Бауырластықты бекемдеген байланыс

/
Бауырластықты бекемдеген байланыс
Ақорда

Осы аптада Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келді. Сапар аясында екі елдің басшылары екіжақты байланыстың қазіргі жай-күйі мен алдағы бағытын талқылады. Жобалар мен жоспарларды ортаға салды. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өтті.

Сауда айналымы 5,4 млрд доллардан асқан

Салтанатты рәсім аяқталған соң пре­зи­денттер шағын құрамда кездесті. Қа­зақстан Президенті Түркия басшысына ілти­пат көрсетті. Режеп Тайип Ердоған бауырлас қазақ елінің көрсеткен құр­ме­тіне алғыс айтты.

– Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа ар­найы шақырғанына ризашылығымды біл­діргім келеді. Бізге айрықша қонақ­жай­лық танытып отырсыздар. Қазақ елі­нің шекарасынан өткеннен қаптал­даса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, ме­нің делегацияма үлкен құрмет көр­сет­тіңіз­дер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әри­не, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауыр­лас халықтардың ынтымағын арт­тыруға зор септігін тигізеді деп сене­мін, – деді Түркия Президенті.

Шағын құрамда өткен кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жо­ғары деңгейдегі стратегиялық ын­ты­мақ­тас­тық кеңесінің алтыншы отырысын өт­кізді. Жиында Мемлекет басшысы Түр­кия Қазақстан үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес сана­ла­ты­нын атап өтіп, тамыры терең бай­ла­ныс­тар қос халықтың мызғымас дос­ты­ғын одан әрі нығайтуға ықпал етіп отыр­ға­нын айтты.

– Қазір қазақ-түрік екіжақты қарым-қа­тынасы кеңейтілген стратегиялық серік­тестік рухында қарқынды дамып жа­тыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйт­кіл жоқ. Мемлекетаралық және үкі­метаралық байланыстарымыз нығайып ке­леді. Парламентаралық ықпалдасты­ғы­мыз да жоғары деңгейде. Түрік деле­га­циясының құрамында бір топ депу­тат­тың және партия мүшелерінің болуы – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар екі елдің экономикалық ынтымақтастығы кү­шейе түсті. Түркия ірі инвес­тор­лары­мыз­дың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тар­тыл­ды. Қазақстанның Түркияға салған ин­вес­тициясы да өсіп, 2,5 миллиард дол­лар­ға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі – не­гізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос ха­лықтың мәдени-гуманитарлық бай­ла­ныс­тары қарым-қатынасымыздың ал­тын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақ­тап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стра­тегиялық серіктестік туралы» деклара­ция­ны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын да­мы­ту­ға тың серпін беретіні анық. Бұл мә­се­ле бойынша екі елдің де ниет-тілегі – бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бүгінде Түркия әлеу­меттік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, түрлі салада елеулі табысқа қол жеткізгеніне назар аударды.
Сондай-ақ жиында тараптар сауда-эко­номикалық ықпалдастықты терең­дету мәселесін талқылады. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша тауар ай­на­лымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард дол­лардан асқан. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қо­лайлы жағдай жасап, алыс-берісті әр­та­раптандырудың маңызына тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта ала­ды. Оның жалпы құны 630 миллион дол­лардан асады. Бұл ретте Мемлекет бас­шысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары ара­сындағы серіктестіктің, сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік биз­нес форумының нәтижесі сауда-эко­но­микалық байланыстарды одан әрі терең­дете түсетініне сенім білдірді.

Кеңесте ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді. Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыз­дан асып, 360 миллион долларға жуықта­ған. Бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крах­мал өндірісін, Alarko Holding салып жат­қан жылыжай кешенін мысалға кел­тірді.
Түркия тарапына ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын жандандыру жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдау ұсынылды.

Жиында қазіргі геосаяси жағдайда кө­лік-логистика саласының стратегия­лық маңызы арта түскеніне назар ау­дарылды. Мемлекет басшысы бұл ретте Транс­каспий халықаралық көлік дәлі­зіне өзге елдердің қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталып, түрік ком­па­ния­ларын Құрық, Ақтау порттары ар­қы­лы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жо­баларға белсенді атсалысуға шақырды.

Қазақстан авиация саласындағы ын­ты­мақтастыққа да айрықша мән беріп отыр. Сондықтан Алматы халықаралық әуе­­жайын Орталық Азиядағы логис­ти­калық хаб ретінде дамытуды көздеп отыр­ған TAV Airports Holding компаниясының бас­тамаларына жан-жақты қолдау көрсе­ті­леді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы елімізде ин­вестициялық ахуалды жақсарту үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, ин­весторларға арналған жеңілдіктер жө­нін­де мәлімет берді. Сонымен қатар Түр­кия бизнесмендерін шикізаттық емес жо­­баларды бірлесе іске асыруға үндеді. Жиын­­да энергетика, тау-кен, цифрлан­дыру және жасанды интеллект, қорғаныс өнер­кәсібіндегі өзара тиімді серіктестік ая­сын одан әрі кеңейту перспективасы қарас­­тырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түр­кияның мәдени-гуманитарлық бай­ла­ныстары жылдан-жылға күшейіп келе жат­­қанын жеткізді. Атап айтқанда, 2023 жы­лы жойқын жер сілкінісінен зардап шек­кен Газиантеп провинциясында Қа­зақ­стан бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылды. Астанада және Алматыда «Маариф» қорының мектеп­те­рін ашу жөнінде уағдаластыққа қол жет­кі­зіл­ді. Қазақстанның 14 мыңға жуық аза­маты Түркияда оқиды, ал 260-қа жуық тү­рік студенті еліміздің жоғары оқу орын­дарында білім алуда. Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық универ­си­тет­тің жанынан Түркиядағы Гази универси­те­тінің филиалы өз жұмысын бастады.

Қазақстанның бірқатар аймағында ту­ризм саласына маманданған түрік ком­паниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы бұл бағытта әлі де көп­­теген мүмкіндік бар екенін алға тар­тып, түрік бауырларымызды Қазақстанмен озық тәжірибесін бөлісуге, елімізге инвес­тиция салуға шақырды.

Денсаулық сақтау саласындағы серіктестік те қарқынды дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ірі фар­мацевтика алпауыттары – Abdi İbrahim және Nobel компаниялары Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқанын атап өтті. Көп ұзамай Orzax Group компаниясы Түр­кі­стан облысында биологиялық белсенді қос­палар өндіретін зауыттың құрылысын бас­тайды. YDA Group Түркістан және Пет­ро­павл қалаларында көпбейінді ауру­ханалар салып жатыр.

Режеп Тайип Ердоған республикалық референдумда халық қолдауына ие болған жаңа Конституция Қазақстанның ынты­ма­ғын арттыра беретініне сенім білдірді.
Сонымен қатар Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтіл­ген стратегиялық әріптестік аясында бар­лық салада нығайып келе жатқанын айт­ты.

– Біз сауда айналымын 15 миллиард дол­­ларға жеткізуге ниетті екенімізді рас­тадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өт­кен Үкіметаралық экономикалық ко­мис­сияның 14-отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын Іс-қимыл жоспарын жү­зеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компания­ла­ры­мыз­ды ынталандыруды жалғастырамыз. Бү­гінгі бизнес-форум сияқты іскерлік ор­таны біріктіретін іс-шаралар екі елдің сау­да-экономикалық байланыстарын ны­ғайту тұрғысынан аса маңызды деп санай­мын, – деді Түркия Президенті.

Кеңес отырысында Қазақстан тара­пы­нан Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұ­ман­ғарин, «Самұрық-Қазына» акционерлік қо­ғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Түркия тарапынан Сыртқы іс­тер министрі Хакан Фидан, Сауда ми­нистрі Болат Омер баяндама жасады.

Екіжақты келіссөздер мен Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы оты­рысының қорытындысы бойынша Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайип Ердоған Қазақстан Респуб­ли­касы мен Түркия Республикасы арасын­дағы мәңгілік достық және кеңейтілген ст­ратегиялық серіктестік туралы дек­лара­цияға қол қойды.

Күллі түрік ұлтына ілтипат

Мемлекет басшысы Түркия Президен­тін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапат­тады. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жат­қан әлемдік деңгейдегі салиқалы бас­шы және саясаткер ретінде ерекше құр­мет­тейтінін атап өтті. Сондай-ақ Қазақ­стан мен Түркияның арасында сан ғасыр­лық тарихи сабақтастық бар екеніне тоқ­тал­ды.

– Біздің тегіміз бен дініміз – бір, діліміз – ұқсас. Қазақ пен түрік жұртының терең­нен тамыр тартатын бауырластығы бүгін­де стратегиялық серіктестікке ұласты. Сіз достық қарым-қатынасымызды нығай­туға, ортақ құндылықтарымызды дәріп­теу­ге өлшеусіз үлес қосып келесіз. Сол үшін өз атымнан және барша Қазақ елі аты­­­нан Сізге зор алғыс айтамын. Ұлы дала – түбі бір түркі халықтарының атажұрты, ал Түркістан – оның қастерлі қазынасы, ру­хани астанасы. Киелі шаһар тұтас­ты­ғы­мыздың нышаны, төл өркениетіміздің ал­­тын бесігі саналады. Сондықтан біз ер­тең өз жұмысын бастайтын Түркі мем­ле­кеттері ұйымының бейресми саммитін Түр­кістан төрінде өткізуді жөн көрдік. Ал­қалы жиын ағайын елдердің арасын жа­қындатып, ықпалдастығын күшейте тү­се­ді деп сенемін, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Президенттің пікірінше, Түркістан тура­лы айтқанда күллі түркінің рухани те­мір­қазығы – Қожа Ахмет Ясауи тұлға­сы­на тоқталмау мүмкін емес.

– Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түр­кі­станға арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухы­на құран бағыштадым. Сол сапарымда мем­лекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы маңыз­ды бастама көтердім. Бұл марапатты Қа­зақ­станның дамуына айрықша еңбек сіңір­ген еліміздің және шетелдің белгілі ғалым­дарына, мемлекет және қоғам қай­раткерлеріне табыстау қажеттігі жөнінде айт­тым. Соған сәйкес тиісті заң қабыл­данды, арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жо­ғары марапат. Біз бұл орденді әзірлеген кезде ашық жасыл түске басымдық бердік. Асыл дінімізде осы түстің орны ерекше. Ал оның құрамындағы күміс – тазалықтың нышаны. Бір сөзбен, бұл – Әзірет Сұлтан­ның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапат. Жалпы, біз өз елімізде Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын жүйелі түрде және кең ауқымда зерттеу жұмысын бел­сенді түрде жүргіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркия Президен­тін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағанын, Режеп Тайип Ердоған – бұл орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті.
Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуа­нышты екенін жеткізді.

– Бұл орденді Түркия Республикасы жә­не түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың бел­гісі деп қабылдаймын. Осы орайда ел­де­­ріміз арасындағы бауырластықты бе­­кем­деу бағытындағы көреген саяса­тыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, ал­ғыс айта­мын. Бауырластығымыз, дос­ты­­ғымыз лайым мәңгі болсын! – деді Түркия Пре­зи­денті.

Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия Пре­зиденттері Alem.ai халықаралық жасанды интел­лект орталығына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанға еліміздегі басты технологиялық хабқа айналуды көздейтін орталықтың әлеуеті таныстырылды.

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев екі ел басшы­ларына музей экспозициясы мен ЖИ-кино­театрын көрсетіп, орталықтың ұзақ­мер­зімді даму стратегиясы туралы мәлі­мет берді.

Сонымен қатар Президенттерге Astana Smart City жобасы жөнінде баяндалды.

Тұтастыққа деген тағы бір ұмтылыс – түркиялық БАҚ

Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапары Түркия баспасөзінде жай ғана дип­ломатиялық кездесу ретінде емес Ан­караның Орталық Азияға қатысты ст­ра­тегиясының бір бөлігі ретінде сипатталды. Түрік медиасының риторикасына қара­ған­да, әңгіме екіжақты қатынастан әлде­қай­да кең ауқымды қамтиды. Бұл сапар – түркі кеңістігін геосаяси әрі экономикалық тұрғыдан біртұтас аймаққа айналдыру тал­пынысының тағы бір кезеңі.

Әсіресе, түрік басылымдары Орта дәліз мә­селесіне ерекше назар аударды. Анка­ра­дағы сарапшылар Ресей арқылы өтетін дәс­түрлі бағыттардың тұрақ­сыз­дануы мен Қы­зыл теңіз маңындағы қауіп­тердің кү­шеюі жағдайында Қазақстан арқылы өте­тін транскаспийлік маршрут­тың стра­те­гиялық маңызы артқанын ашық жаза бас­тады. Түркия медиасын­да­ғы ортақ пі­кір­ге сүйенсек, Қазақстан бұл жүйе­де жай ғана транзиттік мемлекет емес Қытай мен Еуропаны байланыстыра­тын негізгі буын ретінде қарастырылады. Ал Түркия өзін осы дәліздің Еуропаға шы­ға­тын соңғы қақ­­­­­пасы ретінде көрсет­кі­сі келеді.

Түрік баспасөзінің тағы бір назар ау­дарған тұсы – энергетика мен логис­тика­дан бөлек, «түркі әлемі» ұғымының саяси маз­мұнының күшеюі. Егер бірнеше жыл бұ­рын бұл көбіне мәдени-гуманитарлық дең­гейдегі риторика ретінде қабылданса, қа­зір ол экономикалық интеграция, көлік инфрақұрылымы және қауіпсіздік мә­селелерімен тығыз байланыстырылып отыр. Түркиялық шолушылар Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды серік­тес­тердің бірі ретінде сипаттайды. Себебі Аста­на аймақтағы ең ірі экономика ғана емес, сонымен бірге Қытай, Ресей, Батыс жә­не түркі мемлекеттері арасындағы те­пе-теңдікті сақтай алатын санаулы ойын­шы­лардың бірі.

Яғни, Анкара Қазақстанмен байланыс­ты тек бауырластық риторикасы арқылы емес, нақты геоэкономикалық есеп арқы­лы да тереңдетуге тырысып отыр. Орталық Азия енді инвестиция, логистика, өндіріс және жаңа нарықтар аймағы. Сондықтан Ердоғанның Астанаға сапары түрік бас­па­сөзінде «достық сапарынан» гөрі жаңа ай­­­­мақтық архитектура құру әрекетінің бір бө­лігі ретінде бағаланып жатыр.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар