Семей қаласында үш күн бойы іздестірілген 15 жастағы Айдар Сейталин аман-есен табылды. Жасөспірім Павлодар қаласында әжесінің үйінде болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Абай облысы Полиция департаментінің мәліметінше, 31 қазанда үйінен шығып кеткен жасөспірім 3 қараша күні сағат 15:00 шамасында Павлодар қаласынан табылған. Полицейлер оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрмағанын хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім анасына ескертпестен өз бетінше таксиге отырып, Павлодар қаласына барған. Ол қаладағы әжесінің үйінде болған.
Баланың жоғалғаны туралы хабар түскеннен кейін Абай облысының криминалдық полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын бастаған. Тәртіп сақшылары жасөспірімнің баруы мүмкін мекенжайларды тексеріп, оның байланыстарын және жақын туыстарының тұрғылықты жерлерін анықтаған. Нәтижесінде үш күнге созылған іздестіру жұмыстары сәтті аяқталды.
Абай облыстық Полиция департаменті баланың бұған дейін де үйінен өз бетінше кету жағдайлары болғанын мәлімдеді. Осыған байланысты мәселе кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына қайта ұсынылады.
«Мамандар баланың тұрмыс жағдайын, отбасындағы қарым-қатынасты бағалап, оған және ата-анасына қандай көмек қажет екенін анықтайды. Негіздер болған жағдайда заңды өкілдерінің жауапкершілігі туралы мәселе қаралады», – деп хабарлады полиция.