Аралас жекпе-жектен әлем чемпионы атанған қазақстандық спортшы Зейнеп Оразхан допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін үш жылға жарыстардан шеттетілді. Сонымен қатар оның әлем чемпионатында жеңіп алған алтын медалі қайтарылып алынады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Халықаралық допинг-тестілеу агенттігінің (ITA) мәліметінше, Зейнеп Оразхан антидопингтік талаптарды екі рет бұзған. Атап айтқанда, спортшының допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний препараты анықталған. Бұдан бөлек, қазақстандық спортшының медициналық процедура барысында белгіленген мөлшерден артық сұйықтықты тамыр ішіне қабылдағаны белгілі болды.
Допингке қарсы ережеге сәйкес, арнайы рұқсат етілген жағдайларды қоспағанда, 12 сағат ішінде тамыр ішіне 100 миллилитрден артық сұйықтық енгізуге тыйым салынады. Осы екі заңбұзушылыққа байланысты Халықаралық допинг-тестілеу агенттігі спортшыға қатысты тәртіптік шешім қабылдаған.
Нәтижесінде Зейнеп Оразханның Индонезияда өткен GAMMA әлем чемпионатында 72,6 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жеңіп алған алтын медалі жойылды. Сонымен қатар спортшының 2024 жылғы 14 желтоқсаннан бастап көрсеткен барлық жарыс нәтижелері есептен шығарылды.
Агенттік мәліметінше, қазақстандық спортшы допингке қарсы ережелерді бұзғанын мойындаған. Осыған байланысты оған тағайындалатын шеттету мерзімі бір жылға қысқартылып, үш жыл болып белгіленді. Зейнеп Оразханның дисквалификациясы 2029 жылғы 19 қазанға дейін жалғасады. Осы мерзім ішінде спортшы допингке қарсы ережелермен реттелетін жарыстарға қатыса алмайды.