Күмән тудыратын мәселенің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды – Президент

/
Күмән тудыратын мәселенің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды – Президент
Ақорда

Астанада «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форум өтіп жатыр. Жиында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Өздеріңізге мәлім, мен 2019 жылы әкімшілік әділеттің жаңа үлгісін қабылдау қажеттігі жөнінде айттым. Бұл азаматтарымызды және кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. Ал 2021 жылы елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланысқа тың серпін берген «е-Өтініш» онлайн платформасы іске қосылды, яғни, азаматтардың өтініштерін мейлінше ашық әрі тиімді қарап, жедел шешім қабылдау тәсілі қалыптасты. Бұдан бөлек, бұл жүйе бюрократиялық кедергілерді азайтуға және жұртшылықтың ой-пікірін ескеруге мол мүмкіндік берді. Осылайша, халық пен билік өкілдерінің қарым-қатынасы мүлде жаңа сипатқа ие болды. Соңғы бес жыл ішінде мемлекеттік органдарға шамамен 16 миллион өтініштің келіп түсуі – соның айқын көрінісі», - деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздегі сот тәжірибесі үшін де бетбұрыс кезеңі басталғанын атап өтті.

«Ашығын айтуымыз керек, бұған дейін азаматтар үшін мемлекеттік органдардың шешімдеріне және әрекеттеріне шағымдану, яғни, өз құқығын қорғау оңай болмайтын. Әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгерді. Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл – мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша, қоғамымыз «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады», - деді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар