жұмыс істеу адамды бай да, бақытты да етпейді – АҚШ зерттеушілері

/
Өз-өзіне жұмыс істеу адамды бай да, бақытты да етпейді – АҚШ зерттеушілері
сурет: istockphoto.com

Өзіңе жұмыс істеу әрдайым байлық пен бақытқа апармайды. 12 686 америкалықтың өмір жолын 30 жылдан астам уақыт бойы бақылаған зерттеу осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды turkystan.kz studyfinds.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеу авторлары кәсіпкерліктің бірыңғай үлгісі жоқ екенін анықтаған. Адамдардың бір бөлігі жастайынан кәсіп ашып, оны ұзақ жылдар бойы жүргізсе, енді біреулері біраз уақыттан кейін жалдамалы жұмысқа қайта оралған. Ал кейбіреулер кәсіпкерлікке тек 35 жастан кейін келген.

Ең қызығы – табыс пен өмір сапасына кәсіп бастаған жас емес, бизнестің ресми мәртебесі көбірек әсер етеді. Ресми тіркелген компания иелері орта есеппен көбірек табыс тауып, өміріне де көбірек қанағаттанатынын айтқан. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып, бірақ толыққанды компания құрмағандардың табысы айтарлықтай артпаған әрі психологиялық әл-ауқаты төмендеген.

Зерттеушілердің мәліметінше, ең қолайсыз сценарий – 35 жастан кейін ресми компания құрмай жеке кәсіппен айналысу. Бұл топтағы адамдардың өмір сапасы ең қатты төмендегенімен, қаржылық пайдасы айтарлықтай болмаған.

Сондай-ақ кәсіпкер атану ықтималдығына ең көп әсер ететін фактордың бірі – отбасы тәжірибесі екені анықталды. Яғни ата-анасы немесе туыстары бизнеспен айналысқан адамдардың өз кәсібін ашу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болған.

Ғалымдардың пікірінше, «өзіңе жұмыс істеу міндетті түрде еркіндік, мол табыс және бақыт әкеледі» деген түсінік шындықты толық көрсетпейді. Кәсіпкерліктің нәтижесі адамның жасы мен тәуекелге баруынан гөрі, бизнестің қаншалықты тұрақты әрі ресми ұйымдастырылғанына көбірек байланысты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары