Ғалымдар Эрнест Хемингуэйдің әңгімесін ішек таяқшасы бактериясының ДНҚ-сында сақтап, бактерияның 100 ұрпағы ауысқаннан кейін де мәтінді қатесіз қалпына келтіре алды. Бұл әдіс болашақта орасан зор көлемдегі ақпаратты ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беруі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеушілер мәтінді ДНҚ-ның төрт негізін білдіретін A, T, C және G әріптерінен тұратын кодқа айналдырған. Содан кейін кодқа сәйкес ДНҚ-ның қысқа бөліктерін синтездеп, бактериялардың ішіне енгізген. Бактериялар көбейген сайын өз ДНҚ-сын да көшіріп, кодталған ақпаратты ұрпақтарына жеткізген. Нәтижесінде ғалымдар 100 ұрпақтан кейін де әңгіменің толық мәтінін қатесіз оқи алған.
Зерттеу авторлары деректерді ДНҚ арқылы сақтауға арналған DNA-SaM жүйесін әзірледі. Ол ақпаратты кодтауды жеделдетіп, биохимиялық үдерістерге кедергі келтіруі мүмкін ДНҚ тізбектерін алдын ала анықтап, оларды пайдаланбауға мүмкіндік береді. Жүйе ақпаратты зертханалық жағдайда да, тірі ағзалардың ішінде де сақтау сынақтарынан сәтті өткен.
Ғалымдардың есептеуінше, осы кодтау тәсілі мен ДНҚ тізбектерін жобалау мүмкіндіктері теориялық тұрғыдан 270 петабайттан астам ақпарат сақтауға жол аша алады. Бұл дәстүрлі сақтау құрылғыларына қарағанда әлдеқайда жоғары ақпарат тығыздығын қамтамасыз етуі ықтимал.
Әлемде жиналатын деректер көлемі үнемі өсіп жатқандықтан, оларды аз орынға сыйғызып, ұзақ мерзім бойы сақтау мәселесі өзекті болып отыр. ДНҚ табиғатта генетикалық ақпаратты сақтайтын молекула ретінде белгілі. Оның негізіндегі технологиялар болашақта үлкен цифрлық архивтерді сақтаудың жаңа тәсіліне айналуы мүмкін.