Қазақстандағы жекеменшік білім беру – бизнес пе, әлеуметтік бастама ма, әлде оны құрған жандардың жеке миссиясы ма? Осы және өзге де маңызды сұрақтарға қатысты TURKISTAN басылымына BI Education бас директоры Мәди Каргиннің пікірін білген едік.
– Елімізде сұранысқа ие трендтердің бірі – жекеменшік мектептердің көбеюі. Олардың негізін қалаушылар үшін бұл бизнес пе, әлде әлеуметтік жоба ма?
– Мемлекеттік мектептердегі орын тапшылығы – бүкіл ел үшін күрделі мәселе. Осыған байланысты BI Group тек мектеп ғимараттарын салумен шектелмей, білім беру саласындағы қажеттіліктерді де қамтамасыз етуді мақсат етті. Жалпы, жекеменшік мектеп – тез пайда әкелетін бизнес емес: оның өзін-өзі ақтау мерзімі шамамен он жылға дейін созылады. Сондықтан көп жағдайда мұндай жобалар қаржылық табыстан гөрі әлеуметтік жауапкершілікке жақын.

Алматы мен Астана секілді ірі қалаларда нарық бәсекеге толы. Сондықтан халықаралық стандарттар мен мектеп философиясы ерекше маңызға ие. Мәселен, RIVIERA International School бастауыш (IB PYP), негізгі (IB MYP) және жоғары сыныптарға арналған (IB DP) халықаралық IB бағдарламалары бойынша аккредитациядан өтті. QuantumSTEM School да бастауыш білім беру бойынша IB PYP бағдарламасын енгізді.
– Білімге салған инвестиция бірден пайда әкелмейді дедіңіз, бірақ соған қарамастан жаңа мектептер көптеп ашылып жатыр. Бүның себебі неде?
– Соңғы жылдары нарыққа кіру жеңілдеп, «үй жанындағы» шағын мектептер көбейді. Оларды көбіне тәжірибелі басқарушылар мен педагогикалық ұжымдар ашады. Дегенмен, 2026 жылдан бастап талаптар күшейіп, лицензия беру тәртібі қатаңдай түсті. Жаңа мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруге мораторий енгізілді. Яғни, білім саласына оңай кіру кезеңі аяқталып, кәсіби басқарушылар дәуірі басталып келеді.

– Жекеменшік білім беру кәсібі әлі де элиталық сипатта ма, әлде қолжетімді бола бастады ма? Жекеменшік мектептердің көптеп ашылу себебі неде деп ойлайсыз?
– Қазір елімізде 870 жекеменшік мектеп тіркелген, бұл барлық мектептердің шамамен 10 пайызын құрайды. Онда жалпы мектептерде оқитын 3,5 миллион оқушының 350 мыңы білім алады. Демек, бұл сектордың үлесі әлі де шағын.
Сонымен қатар нарық айтарлықтай өзгерді, элиталық сегмент сақталғанымен, орташа деңгейдегі мектептер көбейді. Мұндай оқу орындары аралас қаржыландыру арқылы қолжетімді баға ұсынады. Әсіресе, бала санына қарай қаржы алатын мектептер көп отбасы үшін мемлекеттік мектепке баламаға айналды. Осыған BINOM инновациялық мектептері – ерекше мысал. Олар тегін білім береді әрі сапасы өте жоғары. 2025 жылғы PISA for Schools зерттеуінде BINOM мектептері жоғары нәтиже көрсетті. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM мектебі математикалық сауаттылық бойынша 518 балл жинап, әлемдік деңгейге жақындады. Түлектердің басым бөлігі грантқа түссе, 58 оқушы Назарбаев Университетіне қабылданған, ал әр бесінші түлек шетелде білімін жалғастыруда. BINOM жобасы сапалы білімнің қолжетімді болуы мүмкін екенін дәлелдейді.
– Біз әдетте әлемдік стандарттарға көз тігеміз. Осы ретте Қазақстандағы жекеменшік білім беру саласы әлемдік стандарттарға сай ма?
– Бұл сегмент біркелкі емес. Кейбір мектептер халықаралық деңгейге толық сәйкес келеді, алайда жүйелі мәселелер де бар, білікті мұғалімдердің тапшылығы, сапаны басқарудың әлсіздігі және академиялық адалдық мәселелері.
BINOM жобасында біз басқарудың сапалы білім беру жүйесіне негізделген тиімді модельін қалыптастырдық. Жақын арада алғашқы BINOM мектебі мемлекеттік басқаруға беріледі. BI Group бұл жобаны жоғары нәтижелермен аяқтап отыр: PISA көрсеткіштері, ҰБТ балдары, ата-аналардың қанағаттануы – барлығы жоғары деңгейде. Бұл – 2021 жылдан бергі мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің табысты үлгісі.
RIVIERA International School, QUANTUM STEM School, QUANTUM TECH School (Астана), сондай-ақ Атырау мен Шымкенттегі FARABI International School халықаралық IB және Cambridge стандарттары бойынша жұмыс істейді, шетелдік және отандық үздік педагогтарды тартады.

Сонымен бірге нарықтың басым бөлігін шағын мектептер құрайды. Негізгі мәселенің бірі – кәсіби мектеп менеджментінің жетіспеуі. Кейде инвесторлар педагогикалық тәжірибесіз мектеп басқаруға тырысады. Сондықтан BI Education арнайы басқарушы компания құруда. Қатаң стандарттарсыз мектеп жай ғана қымбат ғимаратқа айналып кетуі мүмкін.
Оқушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Осы мақсатта Smart Campus жүйесі енгізілуде: бейнебақылау, эмоцияны талдау, дауыстық аналитика арқылы ықтимал қауіптер мен оқу сапасы бақыланады.
– Қазіргі негізгі трендтер қандай?
– Әлемде де, Қазақстанда да мұғалім тапшылығы күшейіп келеді. ЮНЕСКО дерегі бойынша, бұл мәселе 2030 жылға қарай ушыға түседі. Елімізде жыл сайын 14 мың педагог түлегі шыққанымен, тәжірибе жинау уақытты талап етеді. Қазір кадр тұрақсыздығы шамамен 20 пайызды құрайды.
Тағы бір маңызды бағыт – жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу. Сонымен қатар білім сапасына деген көзқарас өзгеріп келеді: енді тек академиялық нәтиже емес, баланың эмоциялық жағдайы, сыни ойлау қабілеті мен коммуникация да маңызды.

– Farabi мектептері туралы не айтасыз?
– Атырау мен Шымкенттегі алғашқы мектептер былтыр ашылды. Олар толыққанды жұмыс істеп тұр. Инфрақұрылымы заманауи: зертханалар, спорт залдары, шығармашылық және AI кеңістіктері бар. Оқыту үш тілде жүргізіледі, бағдарламалар қатарында AP және IB PYP бар.
Мұндай мектептерді салу – қомақты инвестицияны қажет етеді. Біз қаржыны негізінен инфрақұрылымға жұмсадық: STEM зертханаларынан бастап, қолөнер шеберханаларына дейін толық жабдықтадық. Бұл – Қазақстанда әлемдік деңгейдегі білім беру жүйесін қалыптастыру үшін жасалған қадам.
Алғашқы қабылдау 2025 жылы басталды. Көптеген дарынды балалар, соның ішінде әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардан шыққан оқушылар гранттар арқылы тегін немесе жеңілдікпен білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Наурызбек САРША