27 мамырда Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екіжақты келіссөздер жүргізіп, екі ел байланысының қазіргі ахуалын, сондай-ақ оны одан әрі дамыту бағыттарын талқылады. Бұдан бөлек, Астанада Еуразиялық экономикалық форумның жұмысы басталды, оған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары қатысты. Ал 29 мамырда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтеді, онда өңірлік интеграцияның өзекті мәселелері қаралады.
«Өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет...»
28 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тәуелсіздік сарайында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты.
Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Салтанатты рәсім аяқталған соң президенттер келіссөз жүргізді.
Қазақстан Президенті Ресей басшысына ілтипат білдіріп, елімізге мемлекеттік сапармен келгеніне қуанышты екенін айтты.
– Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналады. Осы орайда екі мәселені ерекше атап өткім келеді. Біріншісі, елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастардың жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме. Жеті – қасиетті сан. Құжат өте мазмұнды. Бұл жөнінде баспасөз конференциясында толығырақ айтамын. Оны өзім қарап, түзетулер енгіздім. Аталған мәлімдеме екі ел жылнамасына маңызды оқиға ретінде енеді деп сенемін. Екіншісі, Қазақстанда атом электр стансасының құрылысына қатысты келісімге қол қою. Осы жобаға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. АЭС құрылысы туралы келісімнің стратегиялық мәні жөнінде айта беру артық. Бұл бәріне түсінікті. Ортақ бай тарихымыз бар, мәдени дәстүрлеріміз бен халықтарымыздың менталитеті бір-біріне ұқсас. Кешегі бейресми кездесуде ол жөнінде егжей-тегжейлі айтып, өткенді еске алдық. Ресей үшін де мұның мәні ерекше деп ойлаймын. Біз халықтарымыздың түпкілікті мүддесіне сай жұмыс істейміз. Азаматтарымыз мемлекеттеріміздің достығы мен ынтымағы сақталғанын қалайды. Одан әрі өркендеу үшін баршамызға бейбітшілік қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты.
– Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық. Бүгін де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын. Бейресми сипатта өткен кешегі кездесу үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара ықпалдастығымыздың көптеген маңызды әрі перспективті бағыты бойынша пікір алмастық. Делегациямыз еліңізге мереке қарсаңында келіп отыр. Ресей мұсылмандары Құрбан айт мерекесін атап өтеді. Қазақстанда да бұл мейрам кеңінен тойланатынын білемін, – деді Владимир Путин.
Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды.
Мемлекет басшысы Ресей Президентінің Қазақстанға жасаған сапары жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы қарым-қатынастардың ерекше сипатын көрсететінін атап өтті.
– Қазақстан үшін ең әуелі Ресеймен жақын әрі достық байланыстар айрықша маңызды десек, артық болмайды. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты ынтымақтастық барлық салада сенімді түрде дамып келеді әрі оны мемлекетаралық байланыстардың нағыз үлгісі деп атауға болады. Біз шағын құрамда нәтижелі келіссөз жүргізіп, сан қырлы серіктестігімізді нығайтуға ниетті екенімізді растадық. Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ. Тек оң динамика байқалады. Осы қарқынды сақтап, жаңа жобалар мен бастамалар арқылы ынтымақтастықты дамыта береміз. Бұл орайда бүгін қабылданатын «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің маңызын ерекше атап өткім келеді. Аталған құжат қарым-қатынасымыздың сипатын танытады және оны ұзақмерзімді негізде тереңдетуге бейіл екенімізді көрсетеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, екіжақты ықпалдастық, әсіресе, экономика саласында табысты өрбіп келеді. Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізу дәстүрге айналды.
– Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған елдердің арасындағы ең ірі инвестор саналады. Қазақстанның Ресей экономикасына салған қаржысы 9 миллиард доллардан асты. Бұл – өте жақсы көрсеткіш, екі ел президенттерінің әкімшіліктері мен үкіметтерінің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі. Осы қарқынды ары қарай жалғастыруға уағдаластық. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 миллиард доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның ішінде 122-сі іске асырылды, яғни, операциялық кезеңге өтті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айрықша назар аударуға лайық.
– Жуырда Астанада қала тұрғындары мен қонақтары ерекше ықыласпен қабылдаған Қазақстандағы Ресей күндері өтті. Маңызды уақиғалар қатарында былтыр елордада «Қазақстан мен Ресей мәңгі достығы аллеясы» және Мәскеуде Қазақстан мен Ресей достығы скверінің ашылуын айтуға болады. Астанада өтетін үшінші «Болашақ ойындары» гуманитарлық байланыстардың, ең алдымен, елдеріміздің жастары арасындағы ынтымақтастықтың беки түсуіне ықпал етеді. Қазақстандағы «Сириус» жобасын ерекше атап өткім келеді. Мұны қолдаймын, болашақ мамандарды даярлау үшін пайдасы зор деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің көпжақты алаңдар аясындағы ықпалдастығына мән берді.
– Екі ел «Орталық Азия – Ресей» форматында жемісті жұмыс атқарып жатқанына айрықша тоқталғым келеді. Аталған форматты бүкіл әлем Орталық Азияға назарын тігіп отырған уақытта күшейте түсуіміз қажет деп ойлаймын. Сапар қарсаңында жарияланған мақалаңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Өте қызықты әрі мазмұнды мақала біздің қоғам тарапынан оң бағаға ие болды. Біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту бағытында әрі қарай жұмыс атқара береміз, – деді Президент.
Владимир Путин тең құқылы және өзара құрметке негізделген Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
– Былтыр Мәскеуге мемлекеттік сапарыңыз барысында жасаған бірлескен мәлімдемеде байланыстарымыз жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өттік. Бұл шын мәнінде солай. Біз барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі жайында маңызды бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз. Сонымен қатар көптеген үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісім дайындалды. Бұл құжаттар экономика мен энергетикадан бастап, мәдени-гуманитарлық қатынастарға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективті бағыттары байқалады, – деді Ресей Президенті.
Бұдан бөлек, кездесуде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және өндіріс, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.
Басты жоспарлар бекітілген бірлескен мәлімдеме
Екіжақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады.
«Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдемеде қазіргі әлемнің күрделі әрі қарқынды өзгерістер кезеңін бастан өткеріп отырғаны, халықаралық қатынастар жүйесінің ауыр сын-қатерлер мен қауіптерге тап болғаны айтылған. Сондай-ақ жаһандық тұрақсыздық пен сенім дағдарысы күшейіп, қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз етудің қалыптасқан тәсілдері қайта қаралып жатқаны туралы да сөз болады.
Құжатта Қазақстан мен Ресей халықаралық ахуалды тұрақтандырып, орнықты дамуға жол ашатын неғұрлым әділетті әлемдік тәртіпті қалыптастырудың баламасы жоқ екеніне сенімді екені көрсетілген. Осы ретте мемлекетаралық ықпалдастықтың өзара құрметке, тату көршілікке, ұлттық мүдделерді ескеруге және тең құқылы әріптестікке негізделген берік қағидаттарының маңызы ерекше екені атап өтілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапарын екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытудағы маңызды оқиға ретінде қарастыратынын атап өтті. Қазақстан Президентінің айтуынша, бүгінгі сапар екіжақты ынтымақтастық аясындағы сапалы өзгерістерді айқын көрсетті.
– Мұны мынадай объективті көрсеткіштерден аңғарамыз: сауда-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп болжанып отыр, ал экономикамызға құйған инвестиция бойынша Ресей басқа елдер арасында бірінші орынға шықты. Экономикалық ынтымақтастық аясындағы бастамалар тізіміне 177 маңызды жоба кірді, оның 122-сі операциялық циклге өтті, яғни, іске асырылды. Қазақстан Ресеймен мәңгі достықты және стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Біз Ресейді әрдайым Еуразиядағы тарихы бай әрі даму әлеуеті зор мемлекет деп санаймыз. Қазірдің өзінде санкциялар салдарынан туындаған қиындыққа қарамастан, Ресей экономикасы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде – төртінші орынға, ал Еуропада бірінші орынға шықты. Мұны ірі халықаралық қаржы институттарының мәліметтері растайды. Былтыр Ресейдің номиналды жалпы ішкі өнімі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл – керемет нәтиже. Ресей табиғи ресурстары мол, инженерлік-ғылыми элитасы мен білікті жұмысшылары бар ел ретінде жаһандық экономикадағы жетекші орнын ешқашан жоғалтпайды. Сәйкесінше, дүниежүзілік геосаяси сахнада маңызды рөл атқарады. Ынтымақтастық перспективасына қатысты сөз қозғағанда, бүгін қабылданған «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің ерекше маңызына тоқталғым келеді. Аталған құжат мақсаттарды айқындау тұрғысынан мұқият ойластырылған. Онда елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және тату көршілік қатынастарын одан әрі дамытудың сенімді негізі мен ұзақ мерзімдегі бағдары көрініс тапқан, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, энергетиканы ынтымақтастықтың аса табысты бағыты ретінде қарастыруға толық негіз бар.
– Менің ойымша, бүгін қол қойылған «Балқаш» атом электр стансасын салуға қатысты келісімдердің стратегиялық маңызы зор. Осы ауқымды жобаны батыл қолдағаны үшін Ресей Федерациясының Президентіне ризашылығымды жеткіземін. Бұл бастама ғылым-білім, технология салаларындағы ықпалдастықты ілгерілетіп, энергетика мен индустрияға қатысты аралас бағыттардың дамуын қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Ресей үшін энергия ресурстарын және электр энергиясын өндіру, тасымалдау, ішкі әрі сыртқы нарықтарға жеткізу мәселелерін табысты шешудің мәні зор. Еуразиядағы көлік байланысы көбіне біздің елдерімізге тәуелді. Қазақстан мен Ресей Солтүстік – Оңтүстік, Шығыс – Батыс құрлықаралық дәліздерін дамыту жолында жемісті жұмыс атқарып жатыр. Тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік рәсімдерді қысқарту, шекара маңындағы және басқа да инфрақұрылымды жаңғырту үшін жүйелі шаралар қабылданғаны қуантады. Соның нәтижесінде жүк тасымалы тұрақты түрде артып келеді, былтырғы қорытынды бойынша 92 миллион тоннаға жетті. Бұл шамамен 3,4 пайыз өсімді құрайды. Аталған көрсеткіштерді ұлғайту жоспарланған. Ол үшін озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгіземіз. Мемлекеттеріміз арасында жүргізушісіз жүк көліктерінің қозғалысын іске қосу – осы істің жарқын мысалы. Ғарыш саласындағы ынтымақ-тастықтың келешегі зор. «Байқоңыр» космодромы көп жылдан бері жемісті ғылыми-техникалық серіктестігіміздің символы ретінде қызмет етіп келеді. «Бәйтерек» бірлескен жобасының жүзеге асырылуы, соның ішінде жақында «Сұңқар/Cоюз-5» жаңа зымыран тасығышының сәтті ұшырылуы ғарыш қызметін ұсынатын халықаралық нарықтағы елдеріміздің позициясын нығайтуға жол ашады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға төрт Амур жолбарысының әкелінуін Ресей Президентінің мемлекеттік сапары аясындағы айтулы оқиға деп атады.
– Құрметті Владимир Владимирович, Қазақстан аумағына жолбарыстарды жерсіндіру жөніндегі бастамамызға қолдау көрсеткеніңіз үшін Сізге шынайы алғыс айтамын. Бағалы сыйыңыз туралы ел азаматтарының барлығы кеңінен құлағдар болды. Осы игі іске атсалысқан екі елдің мамандарына ризашылығымды білдіремін, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапары табысты өткенін жеткізіп, екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарының жылнамасына енетініне сенім білдірді.
Ресей Президенті бүгінгі келіссөздердің іскерлік және конструктивті сипаты екі елдің достық және тату көршілік қарым-қатынасына сай келетінін айтты.