Ресейде мектеп түлектеріне шетелдік әндерге вальс билеуге шектеу енгізіле бастады. Енді оқушылар Стингтің танымал композициясына да билей алмайды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Mash басылымының мәліметінше, бұл өзгеріс "орыс тілін қорғау туралы" заңмен байланысты. Сол себепті мектеп іс-шараларында шетелдік музыканы қолдануға қатысты талаптар күшейтілген.
Мәселен, Рязань облысындағы Фомин атындағы мектептің 11-сынып оқушылары қаңтар айынан бері бітіру кешіне дайындалып, әйгілі "Shape of My Heart" әніне вальс қоюды жоспарлаған. Олар хореографқа ақша төлеп, бірнеше ай бойы дайындалған.
Алайда мектеп әкімшілігі соңғы сәтте бұл әнге тыйым салып, репертуардан алып тастаған. Оқушылардың қарсылығына қарамастан, композиция "Ландыши" сериалындағы "Последний вальс" әнімен ауыстырылды. Кейін оқушылар жаңа музыкаға бейімделіп, дайындықты жалғастырған.
Ұқсас жағдайлар Ярославль мен Тамбов облыстарында да тіркелген. Онда Тони Брэкстон мен Уитни Хьюстон әндеріне қойылған вальстер де шектелген.
Рязань облысының Білім министрлігі мектеп іс-шараларындағы музыкалық контентке қосымша талаптар енгізуге құқылы екенін мәлімдеді. Бұл талаптар федералдық заңдар мен ішкі ережелерге негізделеді. Сонымен қатар, қолданылатын музыка жас ерекшелігіне және дәстүрлі құндылықтарға сай болуы тиіс.