Құқықтық тәртіп әскерінің қатысуымен Алматы облысында әскери қызметкерлердің рухани-танымдық дамуына бағытталған маңызды бастама жүзеге асты. 2 қараша күні Ұлттық ұланның 6654 әскери бөлімінде жаңа кітапхана пункті ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған жоба Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының бастамасымен қолға алынып, әскери қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға және олардың зияткерлік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жаңа кітапхана пункті мерзімді әскери қызметшілердің бос уақытын мазмұнды өткізуіне, көркем әдебиет пен танымдық шығармалар арқылы дүниетанымын кеңейтуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама жас сарбаздардың бойында отансүйгіштік құндылықтарды нығайтып, рухани дамуына ықпал етуді көздейді.
Айта кетейік, әскери бөлімнің мерзімді қызметтегі сарбаздары республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонына тіркеліп, белсенді қатысуда. Бұл жоба жастардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, тұрақты кітап оқу дағдысын қалыптастыруға бағытталған.
Әскери бөлімде кітапхана пунктінің ашылуы – кітап оқу мәдениетін әскери ортада кеңінен насихаттауға бағытталған игі қадам. Мұндай бастамалар әскери даярлықпен қатар, сарбаздардың рухани кемелденуіне, білім көкжиегін кеңейтуіне және тұлғалық дамуына жағдай жасайды.
Еске салайық, биыл Ұлттық ұланында «BOOKGUARD» әдеби челленджі ұйымдастырылды. Бастапқы жарты жылда саобаздардан тұратын жоба қатысушылары төрт мыңнан астам кітап оқыған.