Алматы тауларында адасып кеткен екі жасөспірім құтқарылды

/
Алматы тауларында адасып кеткен екі жасөспірім құтқарылды
shutterstock.com

Алматыда тауға серуендеуге шыққан екі жасөспірім қараңғы түскенде кері қайтар жолды таба алмай қалған. Балалар анасына хабарласып, көмек сұраған. Құтқарушылар оларды іздеп тауып, қауіпсіз жерге жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Алматы маңындағы Фурманов шыңының аумағында болған. Таңертең тауға шыққан екі жасөспірім серуен барысында бағытынан жаңылып, кері қайтар жолды жоғалтып алған.

Күн батып, айнала қараңғыланған кезде балалар өздігінен таудан түсе алмайтынын түсінген. Олар дереу анасына хабарласып, жағдайды жеткізген.

Осыдан кейін құтқару қызметіне ақпарат беріліп, жасөспірімдерді іздеу жұмыстары басталған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, іздестіру шараларына Республикалық жедел-құтқару қызметінің «Барыс» жасағы жұмылдырылған.

Мамандар алдымен балалардың орналасқан жерін анықтап, кейін сол бағытқа аттанған. Құтқарушылар таулы аймақты тексеру барысында екі жасөспірімді тауып, оларды қауіпсіз жерге алып түскен.

Абырой болғанда, балалардың денсаулығына зиян келмеген. Олардың жағдайы жақсы болғандықтан, медициналық көмек қажет болмады.

Құтқару жұмыстары аяқталған соң жасөспірімдер Қимасар шатқалындағы алғашқы бақылау-өткізу бекетіне жеткізіліп, ата-аналарына табысталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары