Ақтөбеде 27 жастағы әйел адам таксиде босанып қалды

/
Ақтөбеде 27 жастағы әйел адам таксиде босанып қалды
Tengrinews.kz

Ақтөбе облысында 27 жастағы әйел перзентханаға жетпей, такси ішінде босанып қалды. Үшінші сәбиін дүниеге әкелген Назерке Ғылымова күтпеген жағдайға қарамастан, жүргізушіні сабырға шақырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Tengri Life басылымының жазуынша, оқиға 2 қараша күні болған. Бестамақ ауылының тұрғыны Назерке Ғылымова таңертең дәрігерге қаралу үшін Ақтөбеге жолға шыққан.

Әйелдің айтуынша, босанатын мерзімі 1-3 қараша аралығына белгіленген. Алайда бұған дейінгі екі баласын да мерзімінен кеш босанғандықтан, бұл жолы да перзентханаға асықпаған. Түнде толғаққа ұқсас ауырсыну сезілгенімен, ол аса қатты болмаған. Таңертең балаларын мектеп пен балабақшаға апарып, содан кейін ғана ауруханаға баруға шешім қабылдаған.

Назеркенің сөзінше, таңғы сағат сегізге қарай толғағы жиілей бастаған. Соған қарамастан ол босану уақыты әлі келмеген шығар деп ойлаған.

"Барып көрінейін, тексерсін деп ойладым. Егер босануға әлі ерте болса, үйге қайтарады деп шештім. Көйлек пен орамал ала салдым", – дейді әйел.

Ол Бестамақ ауылынан Ақтөбеге такси шақырған. Көлік жүргізушісі Рысқали есімді жергілікті тұрғын болған. Жолда әйелдің толғағы күшейген. Алайда жүргізушіні алаңдатпау үшін ауырсынғанын білдірмеуге тырысқан.

"Рөлде жасы үлкен кісі болғандықтан, қатты ыңғайсыздандым. Айғайламауға тырыстым. Ол менен ауырып тұрсың ба деп сұрады, өзі көзін жолдан алмайды, мені ауруханаға жеткізуге асыққаны көрініп тұрды", – деп еске алды Назерке.

Көлік Ақтөбе қаласына кірген кезде әйелдің толғағы күшейіп, босану процесі басталған. Таңғы сағат 08:30 шамасында, перзентханаға жетуге 15 минуттай уақыт қалғанда, Назерке такси ішінде ұл баланы дүниеге әкелген.

"Қалаға кіргенде толғақ қысты. Қатты қорықтым. Баламның неге сонша асыққанын білмеймін, бірақ дүниеге келе сала дауыстап жылап жіберді. Жүргізуші баланың жылағанын естіп, жалт қарап, шошып кетті", – дейді жас ана.

Күтпеген жағдайдан жүргізуші абдырап қалғанымен, әйел оны сабырға шақырған.

"Мен күліп жіберіп: "Босанып қойдым, енді асықпасаңыз болады" дедім. Ал ол әлі де ауруханаға тез жетпек болды", – деп еске алды Назерке.

Сәби дүниеге келгеннен кейін Назерке жедел жәрдем қызметіне хабарласқан. Дәрігерлер жүргізушіге көлікті тоқтатып, медициналық бригаданы күтуге кеңес берген.

Оқиға орнына Ақтөбедегі №29 жедел жәрдем бригадасының фельдшерлері Әли мен Роман жеткен. Медицина қызметкерлері ана мен нәрестеге алғашқы көмек көрсетіп, оларды жақын маңдағы ауруханаға жеткізген.

Назеркенің айтуынша, өзі бастапқыда облыстық перинаталдық орталыққа барғысы келген. Алайда дәрігерлер ана мен баланың қауіпсіздігі үшін жақын орналасқан медициналық мекемеге жеткізуді жөн көрген. Жас ана осы жағдайды да әзілмен қабылдағанын айтты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар