Кеше Астанада V Еуразия экономикалық форумы басталды. Биыл халықаралық пікірталас алаңында «Жаһандық цифрлық бәсекедегі ЕАЭО: жасанды интеллектіге басымдық беру» тақырыбы талқыланады.
Форумға қатысу үшін келген мәртебелі меймандар қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Армения вице-премьері Мгер Григорян, Куба Республикасының вице-президенті Сальвадор Вальдес Меса, Вьетнам Премьер-министрінің орынбасары Хо Куок Зунг, Моңғолия Премьер-министрінің орынбасары Нямтайширын Номтойбаяр, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев және тағы да басқа лауазымды ресми тұлғалар бар.
Форумның пленарлық сессиясында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы ең алдымен форумға қатысқан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына, байқаушы елдер көшбасшыларына және барша қонақтарға ризашылығын білдірді. Президенттің сөзінше, Еуразия экономикалық форумы еуразиялық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша кәсіби әрі нәтижелі диалог жүргізуге мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналған.
– Еуразия экономикалық форумы еуразиялық интеграцияны дамытудың өзекті мәселелері бойынша кәсіби әрі нәтижелі диалогтың тиімді алаңы ретінде кеңінен танылған. Бүгін ортаға салған идеялар, бастамалар мен ұсыныстар Интеграциялық одақ аясындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін беретініне сенімдімін. ЕАЭО – жай ғана өңірлік интеграциялық бірлестік емес, жаһандық экономиканың маңызды субъектісі екенін түсінген жөн. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды. Қазір біздің алдымызда Еуразия экономикалық одағының әлеуетін одан әрі арттырып, қарқынды дамыту жөнінде стратегиялық маңызды міндет тұр. Дүниежүзілік шаруашылық байланыстарының бағдары жаппай өзгеріп жатқан кезеңде біз теріс сипаттағы жаһандық үрдістерге төтеп беру үшін күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сондай-ақ жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына батыл енгізу аса маңызды екенін айтты. Себебі әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, ал цифрлық салада болып жатқан ауқымды өзгерістер көп ұзамай «ойын ережесін» түбегейлі жаңартады. Осыған байланысты Президент форум тақырыбының өзектілігі арта түскенін жеткізді.
– Әлемдік нарықтағы ахуал күрделі, тіпті көп жағдайда болжап біле алмайсыз. Өзімізге етене таныс экономикалық сынақтарға қоса, цифрлық салада ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл көп ұзамай «ойын ережесін» толықтай жаңартады. Осыған орай бүгінгі форум тақырыбының өзектілігі арта түсті. Жасанды интеллект технологияларының көз ілеспес жылдамдықпен дамуы жаһандық экономикаға ықпал ететін іргелі факторға айналып үлгергенін көріп отырмыз. Халықаралық сарапшылар, мәселен, Goldman Sachs алдағы он жыл ішінде жасанды интеллектіні қолдану әсерінен әлемдік ішкі жалпы өнімнің өсімі 7 триллион долларға жақындауы мүмкін деп пайымдайды. Бұл жаңа технологиялық қалыптың түзілуіне алып келеді. Соның салдарынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сөзінше, бұл жаңа технологиялық қалыптың пайда болуына алып келеді және соның салдарынан экономиканың барлық секторындағы еңбек нарығының құрылымы түбегейлі өзгереді. Тоқаев Халықаралық валюта қорының болжамына да тоқталып, алдағы жылдары жасанды интеллект технологиясының енгізілуіне қарай дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін екенін айтты.
– Демек, шартараптағы жүздеген миллион адам білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге тиіс. Әлеуетті мемлекеттер ауқымы жағынан белгісіз міндеттермен бетпе-бет келіп, ұлттық білім беру жүйесін түбегейлі өзгертуге мәжбүр болады. Цифрлық технологияларды қарқынды экономикалық және қоғамдық даму тетігіне айналдыра аламыз ба? Бұл – ең басты мәселе. Аз да болса амбициясы бар елдердің келешегі аталған мәселені қаншалықты табысты шешуіне тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан ЕАЭО органдарына төрағалық еткен жылы Одақ аясында жасанды интеллект технологияларын елдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынғанын еске салды.
– Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық еткен жылы Одақ аясында елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынды, – деді ол.
Президент Қазақстанның «ақылды» платформаларды мемлекеттік басқару жүйесі мен экономиканың негізгі секторларына табысты енгізіп жатқанын айтты. Былтырғы Жолдауында Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндеті жүктелгенін, осы жұмысты жүйелі жүргізу үшін 2026 жыл елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы цифрлық трансформациямен қатар азаматтардың қауіпсіздігіне де ерекше мән берілетінін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітіліп, цифрлық технологияларды қолдана отырып, деректерді заңсыз жинауға, өңдеуге және пайдалануға тыйым салынған. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны өте маңызды конституциялық міндет деп атады. Президент институционалдық негізді нығайтып, инновацияны кешенді түрде енгізу үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылғанын, сондай-ақ Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің жасақталғанын айтты. Оның құрамына жетекші шетелдік және отандық сарапшылар, бизнес пен мемлекеттік мекемелердің өкілдері кірген.
– Қазақстанның жаңа Конституциясында алғаш рет дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітілді, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдана отырып, деректерді заңсыз жинауға, өңдеуге, пайдалануға тыйым салынды. Мұны, шын мәнінде, өте маңызды конституциялық міндет деп санаймыз. Институционалдық негізді нығайтып, инновацияны кешенді түрде енгізу мақсатында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңесті құру да пайдалы шараның бірі болды. Аталған консультативтік орган құрамы жетекші шетелдік және отандық сарапшылардан, бизнес пен мемлекеттік мекемелердің өкілдерінен жасақталды, – деді Президент.
Сонымен бірге Қазақстан барлық қажетті инфрақұрылымды жедел дамытып жатқанын айтқан Мемлекет басшысы өңірде алғаш болып NVIDIA компаниясының озық технологиялары негізінде екі суперкомпьютер іске қосылғанына назар аударды. «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру да басты міндет ретінде жарияланғанын, бұл ауқымды жобаның жаһандық капитал мен әлемдік технологиялық алпауыттар үшін тартымды ортаға айналғанын жеткізді.
– Бұдан бөлек, біз барлық қажетті инфрақұрылымды жедел дамытуды қолға алдық. Қазақстан өңірімізде бірінші болып, осы саладағы әлемдік көшбасшы саналатын NVIDIA компаниясының озық технологиялары негізінде екі суперкомпьютерді іске қосты. «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру басты міндет ретінде жарияланды.Бұл ауқымды жоба жаһандық капитал мен әлемдік технологиялық алпауыттар үшін тартымды ортаға айналды, – деді Президент.
Тоқаев адами капиталға да қомақты қаржы құйылып жатқанын айтып, Alem.ai халықаралық орталығы жанынан Tumo және Tomorrow school жаңа буын мектептері, сондай-ақ Telegram мен Presight сияқты әлемге белгілі компаниялардың зертханалары ашылғанын еске салды. Екі апта бұрын орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі жарлыққа қол қойғанын да мәлімдеді.
– Сонымен қатар адами капиталға қомақты қаржы құйып жатырмыз. Халықаралық Alem.ai орталығы жанынан Tumo және Tomorrow school жаңа буын мектептері, сондай-ақ әлемге белгілі бірқатар компанияның (Telegram, Presight) зертханалары ашылды. Екі апта бұрын «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Мақсатымыз – дербес білім беруге ден қоя отырып, педагогтердің біліктілігін арттыру, инфрақұрылым мен оқу стандарттарын дамыту, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан серіктестік пен ынтымақтастыққа ашық және жедел цифрлық трансформацияны сапалы жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен жұмыс істеуге дайын. Ол жаңа технологияларды, әсіресе жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді енгізу аса маңызды екенін айтты. Сондай-ақ кедендік рәсімдерді жеделдету үшін ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейтудің маңызы да сөз болды. Президенттің пікірінше, бұл нақты уақыт режимінде құжаттарды тез өңдеуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектесетінін айтты.
– Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ынтымақтастыққа ашық. Менің ойымша, жаңа технологияларды, әсіресе, жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді енгізу аса маңызды. Кедендік рәсімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейткен жөн. Бұл нақты уақыт режимінде барлық құжатты тез өңдеуге, кедергілерді анықтауға және жүк ағындарын болжауға мүмкіндік береді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өнеркәсіп кооперациясын кеңейтуде жасанды интеллектінің сараптамалық әлеуетін пайдаланудың маңызы зор екенін де айтып өтті. Сонымен қатар елдердің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне интеллектуалды жүйелерді енгізуге басымдық беру қажет.
– Электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектеседі. Өнеркәсіп кооперациясын кеңейтуде жасанды интеллектінің сараптамалық әлеуетін пайдаланудың практикалық маңызы зор. Елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту үшін агроөнеркәсіп кешеніне интеллектуалды жүйелерді енгізуге басымдық беру қажет. Жаңа технологияларды белсенді әрі жан-жақты қолдану ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикасының қарқынды дамуына септігін тигізетін аса маңызды фактор деп санаймын, – деді ол.
Мемлекет басшысы жаңа технологияларды жан-жақты қолдану ЕАЭО мемлекеттері экономикасының қарқынды дамуына ықпал ететінін атап өтті. Алайда жаңа технологиялар одақ мүшелері арасындағы цифрлық алшақтыққа себеп болмауға тиіс екенін де ескертті. Керісінше, олар елдер экономикасын байланыстырып, ынтымақтастықтың қуатты құралына айналуы қажет деді.
Президент бүгін 2025 жылғы желтоқсандағы өзінің ұсынысына сәйкес әзірленген Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылданатынын айтты. Құжатты қабылдаудағы басты мақсат – Одаққа мүше елдердің экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз
ету.
– Бүгін біз 2025 жылдың желтоқсанындағы менің ұсынысыма сәйкес, Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдемені қабылдаймыз. Аталған құжаттың басты мақсаты – Одаққа мүше елдердің экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстанымын қалыптастыру және бір-бірінің мүддесін ескере отырып, жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізуді қамтамасыз ету, – деді Мемлекет басшысы.
Сөз аяғында Президент ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына осы маңызды құжатты әзірлеуге және қабылдауға қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Ол жаңа технологиялық және экономикалық қалып негізінде қайта құрылып жатқан әлемдік тәртіптің қазіргі кезеңі елдерге бірегей мүмкіндіктер ұсынып отырғанын айтып, оны ұтымды пайдалану қажет екенін жеткізді.
– Орайлы сәтті пайдаланып, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларына осы маңызды құжатты әзірлеуге және қабылдауға қолдау көрсеткені үшін ризашылығымды білдіремін. Жаңа технологиялық және экономикалық қалып негізінде қайта құрылып жатқан әлемдік тәртіптің қазіргі кезеңі елдерімізге бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Келешектегі позициямызды нығайту үшін оны ұтымды қолданған жөн. Біз осы тарихи мүмкіндікті мүлт жібермей, барынша пайдалануға міндеттіміз, – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, форум аясында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан президенттері мен делегация жетекшілерінің назарына озық технологиялық және цифрлық шешімдер көрмесі, Халықаралық Alem.ai жасанды интеллект орталығының мүмкіндіктері ұсынылды.
Мәртебелі меймандар жасанды интеллект музейінің жәдігерлерімен және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің стендтерімен танысты.
Қазақстан тарабы цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы негізгі бастамаларын, соның ішінде Astana Smart City, Alem GPT, Smart Data Finance, Smart Cargo+Keden және басқа да жобаларын көрсетті.