Атырауда тікелей эфирге шыққан екі әйелге қатысты іс қозғалды

/
Атырауда тікелей эфирге шыққан екі әйелге қатысты іс қозғалды
magnific.com

Атырауда әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізіп, өзін террорист деп таныстырған әйел мен оның жанындағы танысына қатысты үш әкімшілік іс қозғалды. Оқиғадан кейін полиция екі әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріп, материалдарды сотқа жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Атырау қаласындағы сауда орындарының бірінде болған. 38 және 39 жастағы екі әйел әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шыққан.

Эфир барысында әйелдердің бірі өзін террорист деп атап, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері оны жақсы танитынын мәлімдеген. Бұл бейнежазба құқық қорғау органдарының назарын аударған.

Атырау облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, екі әйелге қатысты үш түрлі құқық бұзушылық бойынша әкімшілік іс қозғалған.

Атап айтқанда, олардың әрекеттері ұсақ бұзақылық, құқыққа қайшы контент тарату және қоғамдық орындарда адамның жеке басын анықтауға кедергі келтіретін киім кию деректері бойынша қаралып жатыр. Жиналған материалдар сотқа жолданған. Әзірге әйелдерге қандай жаза тағайындалатыны белгісіз.

Оқиғадан кейін полиция қызметкерлері екі әйелмен профилактикалық әңгіме жүргізген. Кездесуге теолог та қатысқан. Оларға қолданыстағы заң талаптары, қоғамдық тәртіп ережелері және әлеуметтік желіде жауапкершілікпен әрекет ету қажеттігі түсіндірілген.

"Әлеуметтік желілер – заң талаптары қолданылмайтын орта емес. Тікелей эфир кезінде де жасалған кез келген құқыққа қайшы әрекетке заң аясында тиісті баға беріліп, кінәлі тұлғалар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады", – деп хабарлады Атырау облыстық Полиция департаменті.

Құқық қорғау органдары интернеттегі мәлімдемелер мен әрекеттер де заң аясында бағаланатынын ескертті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар